Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Е, шапыраш көзім, – деді Рысқұл үкіге мырс етіп, – екеуміз де түн қарақшыларымыз. Біздің тіршілігіміз түнде біткен. Қоян аңдып сорлап отырсың ғой». Бұл жолы Рысқұл осы түнде үйірлі жылқы алып қайтпас. Бұл жолғы сапар жалғыз аттың әрекеті. Сол жалғыз аттан гөрі үйірлі жылқы алып қайту әлде қайда оңай еді. Бұл сапарда болыс Рысқұлды Тұқымбайдың әйгілі Қызыл Жебесіне жұмсап отыр.
Қызыл Жебе – арғысы албан, бергісі қаңлы, ысты, жаныс, жалайыр, шапырашты жайлаған осы өңірдің маңдайдағы жарқыраған жалғыз жұлдызындай атышулы жүйрік ат.
Қызыл Жебе – болыс ауылының Керім деген кембағалдау бір шаруасының жалғыз салпы қарын қара биесінен туған шінжәу, қылаң қызыл құлын еді. Жадағай ғана жабағы кезінде Қаракемер жағынан Керімнің бір қаңлы құдасы келіп, қалап алған. Құнаннан дөнен шығар шағында Қызыл Жебе – сәуірдегі құлпырған қызғалдақтай жайнап шыға келді де той-томалақ, ас-жиындағы бәйгелердің алдын бермей ауызға ілінді.
Осыдан бір жыл бұрын Қаракемер жазығында болған бір бәйгеге Рысқұл Тұрарды артына мінгестіре барды. Тұрар Қызыл Жебенің әруағы асқан шағын сонда көріп, Бесағашқа қайтып келген соң балалармен ойнап жүріп, жаяу жарыста: – Мен Қызыл Жебемін, – деп айқай салып еді.
– Иә саған, сен Шолақ Шабдарсың, – деп таласады Қорған ұстаның баласы Арман. Арман осы Бесағашта туған бала. Тұрармен түйдей жасты. Әкесі ата-бабаның жұртына оралар күн болар ма деп атын Арман қойған.
– Иә саған, мен Қызыл Жебемін, – деп қасарысады Тұрар.
– Өй, өзің ойлашы, сенің көкеннің мініп жүргені Қызыл Жебе емес, Шолақ Шабдар ғой, – деп Арман құдайшылығын айта бастайды.
– Шолақ Шабдар мен емес, Оразбақ, – деп Тұрар жөн тауып кетеді.
Оразбақ – Рысқұлдың інісі Молдабектің баласы. Ардың-күрдің мақтаншақтау.
– Иә, иә, Шолақ Шабдар менмін, – деп Оразбақ тұмсығын көтеріп мақтанып қалады. Өйткені Бесағашта Шолақ Шабдардан артық ат жоқ. Оразбаққа соның өзі дәреже.
– Әне, айттым ғой, – деп Тұрар жеңіп шығады. Енді оның Қызыл Жебе екеніне ешкім таласпайды.
Қазір мына Рысқұл сол Тұқымбайдың Қызыл Жебесін қайтсе де алып қайтуы керек. Бағанағы болыстың онымен оңаша сөйлесуі осы жағдай.
Болыс Тұқымбайдан Қызыл Жебені қалап, сөз салғалы қашан. Тұқымбай икемге келмеген соң, Қызыл Жебенің түбі біздің ауыл. Тұлпар түбір табады. Керімнің қара биесінен туған құлын екеніне ешкімнің дауы жоқ. Малымызды қайтар, – деп бопсалап та көрді. Бай көнбеді.
Тұқымбай да осал қызыл көз емес еді. Соңғы сайлауда болыстыққа да таласқан. Содан да Саймасаймен арасы ашыла берген. Ендігісі ерегеске айналды. Саймасай: – аламын! – деді. Тұқымбай: – ала алмайсың! – деді. Ендігі мақсат сол сасық Тұқымбайды қалайда бір мұқатып қалу.
Рысқұл басын қайда, қандай іске тігіп бара жатқанын білмеді емес. Қызыл Жебе қолға түскен күнде де Саймасайдың бойына сіңбейтінін сезді де. Бағанағы оңаша әңгімеде де осы шүбәсін білдіріп еді, болыс:
– Әй, батыр-еке, қолыма бір тигізші, ар жағын өзім білемін ғой. Мүмкін, қырғыз асырып жіберермін. Ол жағын маған қоя бер, – деп түпкі мақсатын дүдәмәл қалдырды.
– Осы сапар тілегімді орындасаң, олжалы боласың. Ат сүрінбей жер танымайды. Осыдан осы айтқанымды істесең, арамыздың суысқанын мен де ұмытайын, сен де ұмыт. Ырылдарсың – қаппассың, менен жақсы таппассың. Түбі бірге туыссың. Сен Шымыр да, мен Жаныс. Екеуі бір әке, бір шешеден. Қырық жыл қырғын болса да қиыспайды туысқан туысқа, – деген.
Рысқұл болыстың, бұл айтқанына тағы шүбәланады: «Түбі бірге түртпейтін болса, туысқан қиыспайтын болса, Жаныс тұрмақ, ІІІымырды Шымыр өз еліне неге сыйғызбады? Дауылбай ата жағынан маған сенен гөрі жақын емес пе еді?»
Бұл ойын ол дауыстап айтқан жоқ.
Тағы да: – Бопты болыс-еке, – деді. Өйтпеске лажы қалмаған.
Саймасайдың жерін жайлап, суын ішіп, отын оттап отыр екенсің – айтқанын істе. Айтқанына көн, айдауына жүр. Өйтпейді екенсің, жөніңді тап. Әйда, Шығыс-Талғар болысының шебінен тайып тұр. Қайда барсаң, онда бар.