Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– И – и – и, тамаққа қарасаңдаршы, суып қалды ғой, - деп Фатима абыржыды.
– Фәке, жылдар бойы көріспей, дидарласпай, сағынысып кездескенде әңгіме де керек, -деп Жандосов әйелін тыныштандырды.
– Сағынысып жүргенде, әлгі Голощекин қақбас болмаса, біз бұлардың келген - кеткенін де білмей қалар ма едік, кім біледі, - деп Фатима бір қағытып қалды.
– Голощекинге риза болып қалған екенсің, рахмет айттың ба, - деп күлді Жандосов. Фатима:
– Шәйға шақырсам ба деп едім өзін, - дегенде, көбінесе үнсіз отырған Әзиза ал жат та кеп күлсін. Күлкісін тыя алсашы.
– Неменеге күлесің, кайын сіңлім? - деп Фатима күлкіні жанықтыра түсті.
– Қой сойып, бас ұстатсақ қайтеді? - деп Жандосов құтыртты. Көңіл жадыратқан әп-әдемі күлкіден соң, еркектер жағы қыңырлау, қыртысты әңгімеге ойысты. Голощекин басқарған сегіз жыл ішінде Қазақстанның басынан өткен нелер зұлмат заманға екеуі кезек-кезек сапар шегіп кете берді. Бұл неліктен? Қазақстанға Голощекин қалай келді? Таңдау неге соған түсті? Жеке адамның қоғамдағы, тарихтағы, тағдырдағы рөлі деген не?
– Айталық, Қазақстанға сонда Сталин Голощекинді емес, басқа біреуді жіберсе, айталық, Кировты, не Куйбышевті, яки казіргі Мирзоянды, не Орджоникидзені жіберсе қандай болар еді? Қазақстан соншалықты оңбай ойсырамас па еді? - деп Жандосов салмағы зілмауыр әңгіменің шетін шығарды. - Ақыры қазақ азаматтарына сенбеді, яки сенгісі келмеді. Ендеше, Голощекиннен басқа біреу бұйырмады ма?
Рысқұлов тыңдап отырып - отырып, мырс етті.
– Әрине, Ораз, жеке адамның іс-әрекетіне көп нәрсе байланысты. Голощекиннен басқа, әлгі сен атаған азаматтардың біреуі келсе - жағдай сәл басқашалау болуы да мүмкін еді. Бірақ, - деп күрсінді Рысқұлов, - саясат біреу ғой. Ол Сталиннен өрбіген саясат. Ол жаппай коллективтендіру. Ол - жеделдету. Әлгілердің қай-қайсысы да сол саясатты жүргізер еді. Мысалы, Украинаны Голощекин басқарған жоқ. Бірақ онда да халық қырылып қалды. Украин халқының көптігінен білінбей отыр. Әйтпесе, онда да қазақтардан кем қырылған жоқ. Голощекин - Сталин қолшоқпарларының ішіндегі ең зілмауыр гүрзісі, жалаң қылышы болып шықты. Қазақтың өте-мөте көп қырылуы, сөз жоқ, соның аса солақай әрекетімен байланысты.
– Ал енді зауал қайда? Бір адамды өлтірмек тұрмақ, шекесін жарсаң сотталасың. Миллионды қырған Голощекинге неге сот жоқ?
– Ол үшін балтаның жүзін ғана емес, сабын да соттау керек. Голощекин - балтаның жүзі болса, сабы - Сталин. Оны қайтеміз? Оны қайтіп соттайсың? Сот болады. Бірақ соңынан... со – ңы - нан. Оны біз кереміз бе, көрмейміз бе - беймәлім. Бірақ келер ұрпақ ұмытпайды.
– Не деп кеттіңдер, ойбай! - Фатима шошынып қалды. Терезенің пердесі түсірулі тұрса да кейбір саңырауларын қымтап қойды. - Басқа бірдеңе айтсаңдаршы, қарақтарым - ау.
– Сталин - айдаһарға айналды. Ол рас, - деді Жандосов әйелінің үрейіне мән бермей. -Айналасының бәрін жалмап, жайпап барады. Көнекөз большевиктердің көбін жұтып жіберді.
– Голощекин де көнекөз большевик қой. Оны неге жұтпайды? деп жаңа ғана қорқып отырған Фатима батылданып әңгімеге қалай араласқанын өзі білмей қалды.
Ақ көңіл, ашық мінезді Фатиманың бұл қылығына сүйсінді ме сирек жымиятын Рысқұлов, тіпті күліп жіберді. Сонан соң барып, байсалданып:
– Фатима – ау, Голощекин Сталиннің бетіне қарсы келмейді ғой. Қарсы келсінші, не істер екен? - деді.
Фатима дастарханның шетін алақанымен сипалап, төмен қарап отырып қалды.
– Бір нәрсе айтайын дедің - ау, Фатима, - деді аңғарымпаздық танытты.
– Жоқ, әншейін... Құдай бетін аулақ қылсын... Әйтпесе,жұрт сізді де Сталиннің жағасын талай рет жыртқан деседі ғой. Қай жылы, әйтеуір ертеректе: «Сталин қателеседі!» - деп дүйім жұрт алдында абыройын айрандай төгіпсіз ғой.
– Қойшы - ей, Фатима, сен де қайдағы әңгімені айтады екенсің. Одан бері он бес жыл өтіп кетті, Сталин соны есіне сақтап жүр дейсің бе? Сақтаса, осы уақытқа дейін аяп жүр дейсің бе?