Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ақкөл – Есік көлге қарағанда жадағай. Жағасында сызылып, сылаң қағып тұрған сұлу шырша мұнда жоқ. Суы да жасыл зүмірет емес. Ашаң, ақшыл тартып жатады. Жағасы толған тарғыл тас. Өңкиген түйетастар Талғардың апайтөсінен бір заманда құлаған Есік көл қанша сұлу болғанмен, өзегіне нәр беріп жатқан Ақкөлге қарыздар. Есік көл қазір жазғы күн байып бара жатқан ақшам мезгілінде төменде, табан астында қарауытып жатыр.

Мезгіл шілде іші болса да тау омырауы сақылдаған салқын. Ақкөлдің айдыны ашулы. Сондықтан да болар, құс баласы көрінбейді. Оның есесіне көктеңбіл ханбалық көп екен, мейман қармақ салып, әне-міне дегенше бір шелек балық іліп алды. Қауқылдасып, даурығысып еді. Қармаққа балық ілінген сайын ғалым қатыны ұл тапқандай қуанып, картузын аспанға лақтырды.

– «Ғалымбысың деген», – деп Рысқұл оның мына тірлігін қомсынып отырды. Қанша кедей болса да судан балық сүзуді кәсіп қылмаған қазаққа бұл бала-шағаның қылығындай көрінді.

Шаршаған қоңыр өгіз біраз оттаған соң әрірек барып ыңқ етіп жата кетті де көзін жұмып күйіс қайыруға кірісті. Зеңгі бабаның намазы сияқты онысы.

Рысқұл тасжарғанның бұталарын, қол толқыны жағаға шығарып тастаған ақсөңке жинап от жақты. Тастан қалап ошақ тұрғызып, сырты ысталған қара шәугімді отқа қойды. Көктеңбіл хан балық жалғанның шырыны екен, петерборлық мейман екеуі тоя тамақтанып алды. Аттар мен өгізді ит-құс, аю жарып кетпесін деп Рысқұл жалғыз ауыз мылтығын оқтап жанына қойды. Тамызық үзілмесін деп тағы да отын жинады.

Заңғар таудың кеудесіне шығып отырған екі адам маздап жанған отқа үңіліп қапты. Мейман қазақша білмейді, Рысқұлдың орысшасы «твая-маядан» артпайды. Тілі басқа, діні басқа екі адамға от ортақ. От олардың тілмашы сияқты. Дүниеде оттан таза нәрсе жоқ. Тіпті алмастың өзінде, алтынның өзінде ақау, кірбің болуы мүмкін. Ал отта арамдық болмайды.

О баста Дмитриевтің көкірегіне күдік кірген. Бөтен адам, тіл білмейтін, көп сөйлемейтін сыры беймәлім біреу. Талғардағы бір орыстың айтуына қарағанда, нағыз тоқымы кеппес қарақшы көрінеді. Сонда бұл мені аңғар-аңғар тау ішінде жайратып салып кетіп отырса не болмақ?

Қазір дастарқан басында дәм бөліскеннен кейін Рысқұлдың жалынға қарап тесіліп, жалқын сәуледен әдемі сурет көргендей, яки бір ғажайып әуен тыңдағандай бозым халін байқап, ойлады: «Жоқ бұндай адамда бөгде пиғыл болуы мүмкін емес».

Тең артқан торы ат пен Дмитриев мінген қара ат түн қараңғылығынан сескенгендей іштерін тартып қойып, бір-бірімен айқасып, мүлгіп тұр. Қоңыр өгіз күйіс қайырудан зерігер емес. Оқта-текте көмейіне сүйек тығылғандай түйіліп барып, күйісін қайта бастайды.

Тәуекел түні. Жер түбінен жетіп, аспан-таудың Талғар атты шыңының қыры-сырын білмек үшін осынша азапты сапар шеккен Дмитриевтікі де ерлік. Ғылым жолында да тек ерлік керек. Оған жол басшы болып, табанын тасқа тілдіріп,тау асып жүрген Рысқұлдікі де ерлік. Мұны мойындаған ғалым кейін өзінің Ташкентте басылып шыққан «Талғар – Іле Алатауының ең биік шыңы» атты кітабында былай деп жазар:

«1923 жылы 28 шілдеде менің Талғар шыңына шығуыма тура жиырма жыл толды. 1903 жылы 28 шілдеде мен Талғардың күнгей жағында жатқан ең биік мұзартқа шықтым. Оны мен «Богатырь» деп атадым.

Менің маршрутым – Алматының шығысында қырық шақырым жердегі Есік өзенінің бойын қуалап отырды. Есік өзені Іле Алатауының терістігінен ағады.

Келесі, 1904 жылы осы маршрутты профессор Сапожников қайталады. Бірақ Сапожников бұл өзеннің бойымен тек Ақкөлге дейін ғана жеткен де кері қайтқан. Ал мен болсам Ақкөлден ары тағы да он-он екі шақырым ең қиын жол жүріп өткенмін.

Бірақ 1903 жылы менің бағыма қарай, маған жол көрсетуші болып Шығыс-Талғар болысының қазағы Рысқұл Жылқыайдаров жолықты. Профессор Сапожниковте Рысқұлдай жол бастаушы болған жоқ.

Бұл өзі Шілмембет руынан шыққан қарапайым қазақ еді. Қара шаруа болса да, рухы күшті, қайраты мол, қажырлы қазақ. Бұл атырапта одан өткен мерген, Іле Алатауын одан артық білетін адам болмаған.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий