Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алдыңғы пойыздың «вагонзагінен» түскен Рысқұлов, жап - жарық сәулеге көзі қарығып, жарық сәуледен шошынғандай, жанарын қолымен баса калды. Сонда барып көзілдіріксіз екені есіне түсті. Қараңғыда көзілдіріктің түкке керегі жоқ екен.

Жарық әлемді жатырқау қас-қағым сәтке ғана созылды. «Вагонзактан» түсе салысымен, айдауылдар оны перрон жиегінде әзір тұрған қара машинаға тықты да жіберді. Қара машинаның іші қараңғы екен. Көзі жай тапқандай болды. Орыстар «черный ворон» деп атап кеткен машинаның артқы есігі кайта ашылды да жарық сәуле жанталаса, әлдекіммен бірге таласа-тармаса жарқ етті де, есік тарс жабылып, қайтадан түнек түсті. Мұнда терезе деген болмайды екен.

Әлгі соңғы кірген Қорықмасов - ау деп шамалады Рысқұлов. Енді оқталып, өзінен хабар берейін деп еді, соны сезіп қойғандай, қарауыл:

– Не разговаривать! - деп бұйыра шолақ қайырды.

Кай көшемен қайда келе жатқаны белгісіз. Дүние - дүние ме, әлде, жансыз қуыс па -белгісіз? Рысқұлов әуелі осы өзім бармын ба дегендей, кісенсіз бос қолымен бет-аузын сипалап еді, тікенектей болып сақал өсіпті. Бұрынғы бармақ мұртының айналасы да тікірейіп, тікен шыққандай екен. Кішкентай Сәуле әкесінің алдында отырып, бет-аузын сипалап, бармақ мұртты саусағымен түртіп көріп: «Ой!» - деп қолын лезде тартып алып, ішек - сілесі қата, сыңғыр - сыңғыр күлуші еді... Енді көрсе... қорқып кететін шығар. Енді көрсе...

***

Келесі пойыз түнделетіп келді. Әзиза зілдей шамаданды сүйрелеп жүріп, таксиге отырып, үйіне тартты. Таксидің шопырына:

– Орталық. Ногин бульвары, 25, - деді.

Өз үйі, өз ұясы. Үй толы жан. Кейде шаршайтын. Бірақ аз күн аулақта жүріп, сағынып қалыпты. Такси үйге жақындаған сайын жүрегі лүпілдей түсті. Құдайдан: «Тұрар үйде отырса екен» деп тіледі. Шіркін-ай, қазір бұл үшінші қабатқа көтеріліп, № 48 пәтер қонырауының түймесін басқанда есік ашылып кеп кетіп... алдынан Тұрар шыға келсе... Бұл мойнынан құшақтап тұрып, солығын баса алмай еңкілдеп бір жыласа... Кішкентай Сәуле: «Мама!» - деп титтей саусағын шошайтып, бұған қарай жортақтап жүгірсе... Қызын бауырына басып, омырауын көз жасымен қол қылса... «Неге жылайсың?» - деп әділетсіздіктен, үлкендердің үрейлі өмірінен бейхабар сәби состиып таң қалса... Анасы Эрифа: «И - й, қызем, жылама, бәрі де өтті-кетті. Қаһар суққаннар Тұрарны напрасно арестовать иткәннар. Инде извинение сұрадылар», - деп тұрса... Ескендір, Рәшид, Шәміл, Әли - бәрі-бәрі мұны қоршап алып, құшақтаса... Содан бәрі де улап-шулап, дастарқан басына отырып, Әрифаның шәк - шәгімен рахаттанып, шәй ішсе... Бұл сонда күйеуіне қарап: - Тұрар - ау, не болды, айтсаңшы, дес.е. Тұрар сүйкімді күліп отырып: - Е, бір оңбағандар үстімнен арыз жазыпты. Мен Ежов арқылы Сталинмен бір ауыз сөйлесуім мұң екен, Ежов: жаңылдық, жаздық, кешіре гөр, - деп босатып жіберді десе... Бұл: - Голощекин қақбас емес пе? - деп сұраса, Тұрар: - Е, о да бар, басқалары да қарап жатпапты, Қазақстаннан да табылыпты десе...

О, дүние-ай... Арман - қиял не демейді? Айтқанындай, үшінші қабатқа да көтерілді. Жүрегі түскір жүрек емес, асау аттың тұяғындай, мұның кеудесін дүрс-дүрс тепкілейді. Алқына түсіп, ағараңдап әрең көрінген түймені басты... үн жоқ. Баж-баж еткізіп қатарынан қайта-қайта басты. Үн жоқ. Тырс еткен жан жоқ. Подъездің жайшылықта жарқырап тұратын шамы да кілмиіп қалыпты. Енді барып байқады: есіктің құлпы тұсынан тілдей - тілдей қағазды айқыш - ұйқыш крештей жапсырып, мөрлеп тастапты. Жүрегі мұ – ұ - ұз болып, құйқасы шымырлап барып, екі тізесі өзінен-өзі бүгіліп, бүк түсті де қалды...

...Қанша уақыт өткенін білмейді, есі кірсе керек, көзін ашса, екі милиционер мұның бетіне үңіліп қарап түр екен.

– Менің үйім қайда? - деді үні шығар-шықпас.

– Бұл үйге мөр басылған. Ашуға болмайды, - деді бір милиционер.

– Менің балаларым, кәрі анам қайда?

– Олар, сірә, таныстарыңыздың үйінде болар.

– Менің күйеуім қайда?

– Күйеуіңіз тергеуде.

– Ол қай жерде?

– Ішкі түрмеде.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий