Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Аяғыңдағы етігің тар болса, дүниенің кеңдігінен не пайда? Деген ғой бұрынғылар. Дана ғой, шіркін. Аяқ киім қысса, қан тамырлары жаншылып, қан жүрмей тырсылдап, аяқтан жан кете бастайды екен де, шыбының шырқырап қоя береді екен. Бұрын қыспаған туфли, енді неге сыймай қалғанына Рысқұловтың ақылы жетпей – ақ қойды. Құдайдың бұл қай қысастығы? Сыймайды, тепкіледі сыймайды.
Безеу бет «бол, болдың» астына алып әкіреңдейді.
Рысқұлов кісендес серігіне:
– Пышағың бар ма? - деді.
– Рұқсат па, жолдас майор? - деп Дима бастығына қарады.
– Тоқта, өзім – ақ, - деп безеу бет Диманың белдігіндегі қыннан қанжар суырып алып, Рысқұловтың қырсық туфлиін үстінен тіліп кеп жіберді. Сонда барып сорлы аяқ туфлиге әрең сыйды. Несіне жетісіп семіре қалғанын кім білсін, сәтсіз сапарда оң аяғы ісінді де кетті
***
Әзірейіл түннің құрсау құшағында қалған Әзиза аңырап ары жылады, бері жылады. Жападан – жалғыз жылағанда пенде кімге налығады? Кім тыңдап жатыр? Кімнің жаны ашиды? Елде байы өлген қатын шашын жайып аңыраса, оған басу айтып «Өлгеннің соңынан өлмек жоқ, тірі адам тіршілігін істейді. Қой, шырағым, бекем бол!» - деп жұбатады. О да болса медеу.
Ал Тұрар әзір өлген жок, тірідей алып кетті. Кеудесін жан баласына бастырмаған, халқына қадірлі, аяулы азаматты әлдекімдер қорлап, зорлап айдады да жөнелді. Кеше ол «Махаббат пен мекерілік» дегенді қайдан шығарды? Әзәзіл аузына салды ма, не болды? Енді сол махаббат жолында құрбан болған жігіт Тұрар сияқты көрінді де, опасыздықпен тірі қалып қалған Әзиза өзі сияқтанып, осы ой көкейінен кетпей, жанын жегідей жей берді.
Тұрар тұтқын болып, өзі бостандықта қалып қойғаны мекерілік, опасыздық сынды бірдеңе емес пе деп, өзінен-өзі жиіркенді. Неде болса, бірге кету керек еді? Жендеттер бір-екі рет жекіп, көкірегімнен итерді екен деп, жігерім жасып қала бергенім қалай болды? Рас, Тұрар тірі кетті, кебін киіп кеткен жоқ, кебенек киіп кетті. Бірақ мінезі шарт, тіктеу еді, әлгі жендеттердің қорлауына төзбей, қарсы келсе, ана безеу бет атып тастай салудан тайынбайтын нойыс көрінеді. Атып тастап, оны Тұрардың өзіне жаба салу қиын емес. Қашып кетпекші болды, содан соң амалсыз аттық десе, үлкен жендеттер үндемей, құптай салуы да мүмкін ғой.
Осы ой басына келуі мұң екен, Әзиза егіліп отыра бергенін қойып, дүр сілкініп, орнынан атып тұрып, далаға жүгіріп шығып, вокзал жаққа тұра ұмтылды. Тас көшеде кетіп бара жатып:
– Тұрар! - деп айқай салды.
Қос өкпесін қолына алып, алба - дұлба болып, алқын - жұлқын жетіп келсе, Мәскеудің пойызы кетіп қалыпты. Мәлімет бюросы солай деді.
– Тұтқынды да алып кетті ме? - деп сұрады Әзиза.
– Қайдағы тұтқын? - деді мәліметші әйел түсінбей. Әзиза не айтарын білмей тосылып қалды.
– Тұрар Рысқұлов, - деді мүмкін білетін шығар деген үмітпен. Мәліметші әйел мынаның есі дұрыс па өзі дегендей тандана қарады да, бюроның терезесін тарс жапты.
Солай, Әзиза Түбекқызы, енді алдыңнан терезелер, есіктер осылай тарс-тарс жабыла береді. Көнесің. Басқа түссе - баспақшыл деген осы. Совнаркомның әйелімін деген кердеңіңді енді ешкім көтермейді. Келеке боласың. «Халық жауының қатыны» деген жаманат жабысар. Сыртыңнан саусақтарын шошайтар. Кеше ғана бақытты едің, бүгін сорлап қалдың. Бақ пен сордың арасы - бір-ақ қадам. Үстіңгі ерніңмен көк тіреп, астыңғы ерніңмен жер тіреп, шылымыңды күннің көзінен тұтатып алсаң іл масаттанба! Сәл сәттен кейін не боларың Құдіреттің қолында.
Айнала ығы-жығы, сендей соғылысқан адам. Бұлар да Әзизадай сорлы ма екен? Бей-жай жүрген біреуі жоқ. Басында сұр шляпасы, үстінде сұр макентошы бар, көзілдірікті, бармақ мұртты кісіні көргендерің бар ма? Жанында жендеттері жүр еді, олар оны ұрып-соғып, қорлап бара жатқан жоқ па? Жарандар - ау, айналайындар - ау, көздеріңе сондай пендежан түскен жоқ па?
Ешкім бұған назар салмады. Іштей шыңғырған үнін де естімеді. Қайта қол арбамен жүк тасыған бір жаман:
– Дорогу! Брюхатая корова! - деп қорлап кетті.