Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сіңлісін құшақтап тұрып, үй толы қазақтарды көрді. Ескендірден басқасын танымаса да шамалады.
– Тұрар да ма? - деп айқайлап жіберді.
– Иә, Тұрарды да ұстады. Курортта жүрген жерінен. Ана кісі - енесі, анау ай - күніне, әне-міне босанайын деп отырған - әйелі.
Ештеңеге түсінбей әркімге бір жаутаң-жаутаң қарап, шешесінің қолтығына тығылып тұрған Сәуле...
– Апыр-ау, ақырзаман келген шығар, - деді Ольга Константиновна аққұба өңі сұрланып. -Менің байым «ежелгі жау», «Алаш Орда», ал нағыз большевик Рысқұловта несі бар?! Әлде «Алаш» аз болып, большевиктер өзін-өзі жей бастады ма?
Надяға қарағанда өктемдеу, өр мінезділеу кісі еді, Сталиннен бастап Ежовқа дейін біраз заһарын төгіп алды. Надя оған:
– Қой, Оля, естіп қойса... - дей беріп еді:
– Естісін, әлгінде Жаншаны әкеткенде де айттым. Әдейі айттым, - деп әпкесі дес бермей кетті. - Мені де алып кетсін деп айттым. Бірақ мені тұтқындамады, оңбағандар.
– Мына Рысқұловтар үйсіз қалды, - деді Надя жай ғана. - Сенің үйінді алып қоймаса жарар еді...
– Не деп отырсың, сорлы?! Маған енді үй не керек?! Алатын заттарын алды. Жаншаның жазбаларын, жазу машинкасына дейін алып кетті. Енді ол үйді өртеп жіберсе де болады. Май құйып өзім - ақ өртеймін де, өзім де түрмеге түсемін. Ендігі өмір маған не керек? Oh, Жанша! О, Жаһан - Шах! - деп Ольга Константиновна кенеттен аңырап ала жөнелді. Оған қосылып Әзиза жылады. Қой - қоймен әрең отыр екен, небары екі-ақ күнде пенде болып, мүсәпір халге түскенін айтып жылады. Мұндай сұмдықты көрмеген Сәуле шар-шар етіп, шошып кетті.
– Әй, баланы қорқыттыңдар, хуатит! - деп Әрифа қайратқа мінді. - Байларың әзір тірі ғой, неге жамандық шақырасыңдар, о бастарыңа көрінгірлер! - деді.
Ольга лезде тыйылып:
– Рас, бабы мы, - деді.
Ол Қазақстанның Мәскеудегі тұрақты өкілдігінде машинистка болып істеуші еді. Кеңсе жолдарынан аздап хабары бар адам. Ары-бері әңгімеден соң, тұтқындармен қалай жолығудың амалын қарастырды. Әзизаны НКВД - ға ертіп апаратын болды.
– Досмағамбетовтің түрмеге түскені бұл бір емес, талай құқайды көрген. Құдай жар болса, босанар. Ал Рысқұловтың жолы оныкінен гөрі жеңіл болса керек. Ізденейік, - деді.
– Надяның мына қуықтай үйінде күн көре алмассыңдар, менің пәтерім қаңырап бос тұр, соған көшіңдер, - деді Рысқұловтарға.
Сол екі арада Нұрбеделін ертіп, Түйметай да жетті. Бұл да тозақ отына талай түсіп, піскен адам. Аңырап жылаған да жоқ, ойбайына да басқан жоқ. Басқа түскен нәубет тас-түйіндей бекітсе керек, көңілі босаған Әзизаға:
– Әруақ - Құдай жақсылығын берсін. Әліптің артын бағайық. Жылама, кебенек киген келеді, кебін киген өледі. Тұрар кебенекпен кетті ғой, - деді.
Таяуда ғана ол жұмыс істеп жүрген тігін фабрикасы оған пәтер берген. Тұрардың панасыз қалған отбасын о да өз үйіне шақырды.
Жайшылықта бүйтіп басы қосыла бермейтін өр нәсілдің адамдарын осындай бір ауыртпалық біріктіріп, туысқаны да, туыспағаны да жан бауыр болып, қатыгез қаталдыққа қарсы тұрғандай еді.
Тасыр-тұсыр трамвай өтті. Таяудағы мектептен барабан үні естілді. Аядай үйде аспан астын кернеуге жарайтын қайғы-уайым барын сезбегендей «ең бақытты» Кеңес елінде тіршілік қыз - қыз қайнап жатты.
ТЕРГЕУ
Мәскеудің қақ ортасында, Кремльден алыс та емес, дөңестеу алаңда түксиген сұп - сұр үй тұрады. Кремльге әлдеқалай кіруін мүмкін, ал мұнда өз еркімен бейтарап бір жан кіре алмайды. Бұл үйдің есіктерінен, терезелерінен шыбынның кіріп-шығуы да мүмкін емес. Шыбын екеш шыбынға да күдікпен қарайды.
Мәскеудің қандай бір үйі болмасын, бәрінің шатырына көгершін ұя салып, емін-еркін ұшып-қонып жүреді. Бұл қалада бұл құс атаулы мәскеуліктермен бірге тіркеуге тұрған сияқты. Көгершінді ешкім жатырқамайды.