Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бөлменің іші жып-жылы екен. Төрдегі үстел басында екі еркек, бір әйел отыр. Әйел де милиция порымында. Еркектің біреуі қазақ сияқты. Басы жап-жалтыр. Қалқаң құлақ. Шап-шағын. Қасында дәу орыс отыр. Төрдегі қабырғада - Ленин мен Сталиннің суреті. Қаптал қабырғада - Дзержинский мен Ежовтың портреті. Қарсы қапталда - «Халық жауларына - өлім» деген үлкен жазу тұр. Есік жақ қабырғадағы плакатта - буденновка киген, кіжінген чекист бір қолында винтовка, бір қолымен «халық жауын» қылқындырып түр. Чекист зор, ал «халық жауының» үлкендігі - күшіктей-ақ.
– Рысқұлова Әзиза Түбековна, - деді жұмыртқа бас қазақ алдындағы қағазды оқып. -Дұрыс па?
– Дұрыс, - деді Әзиза.
– Қолыңдағы кімнің баласы?
– Өзімнің балам.
– Фамилиясы кім?
– Рысқұлова.
– Аты?
– Рида.
– Әкесінің аты.
– Тұрар.
Дәу орыс қозғалақтап:
– Тот самый, - деді. Жұмыртқа бас:
– Дәл өзі, - деді. Содан соң, Әзизаға қарап:
– Нәрестеге обал ғой, фамилиясын өзгертпейсің бе? - деді жаны ашыған болып.
– Неге? - деді Әзиза шоқ басқандай.
– Бұл байғұс бала ертең өседі, халық жауының фамилиясын алып жүргені ауыр болады, қорланады ғой. Маңдайына қарғыс таңбасын басып қойғандай...
Әзиза әлдеқалай әруақтанып кетті. Кімнің алдында тұрғанын да ұмытқандай. Тергеуші қазақты тұңғыш рет көріп, іші бұратын шығар деп үміттеніп еді, жаны ашыған түрі мынау.
– Ал мен айтсам, Рысқұловтың фамилиясын алып жүру зор мақтаныш, - деді Әзиза арқаланып. Әйел чекист тыжырынып:
– Ишь ты, - деді.
– Жә, өйтіп қызбаланбаңыз, - деді қазақ чекист бас терісіне дейін қызғылтым тартып. -Аяғанды білмесең, аңырап қаласың. Қызыңды детдомға өткіземіз.
– Жоқ! - деп шыңғырып жіберді Әзиза. - Мен тірімін ғой. Мені өлтірсеңдер, сонда өткізіңдер!
– Айқайлама! - деп қызғылтым бас чекист ақырып қалды. Қатын дауысты неме, үні шаңқ етті.
– Тумай жатып мұның не жазығы бар, ағатай-ау.
– Орысша сөйле! - деп шіңкілдеді қазақ чекист. - Жазығы сол - халық жауының тұқымы. Кәмелетке жеткен соң, бұл да түрмеге алынады. Білмейсің бе? Үкім солай.
– Құдайдан қорықсаңдаршы...
– Болды! Сенен басқа да кезек күтіп тұрғандар көп. Хабарлаймын. АЛЖИР - де боласың. Мамандығың бар ма?
– Ба –а - ар.
– Қандай?
– Ма – а - ал дәр – і – ге - рі...
– Как раз, - деп қалды дәу орыс.
– АЛЖИР-де мал фермасы бар. Сен керексің. Ал ана балаңды мына кісіге тапсыр, - деп әйел чекисті көрсетті. - Полина Карповна, қызын алып, Осакаровка детдомына өткізесіз.
– Құп болады, - деп Полина Карповна орнынан түрегелді.
– Бермеймін! - деп Әзизаның жан даусы шықты. Чекист әйел Әзизаны шапалақпен беттен тартып - тартып жіберді де, құндақты оның қолынан жұлып алды. Мұндай соққы күтпеген Әзиза әуелі есеңгіреп, содан сон баласына қолын соза ұмтылды.
– Айналайындар - ау, аясаңдаршы! Байымды алдыңдар, анамды, бауырларымды, тұнғыш қызымды да алдыңдар... Ескендір - Шурикті де алдыңдар. Жалғыз жапырақ кішкентай нәрестені де қимайсыңдар ма – а - а...
Алты айлық Рида түрмеде туып, бәле көрген емес пе, беті ересек адамдай әжімді, көзін мұң басып, аузы кемсеңдеп, тырбаңдап, кішкентай ғана арық қолын әлсіз созып, жылауға да шамасы келмей, мәліш қозы маңырағандай, жай ғана ыңырсыды.
***