Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Әзиза Голощекинмен сырттай әбден таныс. О, таныс болмағанда ше? Әлі күнге дейін Қазақстанда оның атын атаса, жылаған бала жылағанын қоя қояды. Оның аты аталғанда, үнсіз күліп, жадырап тұрған гүлдің өзі жиырыла қалады. Голощекин қырып салған адамдардың сүйегінен тыңайған жерге шыққан шөп екеш шөпке дейін, оның атына тым-тым сезімтал. «Голощекин» дегенде, аруақтардың да сүйектері сырқырап кететін шығар, соны сезген гүлдер де жиырыла қалатын болар.

Сөйткен Голощекинмен енді Рысқұлов кәдімгідей қол алысты. Онымен қоймай, жайғасып тұрып қатар отырды. Қан сасыған кәрі қақбаспен қалай қатар отырады? Әзизаның жыны келеді...

– Қартайып барамын, Тұрар, - деді Голощекин, біртүрлі мұңын шаққандай болып, Рысқұловқа ең жақын адамындай сырын ашып. - Қартайғанда жалғыздықта жаман... Ұйқы нашар, - деді селдіреп қалған бурыл шашын селтеңдетіп, басын шайқап, - Мәскеудің даңғазалы шуынан кейін, мына Кавказдың бір қуысында жан тыныштық бола ма десем, мұнда да ұйқым келмейді.

– Дәрі қабылдап көрдіңіз бе? - деді Рысқұлов. Голощекин қолын ербеңдетті.

– Ұйықтататын дәрі береді, әсер етпейді, - деп онсыз да жіңішке даусы тым шіңкілдеп кетті.

Рысқұлов оны не деп жұбатарын білмеді? Жердегі жаннат - Кисловодскідеде ұйқыдан безіп, жаны жай таппаса, шынында да обал ғой.

– Ұйқы келмегені мейлі ғой, - деп кемсеңдегендей болды Филипп Исаевич. - Ең сұмдығы мынау ғой, Тұрар: көзім ілініп бара жатқандай болады - қуанып қаламын; көзім іліне бере... түс көргендей боламын. Ылғи да бір музейлерді аралап жүремін. Музейдегі неше түрлі кәдімгі әп-әдемі заттар кенет... скелет, қаңқа... адам қаңқалары болып алып, би билеп, қарқ – қарқ күле бастайды. Күлгені сонша, сол рабайсыз, орасан қарқылдан шошып оянып кетем. Ояна келсем – сұп - суық қара терге малынып жатам. Ауыстырайын десем, артық сейсеп жоқ. Өз терімнен өзім жиіркеніп, кейде таң атқанша сілейіп, түрегеп отырамын...

Мына қорқынышты әңгімеден Рысқұловтың тұла бойы мұздап бара жатқандай болады. Рысқұлов бала сияқты. Ал Голощекин балаға үрейлі ертек айтып отырған сияқты.

– Және, - дейді жарықшақ жағымсыз үнмен Филипп Исаевич, - бір рет, екі рет болса шыдайсың - ау. Ал күнде-күнде, айлар бойы, жылдар бойы осы бір сұмдықтан арыла алмасаң - не істейсің?! Күндіз, әйтеуір анау-мынаумен алданарсың - ау. Айналаң -адамдар, бір мезгіл серуендейсің, асханаға барасың, суға барасың. Ал қалай іңір қараңғысы түседі - солай мазам май ішкендей болады. Түн баласы мен үшін - тозақ. Алда, көзім іліне қалса, түсімде не көретінімді күні бұрын білем. Білем де - зәрем қалмайды. Қасымда ешкім жоқ. Әне күні бас дәрігерге айттым: мені екі кісілік палатаға, біреудің қасына жатқыз деп. Бірақ кім шыдайды, қорылдайтын бәлем тағы бар.

Рысқұлов таң калды. «Аруақ шын болғаны ғой!»

Рысқұловты екі ұдай сезім қинады: «Байғұс, қартайғанда алжиын деген екен ғой». «Е, бәлем, аруақтар алқымыңнан алған екен, ә!»

Адам баласын, тіпті дұшпаны болса да табалауға жоқ еді, табалайын демейді – ау бірақ Голощекин өзін-өзі әшкерелеп отыр. Дегенмен «Кіші Октябрьдің» авторында сезім деген бар екен. Сезім болмаса, сол сезім қатты әсер етпесе, түсіне өліктер кірмес еді. Абадан алып даланың о қиырынан бұ қиырына дейін шашылған өліктер...

Рысқұлов Голощекиннің есіне «Кіші Октябрьді» салмақшы еді Филипп Исаевич әлдеқалай түйсікпен соны сезе қойғандай, кенет:

– Жандосовты көрген жоқсыз ба? - деді.

– Жоқ. Қай Жандосов?

– Кәдімгі Ораз Жандосов ше, - Голощекин Рысқұловқа күстәналай қарады. – Мәскеуден Кремльден шықпай отырып алып, өз жерлесіңізді ұмытып кеткенсіз бе?

– Е, ол осында ма екен?

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий