Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– «Қайталау – білімнің анасы», – деген бар. Әрі десе мектепте сабақ жүйелі түрде жүреді. Кәне, тақтаға шықшы.

Тұрар тақтаға шыққанда бүкіл сынып тына қалды. «Не болар екен?» – деген сұрақ бәрінің көзінде жазулы тұрған сияқты. Тақта алдында тұрған баланың тұрқына, тұла бойына қарағанда басы үлкендеу сияқты. Шекелігі шығыңқы. Көзінің алақ-жұлағы жоқ, бек сабырлы. Оның бет-әлпетінде сәбиге тән мүше тек ерні ғана еді. Қалыңдау келген үлбіреген еріннен нәрестелік табы кетпеген.

– Бор ал, – деді мұғалім. – Жаз. Жоғарыдағы әріптерді қайталап жаз.

Бала оң қолын көтеріп, «А» деген әріпті әдемілеп, мұғалімдікінен айнытпай сызып жатқанда, арт жақтан жырқ-жырқ күлген дауыс шықты.

Мұғалім көзілдірігін қолымен демеп тұрып, әлгі күлегешке:

– Тұр орныңнан! – деді.

Тайқы маңдай, бадырақ көз қара бала сүйретіліп әрең-мәрең тұрды.

– Сен, ұмытпасам, Айбаровсың ғой?

Бала «иә» дегендей басын жалқау изеді.

– Неменеге күлдің?

– Жәй әншейін, ананың шынтағын қараңызшы, – деп Тұрарға қолын шошайтты.

Көне пешпеттен байғұс баланың шынтағы көрініп тұр екен.

– Оның несі күлкі, – деді Иван Владимирович. – Орыстың Ломоносов деген асқан ғалымы өткен. Кедейден шыққан. Немістің бір менмен профессоры бірде Ломоносовқа дәл сен құсап қолын шошайтып күліпті. Ломоносов:

– Неге күлесіз? – дегенде әлгі неміс:

– Шынтағыңыз жеңіңізден жылтыңдап қарайды, – депті.

– Жоқ, шынтақ жеңнен жылтыңдап қарамайды, оған надандық үңіліп қарайды, – деген екен Ломоносов. Кәне, Айбаров, тақтаға енді сен шыға ғой. Атың кім, сенің?

– Атамырза.

– Ал кәне, Атамырза. Қырғызбаевтың қалай жазғанын көрдің ғой. Тамаша. Оған мен «бес» деген баға қойдым. Мә, қолыңа шүберек ал. Қырғызбаевтың жазғанын өшір.

Атамырза шүберекпен айбақтатып ары-бері сүртіп еді, тақта тазара қоймады. Атамырза сидиғандау бойшаң еді, үстіндегі қара костюмі су жаңа, фасондап тігілген. Қолын ебедейсіз ербеңдетемін деп жеңіне бор жағып алды. Тазара қоймағанына ызаланып тақтаға түкіріп-түкіріп жіберіп, қайта сүрте бастағанда, балалар ду күліп жіберді. Тақтаның беті бұрынғыдан бетер айғыз-айғыз болып қалды. Бетін ешкім қағып көрмеген саудагердің асау мінез баласы аяғын тепсініп:

– Неменеге ыржақтап күлесіңдер! – деп айқайлап жіберді.

– Е, бауырым, күлген қандай екен? Ұнамайды, ә? – деп Иван Владимирович шүберекті алып тақтаны өзі сүрте бастады. Атамырза «А» деген әріпті арбитып, арық түйенің өркешіндей етіп әрең сызды.

– Отыр, – деді мұғалім селқос қана.

Тұрарды мақтап, мұны мақтамағаны Атамырзаға ұнамады.

Дүние-дүние болғалы бері адамның алға аттаған адымы ұдайы кедергі көріп келеді. Адам баласының бүкіл өмірі – кедергіден аттап өту. Адымың ұзарып, алдағы асуды ала берсең, адымы қысқа, асу аса алмас басқа біреу қызғана бастайды. Шалғайыңнан алып, аяғыңнан шалғысы келіп тұрады.

Жаңа мұғалім Тұрарға «бес» қойып, Атамырзаға «екі» қойғанда, Атамырза өзінің өресіздігін кінәлаған жоқ, Тұрарды кінәлады. Ішіне қызғаныш оты кіріп кетті де, күншілдік қара көздігін қайрай бастады.

* * *

Бір күні Иван Владимирович сыныпқа ұп-ұзын орама қағаз алып кірді. Бояу түрлі-түсті қалың қағаз дәке сияқты матаға жапсырылған екен. Иван Владимирович әлгінің орауын жазып, қара тақтаға асып іліп қойды.

– Бұл географиялық карта, – деп түсіндірді ол аң-таң болып отырған аңқауларға.

– Мынау – Азия, мынау – Еуропа, міне – Африка, мына бөлігі – Америка, Австралия, Антарктида... Біз Ресей империясының азиялық бөлігінде тұрамыз: Міне, мына бір тұста. Рас, Мерке қартаға түспеген, шамамен мына бір тұста. Мынау – Мәскеу, мынау Ресей империясының астанасы – Санкт-Петербург. Мынау жатқан жолақ – Орал тауы. Оның ар жағынан Сібір басталады.

«Сібір» дегенді естігенде Тұрар елең ете қалды. Әдеттегі сабыры кетіп, орнынан қозғалақтай берді.

– Мынау Байкал көлі. Мына аймақ – Қиыр Шығыс. Мына жатқан бөлшек – Сахалин аралы.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий