Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ей, қасиетті қарағай! Адамдар сенен салтанатты сарай да салады, адам қамайтын абақты да салады. Адамдар сенен нәрестеге арнап бесік те соғады, өлікке арнап табытта соғады. Ас ішетін қасық та, адам өлтіретін найзаның сабы да сенен жасалады. Жақсылығың мен жамандығың егіз. Жамандыққа сенін жазығың жоқ. Адамдар солай ойлап тапқан. Енді менің тұтқындық төсегім болдың. Табытым бола алар ма екенсің. НКВД атылғандарды табытқа салып көмер ме екен... Егер НКВД атылғандардың бәрін табытқа салып көмер болса, өкіметтің қазынасының белі қайқаңдап қалмай ма? Ондай шығынға бара қоймас. Әй, сол табытқа салды не, салмады не - бәрібір емес пе?! Өлген адамға бәрібір. Табыт -мабыт тірілердің тыраштығы. Табыт сенін денеңді мәңгі сақтамайды. О да шіриді. Бәрінің ақыры - топырақ. Кәдімгі жәй топырақ. Сол топырақты басып жүріп, сол топырақты жыртып, егін егіп жүріп, соның бір заманда тірі адамның денесі болғанын адамдар ойланып жатпайтыны жаман. Топырақтан жаралған - топыраққа айналмақ! Одан басқа жол жоқ. Кейбір елдерде өлген адамды өртеп жіберіп, күлін суға, ауаға шашып жатады. Ешқайда қашып құтыла алмайсың. Бәрібір жерге түсесің, топыраққа қосыласың. Сондықтан да бұрынғы монғолдар көр қазып, әуре болып жатпаған. Өлгендерді апарып тастайтын арнайы сайы, жырасы болады. Сонда жатып, жермен-жексен болып, топырақпен қауышады. Адам тәнін солай тауысады. Мұны Рысқұлов Моңғолстанда көрген.
Ал жан ше? Жанның жөні бір басқа. Оның жұмбағы көп. Жұмбақты шешкен ешкім жоқ. О дүние деген бар дейді. Шын дүние сол деседі. Рысқұловтың мына қазір бастан кешіп жатқанының бәрі Жалған дүние көрінеді. Шын дүние әділетті сияқты. Бәле-жала, қиянат, қараулық, арамдық атаулыға жол жок, қарауыл күшті көрінеді. Ал Жалған дүниеде қарауылдың өзіне қарауыл керек. Сонымен, Шын дүние жақсы сияқты. Бірақ соны барып, оз көзімен көріп, қайтып келген ешкім жоқ. Бар трагедия сонда. Әйтпесе адамдар ажалмен арпалысып, өлімнен қорқып несі бар? Мына Рысқұлов сыңайлы итқорлық көрмей, Құдай -Құдай деп сол Шын дүниеге жөней бермей ме? Мәселе қайда?
Рысқұлов қарағай төсекте оң жамбасына аунап түсті. Рахат. Глебов суға тұншығып өлгендей үн қатпайды. Сұраққа шақырғанды қойды. Ешкім мазаламайды. Осындайда ойланбағанда қайда ойланасың? Жалған дүниең мен Шын дүниеңді ойлай бер, Рысқұлов. Рахат... Ай, сонда Рысқұлов өзінің жауларынан кегін ойша бір алды - ау дейсің...
Баяғыда - баяғыда, Талғар таудың бауырында, Бесағаштың басында, Солдат сайдың қабағында, қураған арша алауының көмескі сәулесіне ақ сақалы шағылысып отырып, Ахат атасы айтар еді:
– Әзірейіл деген болады, - деп, - Ханға да, қараға да қарамайды. Құдайдан әмір болған күні келіп, жаныңды алады. Жаныңды о дүниеге алып барып, тергеуге салады. Жалған дүниеде істеген жақсылығын мен жамандық таразының екі басына түседі. Жақсылығын көп болса, пейішке кіресін. Жамандығың басым болса, тозаққа айдайды...
Арша ағашы шытырлап жанады. Хош иісті түтіні мұрныңды қытықтайды. Алау басындағы балалар Ахат атанын әңгімесін тыңдағанмен, түсіне бермейді. Бала Тұрар сонда түсінбеген әңгіме енді ересек Тұрардың ойын билеген үлкен сұраққа айналды.
Әсет - жан, осы аурудан өлем білем,
Алланың аманатын берем білем, -
деп Кемпірбай қыран айтқандай, Рысқұлов бұл түрмеден шықпас сыңайлы. Әкесі Рысқұл қайта-қайта түсіне кіріп, атқа мінгес деп, үзенгісін босата бергеніне қарағанда, бұл жарық дүниедегі талқаны таусылатын да түрі бар. Сонда жанның тәннен бөлініп ұшатыны шын ба, қиял ма? Мәселе қайда? Ал жан тәннен бөлінді делік. Ал иә пейішіне, иә тозағына түсті делік. Сонда сол Шын дүниеде де өмір өлшеулі ме екен, әлде мәңгілік пе? Егер өлшеулі болса, сол Шын дүниеден өзге тағы да басқа дүние бар ма? Міне, сұрақ.