Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ал сол Плеваконың нағашысы Жанша Досмағамбетов те кезінде аты күллі Сібір жұртына тараған айтулы адвокат еді. Жарықтық Жанша Тұрарға өткен-кеткен хикаясын айтып отырып:
– Білесің бе, Тұрар, бірінші рет сот алдында жаламен айыпталған адамды қорғауға барғанымда, үстімде фрак та жоқ еді. Ал сотқа адвокаттың фраксыз баруы – ісінің теріс кетуімен бірдей. Бірақ мен сол процесті жеңіп шығып, алғашқы қаламақыма фрак сатып алдым, - дер еді.
Сөйткен Жанша Досмағамбетовтің өзіне қазір адвокат керек. Әрине, бұлар енді бұрынғы жарасының аузын тырнап қанатады. Әрине, «Алаш» дейді. Сен соның көсемісің дейді. «Алаш» алдақашан кешірілгенін, Лениннің өзі оған кешірім жасағанын есепке алмайды. Әлде есепке алар ма екен? Тәрізі жаман, алмайды - ау. Әйтпесе, Жаншаға бұрын да сот болғанын, одан ақталғанын бұлар білмей отырған жок қой. Тегіннен тегін қайтадан ұстамайды ғой.
Рысқұлов сонда, тақыр тақта үстінде жатып, баяғы Орынбордың кешін еске алды. Жаншаның жұпыны құжырасы еді. Қызарып барып, күн батқан кеш болатын. Жанша мен Ольга қосылып, «Вечерний звон» - «Кешкі қоңырауды» айтқан іңір шақ. Армандар айдынында жүзген қос аққу. Жұптары жазылмастай еді. «Қозы Көрпеш, Баяндай бір молада өлсем - ау» деген ән осыларға бағышталған сияқты еді.
Ақыры жұптары жазылыпты. Сыңарынан айырылған Ольга Константиновна тас қапастағы Жаншаны көруге келіпті. Жолықтырмапты. Қос аққу бірі жазым болса, екіншісі де - құсадан өледі деуші еді. Қос аққу. Жанша мен Ольга. Бірін-бірі аймаламаса отыра алмаушы еді. Енді қайтпек? Енді не болады? Тәңірі ісі - тәлкек.
Тәңірі ісі - тәлкек. Адамның басы - Алланың добы. Қалай тебеді, солай домалайды. Әйтпесе, бірін-бірі алақанына салып отырғандарды ажыратып несі бар?
Мүмкін, Тәңірге тиіспеу керек шығар. Дүниені бүлдіріп жатқам Тәңірінің тәрбиесінен шығып, құдайсыз болып кеткен адамдар болар. Ал ондайларға: «Тәйт, малғұн!» - деуге жарамаса, Тәңірінің құдіреті қайда? Әділет аттаған, қиянат қылған қара жүректерді неге тәубаға келтірмейді?
Мүмкін, жәбір көрген жанға Тәңірі қуат берер, көкірегіне нұр себелетіп; отты тіл, орақ ауыз беріп, өзін-өзі ақтауына септесер?
Жанша Досмағамбетов, талай жазықсыздарды жазадан аман алып шыққан айтулы шешен, айбарлы адвокат - Жанша Досмағамбетов өзін - өзі қорғап шығар?
Омбыда ол баяғыда кінәсіз қараланған орыс әйелін сотта арашалап сөз сөйлегенде, жұрттың бәрі, тіпті соттың өзі де солқылдап жылаған деседі. Айдаладағы әлдебір әйелді солай жанын салып қорғағанда, Жанша Досмағамбетов өз басына тажал төнгенде, өзін-өзі қалай қорғамас екен? Сөз береді ғой, сөйлейтін болар. Бірақ мына Жоғарғы соттың Әскери Коллегиясының бастығы, бас сот Ульрих. Жанша Досмағамбетов өзін - өзі қорғап сөйлегенде, сол Ульрих солқылдап жылай қояр ма екен? Әне, мәселе қайда? Бас айыптаушы, яғни бас прокурор Вышинский жүрегі елжіреп, көңілі босай қояр ма екен?
Ульрихте, Вышинский де анадан, адамнан туған. Анадан жаңа туғанда адамдардың бәрі бірдей. Мүмкін, адамның анасы заманы шығар. Заман қалай қақпайлайды, солай қарай қайырылып, ықтияры өзінде болмай сорлай ма екен?
Заманына қарай қоғамы болар ма? Адамдар коғамы. Қоғам - тобыр ма? Сиыр да тобыр, кой да тобыр. Бір табын сиырды ұзын қамшылы бір адам жат десе жусатады, тұр десе өргізеді. Оның аты бақташы. Мәселе - бақташыда.
«Дүние бір қисық жол бұраңдаған» деуші еді Рысқұл марқұм. Сол жол бұралаңдап жүріп, Ольга Константиновна мен Әзизаны біріктіріп, түрменің терезесіне үңілдіріпті. Үңіліп күйеулерін іздейді. Күйеулер көрінбейді. Көрсетпейді. Жолатпайды. Ольга Әзизаға жол көрсеткен болды ғой. Мұндай сұмдықты туасы көрмеген Әзиза байғұс, әйтпесе, өз бетінше Лубянкаға жол таба ала ма?