Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Ал Ленинді атқан мүлде Каплан емес. Лениннің шопыры Гильдің айтуынша, Каплан машинаның артында тұрған. Яғни, Ленинге қарама-қарсы. Каплан атса, оқ кеудеден тию керек қой. Ал екі оқтың екеуі де Ильичтің арқасынан атылған. Бұған не дейсіз?

– Е, ол енді тергеушілердің, экспертизаның, соттың ісі. Біз қайдан білейік? - деді Рысқұлов кетпекке ыңғай білдіріп.

– Вот молодец, именно тергеушілердің ісі... соттың ісі. Тергеушілерге әлі жұмыс көп, өте көп, Тұрар Рысқұлович. - Осы кезде, Голощекиннің көздері шыныдай қатты да қалды. Мұны картаң кісінің мінезіне балады да, Рысқұлов:

– Жақсы, Филипп Исаевич, сау болыңыз, - деді.

– Сау болыңыз, Тұрар Рысқұлович. - Однако, зайыбыңыз тым жас. М - м... Сау тұрыңыз. Енді кездесіп, әңгімелескенше... қашан?

– Олай демеңіз, Филипп Исаевич, күнде кездесерміз. Бір көшенің арғы беті, бергі беті, -деген болды Рысқұлов.

– Кім білген, кім білген? Жастар қарттардың мылжың әңгімесінен қашқақтап жүреді. Оның үстіне адамдар, бар болғаны адамдар ғана. Пайғамбар емес. Міне, кеш түсті, ымырт үйірілді. Ал таң атқанша не боларын пайғамбарлар да білмей қалуы мүмкін? Мысалы, мен... ұйқы жоқ. Иә, кешіріңіз жолыңыздан қалдырдым. Жолыңыз болсын, Тұрар Рысқұлович.

Рысқұловтар құтылдық па, құтылмадық па деп, аллея бойлап ұзай бергенде, арттан тағы да дауыс шықты.

– А, айтпақшы, Тұрар Рысқұлович...

Амал жоқ, бұрылуға тура келді. Қарамай кетіп қалған әдепсіздік болар еді.

– Тұрар Рысқұлович, сіз білесіз бе, сол Фанни Капланның туған сіңлісі сіздің Отаныңызда - Әулиеатада...

– Білмеймін! - деп Рысқұловтың даусы қатқыл шықты. Мұнысы дұрыс па, бұрыс па -ойланып жатқан жоқ. Бұл сөз өзінен-өзі оқыстан шығып кетті.

– А - а, - деп аңырды Голощекин. Теке сақалын ұшынан ұстап, аңтарылып тұрып, тағы да:

– Тұрар Рысқұлович, осы Рыков ұсталды деген рас па? - деп қалды.

– Оны кім айтты? - деді Рысқұлов шошыңқырап.

– Кім айтушы еді, жұрт айтады?! Қымбаттым, бұл курорт дегенің емделіп, демалатын жер ғана емес, бұл нағыз «ұзынқұлақ» ордасы.

Қазақстанды сегіз жыл билеп, үйреніп қайтқан екі-үш сөзінің біреуі «ұзынқұлақ» еді, соны қыстырды.

Әзиза Рысқұловтың жеңінен тартқылады.

– Кешіріңіз, - деді Рысқұлов бұрыла беріп.

– Оқасы жоқ, Тұрар Рысқұлович...

Голощекин Рысқұловқа соңғы рет тағы да көз қиығын салды. Кемсеңдегендей көрініп кетті.

Соңғы рет көз тастағанда, көзінде бір аяныш байқалғандай болды ма? Әлде қартаң адамдар өзін - өзі аяп, жастарға жаутаңдап қарағыш бола ма екен? Баяғыда сонау Түлкібаста, Қарақойында бір тойқана болып, жұрт боза ішіп, өлең айтып көңілді отырғанда, Оразбек кіріп келіп,маңқылдап ән саламын деп қоймапты. Сонда біреу айтқан екен: әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылда – ау деп. Сол айтқандай, әп-әдемі басталған жақсы күн еді, ойда жоқта Голощекин жолықты да, кірпияз көңіл шіркін, іріген қымырандай бұзылды да қалды.

– Құдай қайдан кездестірді, - деп қабағын шытты Әзиза үйге кіре бере. – Бұл қақбас қайда істейді өзі? Пенсиядама?

– Госарбитраж.

– О не тағы? Сот па?

– Соттың ағайыны. Қалай десем екен, айталық, екі мекеме айтысып қалды. Біріне - бірінің берешегі болады не шарт бұзылады. Әне соның төрелігін осы кісі айтады. Ол, сен ойлағандай, онша кәрі кісі емес,Сталинмен түйдей жасты. 1879 жылғы. Өзінің түрі сондай, кәрі сияқты.

Жаман қой ісегінде қартаяды деуші еді.

– Ой, сен оны қайдан білесің, - деп Рысқұлов күліп жіберді.

– Е, білмегенде ше, жаман-жақсы ветврач деген атым бар емес не? Алматыда зооветте оқып жүргенде, тәжірибені малшы ауылда өтетінбіз. Сонда естіген шығармын. Папам менімен тек қазақша сөйлесетін. Мен оған:

– Қазанда бес жыл оқып, қазақшаны қалай ұмытып қалмағансыз? - десем, ол: - Қазанда да қазақша сөйлейтіндер толып жатыр Татар тілі - туысқан тіл емес пе, - деуші еді. Содан соң, оның өзі де зоовет бітірген, мал атауларының бәрін қазақша түсіндіріп отыратын.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий