Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұл мені бұрын ешбір картаға түсірілмеген қиямет қиын жолдармен алып жүріп, Талғардың ту сыртынан шығарып, Есік өзенінің басталатын кезінен әрі алып барды. Соның арқасында менің 1903 жылғы саяхатым елеулі ғылыми нәтижелерге ие болды. Бұл табыстарым үшін мен өзімнің жол бастаушым Рысқұлға қарыздармын. Оның мені небір қиын құздардан, жап-жалтыр мұздардан жол тауып, асқан жігер күшпен, айла-ептілікпен алып жүргенін көрсең.
Талғар шыңдарын бірінші зерттеуші ғалым ретінде мен Мұзарт етегіндегі Есік өзенінің сағасы басталатын алқапты Рысқұл алқабы деп атап, оның есімін мәңгі қалдыруға өзімнің хұқымды пайдалана отырып, шешім қабылдадым. Өйткені ғылым алдында оның еңбегі зор».
Бұл сөздерді ғалым жиырма жылдан кейін жазды. Ал, жиырма жыл бұрын, Ақкөл жағасында, түнгі от басында отырғанда ол мұндай шешімді іштей армандаған. Сол түні отбасында Рысқұл жүресінен шоқ көсеп отырып, Мұзарт таудың өзін елжіретер мұңды да қаһарлы әнді ыңылдап салып еді.
Дүние қудым он жасымнан,
Тартады бойым ауыр қорғасыннан
Су қойса арқасына төгілмейтін
Танады о да бір күн жорғасынан...
– Не туралы? – деп сұрады ғалым.
– Қу тіршілік, қысқа ғұмыр, алыстағы туған жер туралы, – Рысқұл.
– Сіздің туған жеріңіз Талғар емес пе?
– Шымкент. Түлкібас есіткен! Сонда. Ақсу-Жабағылы біледі?
– А-а-а? Ақсу-Жабағылы?! Знаю, знаю, – ғалым екі көзі алдындағы шоқтай жайнай түсіп.
"О қасиетіңнен айналайын, Ақсу-Жабағылы! Сені Петербордағылар да біледі екен ғой», – деп Рысқұлдың іші-бауыры елжіреп кетті.
Ертеңіне Рысқұл Дмитриевті Талғардың ең биік шыңы – «Богатырьдің» жап-жалтыр мұзымен алып жүрді. Биіктен қарағанда төмендегі бір қойнауда жайылып жүрген тауешкілер ап-анық көрінді.
– Біз киіктерден де биіктеп кеттік-ау, – деді Рысқұл.
Жоғарылаған сайын тыныс тарыла берді. Ғалымның жүруі қиындады. Басы айналып, көзі қарауытса да, ол жанталасып бірдеңелерді дәптеріне жаза берді, жаза берді.
– Рысқұл, – деді ғалым ентігіп, – анау табанда киік жайылып жүрген алқап енді сенің есіміңмен аталады. Бүкіл ғылыми кітаптарға ол жердің аты Рысқұл алқабы болып енеді. Есік өзені сол жерден басталып жатыр ғой.
– Менің атым кітапқа жазылатындай мен қайбір ғалым едім? – деп түсінбеді Рысқұл.
– Жоқ, туысқан, сен ғылымға ғалымнан аз еңбек сіңірген жоқсың. Сенің еңбегің адал.
– Ондай еңбекті тым болмаса бір ешкі атып алып қайтайық – деп Рысқұл көңілденіп қалды. Еңбегін елегенді кім жек көрсін?! Мына орысқа қылған қызметтің неше бір көкесіндейлерін ол өмір бойы Дауылбай мен Саймасайға сан мәртебе көрсетті. Кәне, олардың Рысқұлды елегені? Оның еңбегін бағалағаны? Ал, мына орыс ғалымына екі-үш күн жол көрсетіп, бірге жүріп еді, атыңды жағрафия тарихында қалдырамын деп отыр.
Сол жолы өзі есімді алқаптан Рысқұл таутеке атып алып еді.
***
Әне содан бері тура бір жыл өтті. Рысқұл өз алқабына тағы келе жатыр. «Рысқұл» деп атаған соң өзінің жеке меншік жеріндей көретін сияқты. Сонан енді өзінің жеке меншік киігінің біреуін атып ап кері қайтатындай.
Бірақ жолы болмады. Былтырғы молшылық биыл қайталанбады. Киік иісі сезілмейді. Суат басын торып күні бойы жатты, киік көрінбеді. Келген-кеткен іздері де ескілеу. Жуық арада суатқа құламаған сияқты.
Қона жатып жол торыса, бәлкім қолға бірдеңе ілігер ме еді, бірақ Тұрарға көңілі алаң бола берді. Құлыны желіде қалған биедей шыдамы кетіп, өзінен-өзі әлденеге тықырши бастады. «Атасына нәлет, Саймасайға киік атып алып барам деп айқайлап жүргенде, баламның халі не болады? Құрысын, кері қайтайын. Жолда қара қойдың отарынан біреуін өңгере қайтармын. Азар болса Итжеккенге айдатар».
Сөйтіп, мылтығын сүйретіп, төменде тұсап қалдырған атына бет бұра бергенде, алақандай айуан ізіне көзі түсті. «Барыс!» – деді, ә дегенде сасып қалып, іле тұла бойы мұздап жүре берді. Лезде бойын жиып, әлгі жап-жаңа ізбен біраз жүрді. «Бұйырса, атып алсам, теңбіл барыс терісі болысқа нағыз тарту емес пе?».