Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:140
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.
Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Айырмашылық екеуміздің бойымызда, – деген Наполеон. – Менің бұйрығымды орындамасаңыз, басыңызды аламын. Сонда айырмашылық жойылады, бойымыз теңеседі. «Айтқан-ақ қой, сорлы. Анау ақ шапан да Қырғызбай атама «басыңды аламын» деп тұрған тәрізді».
Атасы еңкеңдей басып қайтадан қалың топқа кіріп кетті. Келген шаруасы Қырғызбай атасына жолығу болғанмен, Тұрар енді асықпады. Базар тарқамайынша, атасы ешқайда кетпес. Тұрарға сары айғырдың үстінен мына майданды бақылап отыру әлдеқайда қызық.
Бір кезде Наполеонның қасына ересектеу бала келді. Басқалар құсап елпеңдемей, еркелеп тұрған сияқты. Наполеонды белінен құшақтап, бетіне қарайды. Сірә, бірдеңе тілеп тұрған болар. «Оу, мынау Атамырза ғой. Е, Наполеон оның әкесі болды ғой. Иван Владимирович айтып еді-ау, сірә. Серік ылғи Атамырзаға жарамсақтанып жүруші еді, әкесі де сондай екен ғой. Әне, Наполеон қойнынан алған шүберегін шешіп, Атамырзаға ақша беріп жатыр...».
Ең жақсы атқа мініп отырғанымды Атамырза көрсін дегендей кенет Тұрар:
– Ей, Атамырза! – деп айқайлап жіберді. Ана жолы төбелесіп қалғаны есінен шығып кеткен сияқты. Атамырза естіп келсе, оны Қырғызбай атасының торы атына мінгізіп, екеуі қатар отырмақшы.
Өз ойы – оған мына базар Бородино демекші. Анау ақ шапанды сенің әкең Наполеон демекші. Мен Кутузов болайын, сен Багратион бол демекші. Ниеті дұрыс-ақ, өздерінше бір бала болып, бөлесіз, жанжалсыз ойын құрмақшы. Қалың нөпірдің басынан асыра тағы да:
– Ей, Атамырза! – деп айқайлады.
Атамырза елең етіп жан-жағына қарады. Әлден соң барып, биік сары айғырдың жарқыраған күміс ерінің үстінен өзіне қол бұлғап тұрған Тұрарды көрді. Әкесін жеңінен тартқылап, Тұрарға қолын шошайтып бірдеңе-бірдеңе деді. Әкесі ренжіп қолын бір сілтеді. Мазамды алма деген болуы керек. Наполеонның ойы қазір балада емес, мына далада. Генералдары бірі келіп, бірі кетіп жатыр. Тұрар Атамырзадан көз жазып қалды. Енді бір сәтте оның шәйханадан еңгезердей бір кісіні ертіп шыққанын көзі шалды.
Атамырзаға сары айғыр таныс болатын. Оның иесін де білетін. Иесі шәйханада қымыз ішіп, қызу әңгіме үстінде отыратынын да білетін.
– Ақа, сіздің айғырыңызды бір бала мініп, қашқалы тұр. Ұстап алып ұрыңыз, – деді.
Атамырзаның опасыздығын сезген Тұрар аттан домалап түсе бергенде, әлгі еңгезердей кісі де таяп қалып еді. Тұрар тұра қашса, қалың топтың ішіне кіріп үлгірер еді. Бірақ тұрды да қалды. Әлгі адамның кескін-келбеті, жүрісі өз әкесі Рысқұл сияқты екен. Әуелі жүрегі бүлк-бүлк ете қалды. Аттың иесі мүлде жақындағанда оның нарттай қызыл бетін, алақандай шегір көзін көріп, әкесі емес екенін ұқты. Атамырза топтың арасына кіріп кетіп, баспалап қарап тұр еді. Аттың иесі Тұрарға бағжия қарап, құлқынан шап беріп ұстай алды.
– Кімнің баласысың? Айт шыныңды, атты ұрламақшы ма едің?
– Жоқ,– деді Тұрар құлағы ауырып бара жатса да саспай. – Мен ұры емеспін.
– Онда танымайтын біреудің малында нең бар?
– Жәй, қызығып кеттім. Қызыл Жебе сияқты екен.
– Не дейді? Қызыл Жебең не?
– Сондай жүйрік ат болған. Оның қанаты бар еді. Сол есіме түсіп кетті. Құлағымды қоя беріңізші енді...
– Жөніңді айтшы, сен кімнің баласысың өзің?
– Қырғызбайдың.
– Қай Қырғызбай? Әлгі делдал Шілмембет пе? Өтірік айтсаң өлесің. Кәне, жүрші Қырғызбайға. Әй, оның баласы бар ма еді, ә?
Тұрарды қолынан мықтап ұстап алып, жұртты кимелеп, атасы тұрған жерге алып келді.
– Ау, Қырғызбай, мойныңды бұр. Сатар көбейсін. Мынау сенің балаң ба?
– Е-е, Ақкөз батыр, аман ба, ширағым. Е-е, мына Тұрар ма? Е-е, менің, менің...
Қырғызбай қалбалақтап қалды. Саудаласып тұрған өзбек пе, тәжік пе – әріптестерін тастай беріп, шетке ығыса берді. Ақкөзді былай алып шығып:
– Бұл бірдеңе істеп... не болып қалды? – деп абдырай жаутаңдады.