Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бір жолы Ольга Константиновна Ескендірге матрос көйлек кигізді. Өздері жалақысы аз, кембағал адамдар «өкіметтің» баласына көйлек сыйлағаны жараса ма, жараспай ма, бірақ матрос форма Ескендірді қызықтырушы - ақ еді. Қуанып кетті.
– Нарком әкеңнен байғазы сұра, - деп қалды Ольга, Ескендірдің үстіне құйып қойғандай жараса кеткен матросканы сипап тұрып. Онысына Ескендір аса түсіне алған жоқ. Тек Жанша Досмағамбетов:
– Оля, үлкендердің ісіне баланын қанша қатысы бар? - деп күстаналағандай болды.
Сіңлісінен ажырасқалы бері, Ольга Константиновна Рысқұловты ұнатпайтын. Мұнысы заңды да шығар. Бірақ «ерлі - зайыптының арасына есі кеткен түседі» дегендей, Надя мен Тұрардың тұзының жараспағанына кім кінәлі? Ол енді екі адамның өзі ісі. Айналып келгенде, жазмыш солай. Әйтпесе, соноу жиырма екінші жылы, қызыл Түркістанның басшысы Тұрар Рысқұлов, Орынбордағы «алаш» көсемі Жанша Досмағамбетовтың үйіне қалай тап болған? Жол-жөнекей Наденькамен қалай тағдырласқан?
Осының бәрінде жұмбағы көп өмір жатыр. Біз құмырсқа тіршілігінен не білеміз? Адамдардың да қым - қуыт, қыбыр - жыбыр күйбеңінен аңғарып жатқанымыз аз. Адам жанынан хабарымыз бар ма? Дүниедегі қасірет атаулы сол адам жанының құпиялылығында жатқан жоқ па екен...
Міне, тағдыр шіркін тарының қауызындай тар пәтерге әкеліп, Рысқұловтың бұрынғы әйелі мен соңғы әйелін түйістірді. Бұрынғы әйелі Софья - Соня дейтін қызымен біржарым бөлмелік пәтерде тұрғанда, соңғы әйелі Әзиза алты бөлмелі ақ ордада өмір сүріп жатты. Бір күннің ішінде қара дауыл ақ орданы құлатты да, Әзиза бұта паналаған торғайдай, Надяның тар құжырасына келіп тығылды.
Сол Әзизаны енді күндесі Надяның өз сіңлісіндей қағып - баққаны адам баласы таңғаларлық іс.
– Байғұс-ау, ай - күніңе жетіп қалған екенсің ғой? Енді қиналып, қобалжи берме. Ішіндегі нәрестеге обал болады. Тыныштал, - деп Әзизаны жуындырып - шайындырып, астына жұмсақ төсек салып, алдына дәмді ас қойды. Одан Әзизаның жаны тынши қойған жоқ:
– Лубянкаға барып қайтамын, - деп тыпыршыды.
– Лубянка саған құшағын айқара ашып тұрған жоқ. Құрсағындағы балаға тыныштық бер, -деп Надя басу айтты.
– Сонда артынан іздер - сұрары жоқ бейшара болғаны ма Тұрардың? - Әзиза қайтадан қамыға бастап еді, күндесі:
– Енді Тұрарға бір Құдайдан басқа ешкім де көмектесе алмайды, - деп күрсінді. - Ойлап қалма, мен Тұрарға қысастық жасап отыр екен деп. Бірақ мен білетін болсам, бұл істе екеуміздің қолымыздан түк те келмейді.
– Сонда не, адамдардың бәрі қатыгез болып кетті ме? Кеше ғана Тұрар, Тұрар деп жүретін Ворошилов қайда? Молотов қайда? Әрі-беріден кейін Тұрардың ұсталғанын Сталин біле ме екен өзі, әй, білмейді - ау, білсе - босаттырар еді. Жок, мен ізденемін, барамын, - деп Әзиза байыз таппады.
– Өзің біл, бірақ баланы өлтіріп аласың, зорыға берме.
– Бір қора жанды үйден шығарып тастағаны мынау... Ол үйдің мүлкі қайда?
– Қой, қызым, бас аман болса, дүниесі садаға, - деп шешесі Әрифа басу айтты. - Тұрар аман құтылса, дүние қайда кетер дейсің? Ал Тұрардың ісі шынымен қиындаса, расында да, бір қора жан қайда барып қорғалаймыз? Надя бізді қашанғы күтеді? Алматыға қайту керек пе? Білмеймін, қызым, қартайғанда мұндай сұмдық көрсет деп тілемедім Құдайдан.
– Апа, көңіл жетсе, орын жетеді. Мен сіздерді ауырсынады деп ойлап қалмаңыз, - деп ықылас айтты Надя.
***
Тәңірі туғаннан сала ма, тумағаннан сала ма - бұ да жарық дүниенің бір құпиясы. Бәлесі жұғады, аулақ, аулақ десе, Надяға кім кінә қоя алар еді? Адам жанына үңіліп көр де таң қала бер.
Жамандық жалғыз жүрмейді, жұт жеті ағайынды деген рас екен. Надя үйінің қоңырауы шырылдады. Есік ашылғанда ар жағынан:
– Наденька, жан дегенде жалғыз бауырым! - деп шашы бурыл тартқан, сұңғақ бойлы, сыры кетсе де сыны кетпеген, ажарлы Ольга Константиновна кіріп келді. - Жаншадан тағы айырылдым. «Қара қарғаға» салып алып кетті.