Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Вагонда бауырласып алты тәулік жол жүргенде, Нәфиса Әзизаның кім екенін білген. Рысқұловты естіген екен. Оның Сұлтан - Ғалиевпен дос-жаран болғанын білгенде, Әзизамен тіпті апалы-сіңлідей болып кетті.
Пойыз Көкшетаудан ұзап кеткенде ғана, Әзиза Риданы өз қолына алып:
– Сол кезден қалған бір жапырақ белгі мынау, - деп қойды.
– Не болды, айтсаңшы, - деп Күләнда тіл қатқанда барып, соноу бір кезде, 1930 жылы Рысқұловпен тұңғыш рет осы Көкшетауда, тұп-тура жанағы вокзал басында, тұйықта тұрған люкс - вагонның ішінде танысқанын айтып, сыр шертті. Тіпті Рысқұловтың сондағы кейбір мінезін суреттеп, күліп те жіберді.
Түкке түсінбеген орыс қатындар Әзизаның біресе жылап, біресе күлгенін көріп, бір-біріне қарасып, біреуі тіпті саусағымен өз басын нұқып та қойды.
Әзиза арада «жеңгетай» жүрген Ескендір Тынышбаевтың небір қылықтарын еске түсіріп, мәз болды.
– Қай Тынышбаев? - деп қалды Күләнда.
– Мұхамеджан Тынышбаев. Ескендір соның баласы.
Күләнда ол кісіні жақсы танитын болып шықты.
Үш нәрсе арсыз: ұйқы арсыз, тамақ арсыз, күлкі арсыз. Орыстар мұны білмей ме, Әзизаның күлгеніне таң қалады. Бірақ өздері де біресе жылайды, қосылып өлең айтады, сақылықтасып күледі. Тұтқындар пойызында осындай өмір әзірше ешкімді де өлтірместен, ақырында Ақмола деген қалаға да әкеп жеткізді - ау. Вокзалдардың бәрі бір-біріне ұқсас. «Ақмола - Акмолинск» деген жазуы болмаса, мынау да Көкшетаудың вокзалындай. Пойыз ыңқ етіп тоқтаған соң, сыртта дабыр-дүбір көбейді. Шошақ буденновкалар көбейді. Репродуктор даусы саңқылдап тұр. Радио концерт беріп жатыр. Тіпті осы пойызды бүкіл халық болып күткендей, перрон басы гу-гу. Бұл не екен деп, тұтқындар терезеге үңіледі. Бірақ гүл алып шыққан ешкім жоқ. Арсылдаған овчарка иттерімен алысып тұрған милиция. Бір уақытта сырғыма жалпақ есік ашылып кетті де, сырттан бір зілман дауыс:
– Шығындар! - деді.
Сатысы жоқ мал вагоннан әйелдер бірін-бірі сүйемелдеп, қарғып түсе бастады. Таза ауаға үйренбеген байғұстардың басы айналғандай болды. Күн әлі едәуір суық екен. Барын үстіне іліп, бастарын шандып алған әруақ сияқты тұтқындарды сапқа тұрғызып, мылтық кезенген, арпылдақ ит жетектеген айдауылдар тізбекті вокзалдың ішіне кіргізбей, шетке алып шықты. Оқшаулау бір сары үйдің маңдайшасында «АЛЖИР штабы» деген жазу бар екен. Топырлатып соған кіргізді.
– АЛЖИР - і несі? - деп күңкілдесті тұтқындар.
– Африкада Алжир деген ел бар, соған әкететін шығар, - деді бір еврей әйел.
– Онда Сібір айналдырмай-ақ, Мәскеуден ары неге әкетпеді, - деп біреу шүбәланды.
– Суықтан суырып алып, ыстыққа шыжғырмақшы, - деп бір әйел ашу шақырды.
– Не разговаривать! - деп арс етті бастық. Әлгі ашушаң әйел:
– Азамат бастық, сұрауға рұқсат етіңіз? - деді. Бастық оған ызғарлана қарап:
– Ал сұра, - деді.
– Айтыңызшы, бізді Африкаға айдайтындарыңыз рас па?
– Оттама! Қайдағы Африка? - деді анау түсін жылытпай.
– Онда бұл қай Алжир?
– Ақымақ, - деді бастық, - АЛЖИР - Акмолинский лагерь жен изменников родины. Түсіндің бе?
– Сонда біз осы қалада қаламыз ба? - деп қоймады әлгі батыл әйел.
– Молчать, сука! Тым көп білгің келеді. Енді бір сөз айтсаң, карцерге салдырамын.
Сонымен, «суканың» жағы семді. Тұтқындарды бір-бірлеп ішкі бөлмеге кіргізіп жатты.
Аяғы талған Әзиза баласын бауырына қысып, суық қабырғаға сүйеніп, тізесін бүгіп отыра бергені сол еді:
– Рысқұлова, - деп айқайлады қолында қағазы бар милиционер.
– Мен...
– Кір ішке!