Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Маңқиған тау, қарлы-мұзды шыңдар. Мелшиген тастар. Тірлік білінбейді. «Е, кетіп қалған қу болды. Киік ізіне түсіп, қуалап кеткен-ау. Бәсе, киік суға құламай, сескенген екен ғой. Барыс үркіткен ғой».

Тобылғы тасасынан бірдеңе қылаң еткендей болды. Көзін уқалап, елес шығар деп еді. Қарсы алдында есік пен төрдей керілген кербез барыс тұр екен. Айылын жияр емес, «келсең-кел!» – деп тұр.

Аралары тым жақын. Барыс шындап бір-ақ қарғыса жетіп жатыр. Бірақ ол шапшыған жоқ. Сірә, тоқ болар. Алтын түстес теңбіл жүні жылт-жылт етеді. Соған қарағанда қонды болар. Оның үстіне жуырда ғана түлеген түрі бар. Тұрған бойы сұлтан шері, нағыз жайсаң.

Барыс Рысқұлға манаурап біраз қарап тұрды. Бірақ аңшы мылтығын көтерсе, оқтан бұрын атылатын шығар.

Аңшы әуеліде жүрегі су ете қалса да, сасқалақтаған жоқ әбиір болғанда. Егер тұра қашса – құтылмас еді. Барыс адамның табанын көрсе болды – айбыны асады. Серті солай деседі.

Рысқұл шерінің көзіне тіктей қарап, арбасып қалды. Енді көзі тайып кетсе де хауіп. Тау мен таста жалғыз жүргенде нелер қиын-қыстау кезеңдер болған: аюмен де алысты, ұялас қасқырлардың қамауында да қалды. Бірақ соның бәрі мына қияметтің ширегінен де келмес еді. Бұл сын-сынақтың көкесі болар. Бет-аузыңның бір жері жыбыр етіп, қорыққан белгі берсең – барыс садақша атылып бас салғалы тұр. Қанша балуан болсаң да, бұл арланға шыдас беру оңай болмас. Бұ шерің бір соққанда атан түйенің белін сындырып жүре береді.

Төменнен ұлар қақылықтады. Барыстың бір құлағы ғана сәл тыпырлағандай болды. Әлгі ұлар тағы қақылықтап алып, аңғардың бергі бетінен арғы бетіне парылдап ұшып бара жатты. Төбеден мұзарт шың төніп тұр. Көмекке келер жан жоқ. Егер осы жерде Рысқұл жазатайым болса, іздейтін кім бар? Әрі десе, Талғардың бұл биігіне одан басқа ешкім көтеріліп көрген емес. Дмитриев болса алыста. Азғана мезгіл ішінде Рысқұлдың басында неше қилы ойлар жөңкіліп өтті. Жазатайым кетсе, ит-құсқа жем болып, сүйегі шашылып көмусіз қалады. Былтырғы ғалым орыс алқапқа Рысқұлдың атын беріп еді-ау. Әлденеге көрінбесе нетті Рысқұлдың алқабы – Рысқұлдың қазусыз моласына айналмаса нетсін.

Бірін-бірі арбасқан ғаламат секундтар өтіп жатты. Бір кез Рысқұл шыдай алмай:

– Әй Шері – деді жәй ғана. – Мен саған тимеймін. Бар, бара бер.

Барыс Рысқұлдан көзін тайдырып әкетті де, білдірмей, жапырақ, шөп-шалам да сыбдырлатпай, мамық үстімен бара жатқандай маң басып, аяқтарын сылаң тастап, сұлу мүсін кете барды. Енді бір сәтте ол қарсыдағы жарқабақты қиғаштай тартып жоғары шыңға қарай көтеріле берді. Не бір тас, не бір қиыршық домалатқан жоқ. Жарқабақпен емес, әуемен қалқып бара жатқандай. Оқ жетер жер.

«Атып алсам ба екен?» – деген зәлім ой Рысқұлдың басын тағы бір шалықтап өтті. Артынша тәубаға келді. «Осыншама сері, сертіне мәрт сұлтан шеріге ту сыртынан ұрланып оқ атқаным – өлім болар» деп ойлады Рысқұл. Мұның тәңірдей теңбіл терісін жамылғанша Саймасай лақтың тулағын неге жамылмайды.

***

Арқардан жолы болмаса да, барыспен кездесіп, қан төгіспей ажырасқанына Рысқұл қуанып, қам көңілі едәуір жеңілейіп, көтеріліп қалды. Әлгі барыстың мәрттігіне тәнті болып, оны өзінің піріндей көріп, қанаттанған тәрізді. Қайдағы бір ұсақ-түйек күйбің тіршіліктің уайымына бола, қыл аяғы жаман тоқтышаққа бола көңілі ала, жаны нала болғанына ренжіп, дүр сілкініп, қайратына қайта мінді. «Бөрі азығы мен ер азығы жолда емес пе тәйірі, – Саймасайдың бір қара тоқтысын сұраусыз-ақ алсам нетті? Болыстың мойнында менің талай тоқтылық ақым кетті, мен неден сонша мүсәпірмін, атасына нәлет», – деп Рысқұл болыс ауылының отары жатқан өріске тіке тартты.

«Көжеден басқа асым жоқ, құдайдан басқа досым жоқ», өзіме өзім сыйынбасам, маған кімнің жаны ашыған. Болысқа бір тоқты деген қауыншының бір көк түйнегіндей емес пе?».

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий