Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Әрине, тұтқын өзінен сон, ең жақын адамдарын ойлайды. Айдалада жападан-жалғыз қалып қалған Әзизасын ойлағанда, өзегі өртеніп, демігіп, ауа жетпей алқына бастайды. Өмірі қиыншылық көрмеген жас келіншек басынан қандай хал кешіп отыр екен? Пойызға билет ала алды ма екен? Әлдекімдер жәбірлеп, қорламаса игі еді. Үлкен үрей. Ойша неше саққа сандалуға болады. Сөйте-сөйте адам ойы ой мен қырды кезіп жүріп, бір сәтке қайғы-қасіретті ұмыттырып, жасыл жайлау, жайдарман елге де жеткізеді... Әзизамен алғаш қалай кездескені есіне түседі...
Сол жылы Әзиза Көкшетауда практикада жүр екен. Мұхамеджан Тынышбаев ақылға кенен кісі ғой. Түрксібті салу Комитетінің бастығы Рысқұлов болғанда, бас инженер Тынышбаев. Голощекин Тынышбаевты жолатқысы келмеген. Алаш Орда дейді, советке жау дейді, күні кеше Қоқан автономиясын басқарған дейді. Сылтау көп. Рысқұлов оған: қолынан іс келетін буржуазиялық интеллигенцияны Кеңес ісіне тарту керек деп Ленин өзі айтқан. Сен, Голощекин, немене Лениннен әулиесін бе? Түрксібке Кеңес үкіметі атынан жауап беретін мен. Сондықтан, кіммен жұмыс істесем - өзім шешемін. Бас инженер Тынышбаев болады! - деп шорт кескен.
Сөйтіп, Түрксіб ісі алға басып жатты. Рысқұлов Мәскеуден Алматыға келгенде, үкімет үйіне түспей, Тынышбаевтың үйіне түседі. Онысы республика басшыларына ұнамайды. Астыртын ОГПУ аңдиды. Рысқұловтың жүрген – тұрғаны, қайда барғаны, кіммен сөйлескені - бәрі аңдулы. Аңдыса - аңди берсін. Рысқұлов жаудың ісін істеп жүрген жоқ. Сондықтан жүріс - тұрысы еркін, жүзі жарқын. Бір күні шәй үстінде Мұхамеджан Тынышбаев:
– Ал, Тұрар, құлақ салсаң, бір сөз айтайын, - дейді.
– Айтыңыз, Мұха, - дейді Рысқұлов інілік ізет сақтап.
– Айтсам, ер жігіттің қосы түзелмей, ісі түзелмейді. Сенде бәрі бар: Құдай берген ақыл-ой, таудай талант, биік мансап - бәрі жетеді. Бірақ мен Мәскеуге жолым түскенде, Рысқұловтың үйін көрейінші деп бара алмаймын. Неге? Сенде отан жоқ. Отан - от басы, ошақ қасы. Мың жерден өкімет болғаныңмен, дос - жараның жарқылдап отырып, шәй ішетін үйің болмаса - бәрі бекер. Бәлкім, бүл европалықтарға жарасатын шығар. Ал біз азиатпыз, оның ішінде қазақпыз. Меймансыз қай қазақты керіп едің?.. Мұның бәрін айтып отырғаным: орыстан ала - ала болдың ғой, енді бір қазақ қызына үйлен. Ақыры ана Надежда маржаңмен жұлдызың жараспай, бөлек тұрады екенсіңдер.
Рысқұловтың қабағы түксиіңкіреді. Жақтырмай қалды. Ішінен орысшалап: «Вот лезет в твою душу, как в свой собственный карман» деп қойды.
– Бұл енді, Мұха, әр азаматтың өз ісі, - деді.
– Өзің біл, Тұрар, біздікі достық ықылас, - деп Тынышбаевтың да көңілі қалып қалғандай болды.
Рысқұлов та сезімтал, жақсы ағаның жанашырлық пікіріне ілтипатпен құлақ салған жөн еді, ренжітіп алдым - ау деп іштей қынжылды да:
– Қыз айттыратын қыршын жастан өтіп кеттік қой, Мұха, - деп жұмсарды.
– Тек! - деді Тынышбаев. - Саған тиген қазақтың қызы Құдайына боз қасқа атар. Өзін емеурін танытсаң болғаны. Ар жағын бізге сал.
– Оу, Мұха, сонда сіз - Шеге, мен - Төлеген болып ел аралап, қыз таңдаймыз ба? - деп күлді Рысқұлов.
– О жағынан қам жеме, Тұрар. Осы Алматыда, біздің бір танысымыздың Ай мен Күндей қызы бар. Оқыған, зиялы отбасы. Қыздың әкесі кезінде Қазанда оқыған, түбі мына Ұзынағаштан шыққан, Айқым - Шапырашты Түбек Есенқұлов деген кісі. Ал қыздың шешесі Әрифа деген татар қызы.
– Сірә, Қазаннан алып қайтқан ғой?