Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сөйтсе, әлгілер әкіреңдеген әкім емес, мұғалімдер екен. Меркеде орыс-түзем мектебі ашылады екен. Жанында интернат дегені бар дейді. Осы алдағы күзден бастап оқу басталады екен. Соған мына екеуі ауыл-ауылдан оқуға баратын балалардың тізімін алып жүргенге ұқсайды.

Мұғалімдер жағалап Қырғызбайдың үйіне келді. Аттан түседі.

– Ассалаума-әлейкум!

– Әліксалам! Қай баласыңдар? Жол болсын? – дейді Қырғызбай. Жапалақ көз жарықтық бұл да атқамінерлерден запыста. Әлдене болып қалды деп қопалақтап тұрды.

– Әлей болсын. Оқуға түсетін балалардың тізімін алып жүрміз, – дейді Әліпбек деген қазағы. – Оқу жасында балаларыңыз бар ма?

Шал ойланып қалады. Өз кіндігінен оқуға түсер бала жоқ. Ал Тұрардың оқуға дер шағы. Бірақ оны жұрт көзінен тасалап жүргенде, жария етіп не жыны бар?

– Қандай оқу, қарағым?

– Оу, отағасы, естімеп пе едіңіз, таяуда Әулие-Ата оязының өзі келіп, жеті болыс Меркеге арнап орысша-мұсылманша мектеп аштырып кетті ғой. Мектеп үшін Айбар байдың түнкелі үйін сатып алды.

– Ал ол оқу не береді?

– Не береді? Балаңыз сот, прокурор болады.

Шал сескеніп қалды. Сот, прокурордан үркек. Оған шатасар жайы жоқ.

– Бізде оқуға беретін бала жоқ, қарағым, – Қырғызбай қипақтай береді.

Бұл әңгімені естіген Салиха бәйбіше меймандарға құйып отырған қымыздың ожауын шараға салп еткізіп тастап жіберіп, ернін сылп еткізіп, бетін шымшыды.

– О не дегенің, байғұс-ау, алжиын дегенсің бе? Тұрарды қайтесің? Ол бала емес пе екен?

Шал кемпіріне алақандай көздерін алартып, ернін қымқыра тістеді.

– Қой, әрі! – деді Салиха оған айылын жимай. – Аруақ, құдай алдында күнәға қалма. Өзі тірі жетім байғұсты тумай жатып қу құдай қыспаққа алғаны аздай, о несі-ай... Оқысын. Өз қолы өз аузына жетіп, адам болып кетсе әжеп емес. Бағын байлама баланың!

Салиха ақ шарадағы қымызды ожаумен шамадан тыс атырыла сапырып-сапырып жіберді. Қымыздың көбігі бұрқырады.

– Басқан ізіңнен садаға кетейін, мырзаға! Қайда ғана жүр екенсің, жалғыз жәдігеріңді жаутаңдатып бізге тастап кетіп... – Салиха «аһ!» ұрып күрсініп алды.

– Болды енді қай-қайдағыны көйітпей, – деп Қырғызбай орнында отыра алмай қопаңдай берді. – Мейлі, оқыса – оқысын, бәле шақырып зарламашы.

– Бала қайда? – деді бұл түсініксіздеу шайпасудан секем алған Әліпбек.

– Мен шақырып келейін, – деп Салиха орнынан оқпан құстай ордаңдай көтеріліп, далаға шықты.

– Тұрар! А, Тұрар! Қайдасың, жуәрмек? Шапшаң кел үйге!

Сөзі ірі болса да, зілі жоқ, кескін-кейпі келеңсіздеу келсе де, кеудесінде мейірлі шуағы көп кемпірдің «жуәрмегін» кек көрмей, Тұрар қамыстың арасынан шығып, үйге беттеді.

– Міне, бала оқытсаңдар, – деді Салиха Тұрарды қолынан қашып кетпесін дегендей, мықтап ұстап тұрып. – Орысшаңа да, мұсылманшаңа да ағып тұр. Байғұсқа тіл-көз тиіп кетпесе, болайын-ақ деп тұр.

– Аты кім? – деді Әліпбек қағаз-қаламын алып.

– Тұрар.

– Әкесінің аты кім?

Кемпір жақсы көретін қайнысының атын атай алмай, амалсыз тілі байланып тұрып, шалына:

– Айтсаңшы-ей! – деді.

– Қырғызбай, әкесінің аты Қырғызбай, – деп шамадан тыс асыға айтты.

Салиха бетін шымшып:

– Байғұс-ау, о не дегенің...– дей беріп еді, Қырғызбай қопалақтап бой бермеді.

– Қырғызбай деп жаз, қарағым.

Бала сазарып қалды. Бұл ел оның әкесінің атын атаудан да қорқады.

Туған әкесіне опасыздық жасағандай бір беймаза сезім жауқазын жүрегін жаралап, шөңгедей қадалды да қалды. Жалаң аяқ табаныңа кірген тікен емес, суырып алып тастайтын. Күлге аунап, ойнастан туған баладай, әкенің атын айта алмай күмілжіген не қорлық!

Орыс мұғалім Тұрардың өзіне арнап:

– Жасың нешеде? – деп орысша сұрады.

– Он бірде, – деді бала да орысша мүдірместен.

– О, шынында зерек шығарсың, Тұрар Киргизбаев, – деп орыс мұғалім сүйсінгендей болды. – Алдағы күзден бастап Меркедегі интернатта жатып оқитын боласың. Ал көріскенше, cay тұр!

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий