Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Қазақстанға кеттік, - деп шу ете қалды. Біреулері:
– Қазақстан - шөл дала, қурап өлеміз, - деп күңіренді.
– Сібірде тоңып өлер едік қой, - десті біреулері. Ал Күләнда мойнына жүн орамалын салып:
– Иә, Көк Тәңірі! Иә, аруақ! Ақ жол бере гөр! - деп еңіреп жіберді. Діні қаттылау, жігерлі әйел Қазақстанда не күтіп тұрғанын білмесе де, әйтеуір туған топырақ қой деп, алдынан бір иненің жасуындай сәуле жылтырағандай іші жылып сала берді. Әзиза мен Нәфиса оны қосыла құшақтап, қосыла жылап, Жасағанға жалбарынды.
Қазақ даласы да әлі қар жамылып жатыр екен. Ойдым-ойдым орманы бар, ара-тұра шоғыр - шоғыр, аласа үйлі ауыл көрінеді. Есіктерінің алдында ерттеулі тұрған аттар. Бірде пойыз жолдың қапталынан тазы ерткен, түлкі тымақты, салт атты қазақ көрінгенде, Күләнда:
– Бауырым-ай! - деп айқайлап жіберді. Салт атты атының басын іркіп, пойызға қарады. Бірақ оның ішінде кім барын, қандай қайғы, қандай қасірет барын сезбей, аңырып тұрды да, атын тебініп, борт-борт желіп кете барды.
– Осындай елден, осыншама жерден Мәскеуге кетіп неміз бар еді, - деп өкінді Күләнда. -Қызмет деді, өкімет деді бас иелеріміз. Тіпті сенің Тұрарың мен менің Сұлтанбегім бір кезде, Ташкентте айтысып қалып та жүрді. Ойбу, сорлылар - ай десеңші. Одан да әлгі тазы ерткен қазақ құсап, елде жүре берсеші.
Орыстың қатындары қосылып алып:
– Бродяга Байкал переехал... - деп зарлы әнге басты. Аратұра дабырласып, баяғы декабристердің әйелдерін еске алды.
– Солар сияқты қайсар болу керек, - деді біреуі.
– Олар Сібірге байларының артынан барса, алтын менен күміске малынып барған. Сен жәлептің нең бар, жалаңбұт сорлы, - деді екіншісі.
Олардың дау-дамайын тыңдап отырып - отырып, Нәфиса:
– И - и, ұятсыздар, яман сүз айталар, - деп бетін бұрып әкетті. - Қарыйсың, қарыйсың, интеллигент кібік еще.
Онысы рас. Бұлардың арасында қара шаруаның қатыны жоқ. Бәрі де ірі-ірі қызметкерлердің, оқымыстылардың, қайраткерлердің әйелдері. Яки, өздері оқымысты немесе ақын-жазушы, әртіс.
Сталин мен Ежов қоғамның басын кесіп алып, құр денесін қалдырды. Бассыздарды басқару оңай. Басы жұмыс істейтін ақылды адам хауіпті. Ақылынан айырылған коғам не болмақ?! Алда не күтіп тұр? Айнала аппақ қар. Дүние бұлыңғыр, мұнар, мұнар, мұнар заман.
Әзиза қалжырап барып, ұйықтап кетіп еді, түсіне түсініксіз әлденелер кірді: бұлттың ішінде ұшып жүр екен дейді. Дауыл соғып, ұшырып әкеткен дейді. Үздігіп - үздігіп жерге түскісі келеді, түсе алмайды. Жерде Сәуле қалып барады: мама, мама! - деп шырылдайды. Кіп-кішкентай, топ-томпақ қолдарын созады. Бір уақытта шарт етіп, найзағай соққандай болды да, Әзиза оянып кетті. Сөйтсе, пойыз солқ етіп тоқтаған екен. Вагондар бір-біріне соқтығысып қалған екен. Орыс қатындар:
– Бревна везет, что ли, - деп бұрқылдасты.
Әзиза мәңгіріп отырып, бір мезгіл терезеге үңіліп еді:
– Ай! - деп айқайлап жіберді.
– Не болды, байғұс-ау, - деп Күләнда жалт қарады. Әзиза ернін тістелеп, өксіп жылаған даусым шығып кетпесін дегендей аузын басып, тұншығып:
– Көк – ше - тау, - деді.
Қараса - вокзал екен, қызыл үйдің төбесінде: «Көкшетау - Кокчетав» деген жазуы бар.
– Е, жарықтық, Көкше, - деді Күләнда әулие көргендей қолын қусырып, басын иіп. -Жынданайын дегенсің бе, неге сонша бақырдың - деп Әзизаға ұрысты. Әзиза сазарып, үндемей қалды. Күләнда өкпелетіп алдым ба деп, лезде мейірленіп:
– Қой, Әзиза, әшейін айтам, елді сағынғансың ғой, - деді.
Кішкентай Рида қыңқылдады. Әзиза таскерең болғандай оған назар да салмады. Жылаған баланы Нәфиса көтеріп алды. Тас меңіреу қалпында көп отырды. Терезеден көз алмайды. Тек пойыз жүре бергенде ғана, еңкілдеп те еңіреп кеп жіберді. Күләнда басынан сипады. Орыс қатындар оқшиысып:
– Что с ней? - деді.
Нәфиса түкке түсінбесе де, көңілі босап:
– И - и, ғазиз баш, ғариб мискин, - деп қойды.