Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Шелектен өтіп бара жатқанда жатаған үйдің тұсынан ақ жаулықты бір әйел сен қатарлы баласының қолына түйіншек ұстатып, мені көрсетіп, баланы арқасынан итермеледі. Бала жүгіргеннен жүгіріп отырып, айдауылдардың арасынан өтіп кетіп, арбаға бойы жетпей, қолындағысын маған ұсына берді. Менің қолым байлаулы, оны түсінбеген баламен ұмтыла қоймағанға таң қалып, шешесіне қарады. Шешесі: «Лақтыр!» – деп ишара етті. Бала түйіншекті лақтырып жіберді.

– Кімнің баласысың, айналайын? – дедім тым болмаса тіл қатайын деген ниетпен.

– Байырдың, – деді қаршыға көз қағылез жас.

– Өркенің өсін! Азамат бол! Атың кім? – дедім.

– Ахметжан. Ахметжан Шымболатов, – деді бала жаутаңдап.

Мен сені көргендей болдым. Сен әлі арба соңынан ілесіп келе жатқандай көріндің, Тұрар. Бұл есім жайшылықша жадымда қалмас еді, ал мына халде біреудің бір жылы сөзі – мың жылдық жарық сәуледей. Дүние халі сан қилы, кім біледі, ер жеткенде сен онымен кездесерсің де. Есіңде болсын деп айттым.

Ертесіне Іленің суынан өттік. Сонда дүниеде Іледен үлкен су жоқ шығар деп едім. Сөйтсем, оным бекер екен. Іленің көкесіндей суларды кейін көрдік қой.

Іленің арғы бетіне шыққан соң Алатау бұлдырай бастады. «О, қасиетіңнен айналайын, Алатау, көзімнен сен де тасаландың-ау», – деп көңілім сонда бір бұзылды. Қасымдағы Мамытбек қырғыз «Сағынғанда бір келерсің, сарғайғанда бір келерсің, Алатаудың баурына», – деп мені өлеңмен жұбатты. Қайран ел, сөйтіп, артта қала берді.

Жолда Ақсу-Қапал қалды. Лeпci деген судан да өттік. Одан әрі жап-жазық мидай дала басталды. Лепсіде ауысқан айдауыл бізді Аягөзге дейін жеткізіп салуы керек еді. Сасырдың жапырағы күйген шүберектей қурaп кеткен сары дала. Адам тұрмақ, aт шыдамай, сусыз шөлден аузын ашып, алқынып, аяғын әзер басып ілбіп келеді. Aт арыған соң солдаттар бізді арбадан түсіріп, жаяу айдады. Лүп еткен желі жоқ, сілтідей тынып қалған кеуек дала пысқырған aт пен кісен сылдырынан мазасы кетіп, біздің қыбыр-жыбыр жүрісімізге ызасы келгендей тынысты тарылта түседі.

Анда-санда алқымы кеуіп, бүйірі бүлкілдеген кесіртке аяқ астынан тура қашады. Есірік солдат әлгі мақұлықты тапырақтап қуа жөнеліп, мылтықтың істігімен жаншымақ болады. Кесірткеге де жан керек, бұлт ете қалып құтылып кетеді. Мылтықтың істігі тандыры кепкен тақыр жерге шақ етіп тиеді.

Аяқты кісен, көкіректі шөл қысқанда адам бей-жай, айналаға көз салмай меңіреу болып қалады екен. Әйтпесе, Құдайдың қу даласында тіршілік белгісі тіптен көп. Қарап келе жатсаң, алдыңғы арбаға жегілген аттар құйрығын әрең көтеріп тезек тастаса, сүрлеу жолдың жағасынан көң қоңыздары лезде құлдыраңдап шыға келеді. Кейбіреуі не дөңгелек астында, не солдат табанында мыжылып та қалады. Қу тамақ-ай, десеңші. Көз ұшында сағым бұлдырап өркеш-өркеш түйе керуен тоқтап тұрғандай көрінеді. Көңіл селт етіп, әлденеден үміттеніп қаласың.

– Дуадақ! – деп бір солдат бақырып қоя береді. Әлгі керуен тay теңселгендей қорбаң-қорбаң қозғалып, аударылып-төңкеріліп кеткендей болады. Солдаттар патырлатып ата бастайды.

Паң дуадақ сонда да жанталаспай, ордаң-ордаң желіп барып, баяу көтеріліп, дірілдек ауаның арасына сіңіп кетеді. Есірік солдаттар атты арбадан шығарып алып қумақ болады. Бастық зекіп тастаған соң, бастарын шайқап, таңдайларын тақылдата, дуадақ кеткен жаққа көпке дейін алаңдай береді.

Мылтық дауысынан шошып оянғандай, жол жағасындағы қаратаспа қараған арасынан тac шегіртке шырылдайды. Бұл үн менің есіме Алматының көк қақпалы түрмесін түсіреді. Оның ауласындағы қара сораның арасынан осы шегіртке шырылдар еді. Енді ол да Сібір жолына бізбен бірге аттанған сияқты, жылауық үн соңымыздан қалмай ілеседі де отырады.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий