Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Демек алты күн сізге аз болған. Адам өзінің жағдайын түсініп - білу үшін алты күн жеткілікті еді-ау. Сіз оптимист екенсіз. Алты күн жалғыздықта адам күйрей бастайды. Өзінің тұтқын екенін, бейшара екенін әбден сезеді. Ал сіз... рас костюміңіз ұйпалақтаныпты, шалбардың қыры кетіпті. Сірә, тас төсек үстінде аунақши бергенсіз ғой. Жағаңыз кірлепті... Сақалыңыз...

– Жетті! - деді Рысқұлов қалшылдаңқырап.

Рысқұловты кемсітіп, намысын қорлап, жігерін жасыту үшін бір-ақ сөз жетіп жатыр. Ол -жағаң кір екен деген сөз. Баяғыда - баяғыда, Алматының түрмесінде әкесі Рысқұл екеуі жатқанда, әкесі Тұрарға:

– Тұрар! Жағанды кірлетпе! - деп ақырып қалатын.

Содан бері Конституцияны да, партия уставын да оқыды. Оқымақ тұрмақ, соларды жазуға өзі де қатысты. Бұлжытпай орындады. Бірақ солардың бәрінен биік, құдыретті Жарғы -әкесінің әлгі:

– Жағанды кірлетпе! - деген бұйрығы еді. Өмірде нелер жоқшылық, жетімдік көрсе де, содан бері көйлегінің жағасын кірлетіп көрген емес еді. Ал енді мына неме, бұған жағаң кірлепті дейді. Не деген қорлық? Демек әкесі Рысқұлдың аманат - бұйрығын бұзған болды ғой.

Тергеуші мұның бірін де білген жоқ. Бірақ қорлағанын сезді, айыпкер боп алдында отырған адамды қорлай салу ол үшін түк емес. Бұған әбден бойы үйреніп, кәдімгі әдетіне айналып кеткен. Қорлау, жәбірлеу... одан зоры, одан да сорақысы жетіп жатыр. Рысқұловтың бетіне күлімсіреп қарап, отырып - отырып, таңдайын тақ еткізіп, басын шайқады.

– Мінезіңіз бар екен, - деді.

– Менен сіз жауап алмақшысыз ғой?

– Иә.

– Мен сізге жауап бермеймін.

– Неге?

– Жауап беруге дайын емеспін.

– Қандай дайындық керек.

– Моншаға түсіп, қырынып, таза көйлек киюім керек. Үсті - басымды жөндеуім керек.

– Сөйлейтін сіздің көйлегіңіз емес, тіліңіз ғой.

– Жаңа ғана мені кемсіттіңіз, қорсынып отырып жауап бере алмаймын.

Нейман адыраңдап қалған әкіреңбай болмаса керек, ойланып қалды. Содан соң қоңырауды басып жіберіп:

– Барсуков! - деді. Барсуков жетіп келді.

– Тұтқынды жақсылап моншаға түсіріп, шаштаразға алып барып, қырындырып, таза көйлек бер. Ұқтың ба? Тез орында.

– Құп болады!

***

Арада бір сағат шамасы өткенде Барсуков тұтқынды қайтып алып келді. Нейман аңқиды да қалды: қарсы алдында мүлде басқа адам тұр. Керіскедей келісті, қара шевиот костюмі де зауыттан жаңа шыққандай. Көйлегінің жағасы аппақ. Тек галстугі жоқ. Жетпей тұрған бір ғана деталь. Егер галстугі болса, мұны көзге тұтқын деп емес, баяғы совнарком деп елестетуге болар еді. Сонда кім тергеуші, кім айыпкер екенін ажырата да алмастай екен. «Иә, бұл қатты жаңғақ, - деді ішінен Нейман. - Әрине, өзін кінәлі санамайды. Өзін кінәлі санаса, ендігі жүні жығылып, күйбеңдеп қалар еді».

Нейман алдындағы адамның тегін емес екенін сезді. Егер алғашқы келген бетте әңгіме басталып кеткенде, бұл сөз жоқ, Рысқұловты қорлауын қоймас еді. Енді, амал жоқ, аңдысып сөйлесесің. Көз алдында бейшара тұтқын емес, кәдімгідей дәрежелі адам тұрады.

– Сонымен, қарсы болмасаңыз, жұмысымызды бастайық, - деді Нейман. - Мен сұрақ қоямын, сіз жауап бересіз. Ең алдымен шамалы ғана формализм. Фамилияңыз, атыңыз, әкеңіздің аты?

Рысқұлов: «Осы да сұрақ па?» дегендей оқыс қарады.

– Сіз шыңнан менің кім екенімді білмейсіз бе?

– Білемін. Бірақ протокол осыны талап етеді. Өз аузыңыздан шыққаны жөн.

Рысқұлов қитығыңқырап біраз отырды да, ақылға салып, майда - шүйдеге бола ерегісе бермейін деді.

– Рысқұлов Тұрар Рысқұлович.

– Туған жылыңыз, айы, күні. Туған жеріңіз?

Нейман ақ қағазға Рысқұловтың аузынан шыққан сөзді қақшып алып, жазып отыр. Шапшаң жазады екен.

– 1894 жыл, 26-желтоқсан. Верный уезі, Шығыс - Талғар болысы, Тау - Шілмембет ауылы.

– Ұлтыңыз?

– Қазақ.

– Шыққан тегіңіз?

– Кедей шаруа.

– Төңкеріске дейінгі кәсібіңіз.

– Жұмысшы. Бағбан.

– Төңкерістен кейін?

– Қызметкер.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий