Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Ахат – Тау-Шілмембеттің ақсақалы, ақылгөйі. Түу Түлкібастан ауа көшкелі, одан кеткен қадірлі қариясы. Қу кедейліктің бұғалығынан қанша бұлқынып құтыла алмай қойса да, еңсесі түспес, есірік те емес, шап-шақ қана, аршыған жұмыртқадай әдемі шал. Шаруасы шінжәу болса да, мұнтаздай таза киініп, аппақ сақалын дөңгелентіп күнде шырпып жүретін тақуа тақылеттес адам. Шоң мұрын. Қасы жалбырап көзіне түсіп тұрады. Қысы-жазы қырау басқан тәрізді. Оны жұрт нышанға жорып, Ахатты өздерінше әулиедей көреді. Тәңіріден басқаға табынбай, басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген Рысқұлдың өзі Ахаттың айтқанына тақ тұрады. Ахат та батыр інісінің жанын ұғып, бетін жөнсіз қақпайлай бермес еді.
Ахаттың арманы – ебі келсе, елге қайту. Күзді күнгі жел айдаған қанбақтай жиырма үй Шілмембет Ақсу-Жабағылының ауызынан шығып, домалап жүріп-жүріп, осы Талғардың бауырындағы көп сайлардың бірінде тығылып қалды. Жергілікті халық бұларды Тау-Шілмембет деп кетті.
Бұдан отыз-қырық жыл бұрын да сол Түлкібас, Ақсу-Жабағылыдан бір ауыл қазақ Қоқан хандығының қорлығына шыдай алмай, мына Алматы маңына келіп, қоныс тепкен. Оларды Дала-Шілмембет деседі. Олар тауда емес, ойда тұрады. Әу баста Ахат, Рысқұлдар сол бұрынғы босқын туыстарын паналап келіп еді. Бірақ, кірменің аты – кірме, Дала-Шілмембет кейін келген қандастарына құшақ жая алған жоқ. Шығыс-Талғар болысы Рысқұл тобын Дала-Шілмембетке қоспай, таудың бір қуысына – Бесағаш деген жерге орын тепкізді.
Егін салып, жер еміп өскендер үшін Бесағаш қолайлы да емес еді. Су шығарып, тары егетін тақиядай да жазығы жоқ, есектің арқасындай аз ғана көлем. Азын-аулақ мал ұстап қана күн көрерлік.
Қоңыр торпақты құйрығынан ұстап бағып, қалт-құлт етіп күн кешкен Тау-Шілмембет ежелгі мекеніне оралғысы келеді. Туған жерді, қара бесікті сағынады. Ұшып жетер құс емес, қанатсыз халық. Оның үстіне Дауылбайдың қаһары әлі ызғарлы. Жиырма үй Сәліктің бүлігін көшіре алмайды. Дауылбай да ажалды жан. Дүниеден ол көшкенде не өзгереді? Орнына келген басқа болыс қалай қарар? Беймәлім.
Бүкіл дүние-әлем тұйықталып, Талғардың ақбас шыңы мен кейде бұлтты, кейде ашық аспаннан басқа бұл Бесағашыңнан ештеңе көрінбейді. Дүниеде не болып жатқаны белгісіз. Орыс патшасы мен Жапон соғысып жатыр деген сөз шығады. Ол не соғыс, кімге не жетпей қалған – ол жағы қараңғы.
Осындай бір оқшау қалған, «қаңғырған кірме» атанған аз ауылға болыстың дәл өзі тапа-тал түсте келіп, Рысқұлмен оңаша сөйлесіп тұрғанында не сыр бар?
Ауыл аң-таң. Ахат аңырып қалған. Көсем қарттың өзі қайран болып отырғанына қарап, басқалар да үміт пен үрей аралас бей-жай хал кешулі.
* * *
Қара қойдың, құны қымбатқа түсті. Болыс бағана «ер мойнында қыл арқан шірімес» деп еді. Сол қыл арқан қазір Рысқұлдың мойнына бұғалық болып ілінді де, қылқындыра бастады. Болыс Рысқұлдың болмашы кінәсін кешпеді. Қара қойды желеу етіп, Рысқұлды тағы бір қиын жолға айдап салды. Айтқанын істемесе айыпты болатын болды.
Ел орынға отырған апақ-сапақта Рысқұл Шабдар шолақты ерттеп, атқа қонды да, елеңсіз ғана шілікті сайдың табанына түсіп, тал-талдың арасымен ылдидап бара жатты.
Бұл жорықты Ахаттан басқа ешкім байқаған жоқ. Қарттың жүрегі әлденені сезгендей қобалжып қалды. «Мына батырды болысы түскір тағы да жылқыға жұмсады-ау. Тағы бір лаңға қалмасақ нетті. Төңірек біткеннің қыл құйрығын болыстың қорқау көмейіне тыға-тыға бұл Рысқұл бұрын не береке тапты? Әрең қойдырып едік, өзі де «енді жылқы алуға бармаспын» деп серт беріп еді. Мынау не жорық, қақпанға қайта түсті-ау, арланым», – деп Ахат іштен тынып, бір күрсініп, Рысқұлды жұтып жіберген сайдың түбіндегі үрейлі қараңғылыққа үңіле қарады. Обыр қараңғы түн болыстың өңешіндей үңірейіп міз бақпады. Шабдар салт атты сай табанындағы жалғыз аяқ соқпақпен ың-шыңсыз, жолбарыс жүріске салып, сырғанап кетіп барады. Бірер рет Рысқұлдың інінің астынан жарқанат зу-зу өтті. Қалың шырғанақтың арасынан көздері жарқ-жұрқ етіп үкі қалбаң ете қалды.