Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Мамырбай Рысқұлдың аламан, албырт мінезін ұната бермейді. Жасы егде тартқанша орнығып, орта түсіп, жуаси қоймағаны ұнамайды. Осынша тақыр кедей болғаны, анда да, мұнда да сыйыспай жүргені қу мінезінен деп ойлайды. «Күштіменен күреспе, мықтыменен тіреспе» деген бұрынғылар. Шамаң келмейтін болған соң құр тыраштанып не керек, одан да ақырын жүріп, анық басып, құба төбел қу тіршілікте біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей, бала-шағаңды асыра. Адыр болғаныңмен ірі болмасаң – бәрі бекер. Бәрінен де осы Рысқұлдың Қалипаны елең-алаңда қолынан тартып әкеткені Мамырбай шалдың кәрі көкірегінен шемен болып кетпейді-ақ. Шал да болса Түлкібас-Жуалыдан ауып келген Шымырдың бір тентегінің қорлығына көнбек емес еді. Қалипа марқұм:
– Жөкеме айтыңдар. Өз ықтиярыммен шықтым. Шатақ шығарып, ұятқа қалмасын, – деп сөз салыпты деген соң барып Мамырбай өз шынтағын өзі тістей алмай қапа боп қалған.
Көк шыбын біраз үні өшіп, жым-жырт болған соң қайтадан безілдей бастады. Құрақ терезені тесіп шығуға мың жылда да шамасы жетпес, бірақ шыныны соққылап, ызыңдағанын қоймайды. Далаға, кең дүниеге шығуға деген құштарлық қыстаған бір мақұлық.
Ахат сонда жалбыр қасын жалп еткізіп, көзін ашып алды. Көз жанары жайдары, жұмсақ екен, әрбір қимылын андып отырған Рысқұлдың іші жылып қалды. Тәуіп өз құлағы ауыр болған соң жұрттың бәрі саңырау деп ойлай ма екен, жарықтық, әйтеуір:
– Рысқұл! А! Рысқұл! – деп айқай салды. – Аруақ-құдай қолдаған екен, балаң бір қатерден қалыпты. Қатты келген екен, әлгі сүзекті айтам. Енді ештеңе етпейді. Беті бері қарады. Түйірі бар тамақ ішкізбей қоя тұр. Ұн қуырып, сұйық быламық бер және айтарым таба алсаң, қара қойдың қалжасы керек. Тек майын алған сорпасын ғана ішкіз. Құдай қаласа, жігітің жазылып кетеді.
Ахат орнынан тұрып, таяғына сүйеніп, бүкшеңдей басып есікке беттеді. Шығып бара жатып, артына бұрылып. – Әлгі қара қойдың қалжасын ұмытпа, – деді.
Лезде қара қойдың қамы уайымдатқан Рысқұл тәуіп ағасына рақмет айтуды да ұмытып кетіп еді.
– Айтпақшы, адыраспан тұтатып, күн қызылы батқанда баланы үйдің сыртына алып шығып, құбылаға қаратып, шашыратқының қайнаған суымен ұшықта, – деді тәуіп қайта бұрылып.
* * *
Тышқан мұрнын қаната алмас. Тышқақ лағы да жоқ. Жөнді жуынды тимеген соң Желтабан да зорман аулап, күні бойы тау бөктерлеп үйден безіп кетті. Тау демекші...
Рысқұл дәл қазір құлжа атып алатындай, асыға басып далаға шықты. Айнымас досындай кеудесін айқара ашып Талғар тұр екен. Иә, Талғарға көтерілмегелі де көп уақыт болып қалыпты. Былтыр Петербордан келген оқымысты орысты ертіп шыққаннан кейін қайтып, Талғар белуарына көтерілген емес.
О да бір өте шыққан күндер екен. Орыстардың ішінен, әсіресе ұлықтарының ішінен ондай мың болғыр оңдысын бұрын көрген жоқ. Метрей, ия, Метрей еді ғой аты. Талғардың биік шыңдарына жол тауып алып шыққаны үшін Рысқұлға көп күміс ақша беріп, Рысқұл үйі сонда битін бір төгіп қалып еді.
Сол орыс кетерінде:
– Егер қысылсаң, хабарла, – деп еді.
«Жағдайымды айтып, хат жазғызсам ба екен?» – деп те бір ойлады Рысқұл. – Бірақ сонау жер түбіндегі бір көрген орыстан қара қойдың пұлын сұрап, алақан жайғаным қалай болады? Одан да мылтық алып, тау кезіп келгенім дұрыс шығар. Жүргенге жөргем ілінер деген. Киік семірген кез...»
Талғардың басында ұшпа бұлт тұр. Еш адам баласы басып көрмеген шыңдарына Рысқұл мен ол ерткен Петербор орысы Метрей шыққан Талғар. Дүниенің төбесіне сонда көтерілген. Дүниенің асқақтығын сонда көрген. «Ұлы тауға шыққан бар ма, ұлар етін жеген бар ма?» – деген сұраққа:
– Бар! Ол – Рысқұл, – деп жауап берсе болғандай.