Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Работа, возродившая дух нации «Просыпайся вставай!» «Проснись, Общество!». Этот авторский труд является результатом многих лет творческой работы, исследований и поисков.

Красная стрела. Вторая книга / Қызыл жебе. Екінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Алыстан мұнартып, сәулетті бір сарай сағым арасынан армандай асқақ көрінді. Тозақ жолынан соң, пейішке барып қойып кететіндей әлгі асқақ мұнарға алқынып асығамыз. Тұтам кісен адым аштырмайды. Ақыры өліп-талып жеттік-ау. Күнбатыс жағы үңірейген аласа ғана көне мазар екен. Жанында жылап ағып, жылымшы татыған бір қасық суы бар. Алдақашан бұл дүниеден көшкен атамның көз жасы әлі тыйылмай, соның сорасы ағып жатқандай.

Аттар доғарылып, жылы да болса су ішіп, таңдай жібітіп, жан шақырдық. Бізді арбалардың қасында қалдырып, қасымызға бір қарауыл қойып, солдаттар мазардың көлеңкесіне барып отырды. Мылтықтарын түйістіріп, бір жерге үйді. Алдарына қағаз жайып, тамақ жеп, шишаларын шығарып арақ ішті. Мына құдайдың ыстығында ішкен арақ басқа шапшып шыға келген шығар, барылдасып карта ойнай бастады.

Ойын қыза, біздің қасымыздағы қарауыл үйірінен адасып, үркектеген жылқыдай тыпырши бастады. Мұның өзі өзгелерден шынжаулау, пәкене бойы мылтықтан сәл-ақ асатын секпіл бет, жирен қастың астынан көзі тақыр ұдықтай шүңірейген, жалынсыз, жасық неме еді. Карташылардың қасына жақындап барайын десе, бастығынан қорқады. Бармайын десе, құмарлық қысады. Осыдан барып, бізге ыза болады.

Карта соққандар төртеу, мұнымен бесеу. Біз он адамбыз. Алматыдан шыққанда алтау едік, Лепсіден төртеу қосылды.

Қарта ойнап отырған айдауылдардың бастығы бір уақытта біздің жанымызда тұрған сүмелек пәкенеге:

– Ей, Петя! Ыстық тамақ керек. Тез дайында, – деп ақырды.

– Отын жоқ, поручик мырза, – деп шіңкілдеді пәкене.

– Неге отын жоқ ? Маған десең сирағыңды жақ! А на каторжниктерді жақ! Отын тaп! Айтпақшы, сол оңбағандарға отын жинат. Мына бұталарды жинасын! – деді бастық.

Пәкенеде де билік бар. Ол бізге бұйырады:

– Айда! Бәрің тұр да қурай сындырыңдар! Бол, жылдам!

Кісендерімізді сықырлатып, булыға тұрып, қарағанның бұтасын сындыруға кірістік. Менің жанымдағы еңгезердей сары орыс сыбыр ете қалды:

– Қимылдайтын уақыт соқты, – деді. Сезе қойдым.

– Қайтіп? – дедім.

– Анау үюлі тұрған мылтықтарды қолға түсіру керек.

Солай қарай жылжи бер.

Сары орыстың аты Федор еді, жылжып жүріп, тағы бір-екі тұтқынға сыбырлап өтті. Қарағанды ынты-шынтымызбен жинаған болып жүрміз. Үш-төртеуміз тұс-тұстан мылтық шөмелесіне таянып келеміз. Зәре жоқ. Байқаймыз, карташылар сезер емес. Олар у-да шу. Сол шуға шыдай алмай біздің қарауыл жандарына жүгіріп барды. Бір сәтке біз бақылаусыз қалдық. Федорға қарап едім, басын шұлғып қалды.

Адым жаздырмас қара темірді қақырата үзіп жіберер күш-қуат бітіп кеткендей алға ұмтылдық. Бірақ қара темір үзілген жоқ. Әйтеуір бір ғаламат қайрат бізге қанат бітіргендей, қос аяқтап қарғып, үш-төртеуміз мылтық үймесіне жете жығылдық-ау, атасына нәлет...

Сақыр-сықыр дыбысқа жалт бұрылған пәкене қарауыл:

– Құрыдық! – деп жан дауысы шыға шыңғырып жіберді.

Карташылар жай түскендей состиысып қалды. Мылтық қолға түскен соң біздің әруағымыз асып, қару кезеніп, шүріппеге қол салсақ, тек шық-шық етеді.

Айдауылдардың бастығы жалпақ даланы жаңғырықтыра қарқ-қарқ күледі. Бізге саусағын шошайтып, шалқалап тұрып қарқылдайды.

Дүниеде бұдан өткен қорлық жоқ, Тұрар. Құдай басыңа мұндай қорлықты еш заманда бермесін, құлыным. Менің шашым сол сәтте түгел ағарып кетті білем. Қазір көрсең танымассың. Шаш, шіркін, сонда аяз қарып, қырау тұрғандай болды. Айдауға кетсем де, әйтеуір бір оралармын. Тұрар сынды құлынымды бір көрермін деген үміт жанға сеп еді. Енді сал үміт біздің Бесағаштағы білте шамдай жалп етіп сөнді де қалды, құлыным. Есіңде ме, Бесағаштағы жеркепенің есігін біреу ашса, шырағдан жалп етіп сөніп қалушы еді ғой. Үйге кіріп келген кім екенін біле алмай, соқыр адамдай:

– Бұ қайсың-ай? – дейтінбіз.

– Мен ғой, – деуші еді кейде Ахат атаң.

– Мен ғой, – деуші еді кейде Молдабек көкең.

– Е, бізбіз, – деуші еді кейде Шыныбек атаң.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий