Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Рысқұлов, сен балаңның қазір қайда екенін білесің бе? - деді Глебов «Беломор» папиросының қорабын қаққылап, қақпағын ашып, ішінен бір талын суырып алып.
– Білемін, - деді Рысқұлов саспастан, - сенің тамұғында. Ежовтың темір тырнағында.
– Қателесесің, Рысқұлов, - деп Глебов езуін қисайта күліп, сол езудің қисайып тұрған жеріне папирос қыстырды.
Рысқұловтың іші қалтырап кетті. «Өлтірген екен ғой», - деді, бірақ сыр бермей, табуретканың бір бұрышында ғана сіресіп отырды. Табуреткаға құйрығыңды ілінер-ілінбес қана қойып, шоқиып отырасың, жайғасып отыру жоқ. Ал мұның қияпат екенін бастан кешкен ғана біледі.
Глебов папиростың қорабын сілкіледі.
– Білмедің, Рысқұлов. Сенің миың шаршаған екен. Алғыр едің, сұңғыла едің. Енді айни бастапсың.
Әлгі қораппен ойнап, тағы да құйқылжыды. Ары-бері шайқады.
– Міне, мұнда, мынаның ішінде, - деп қорапты Рысқұловтың мұрнының ұшына тигізіп -тигізіп қойды. Мұрнына темекінің иісі келді.
Рысқұлов түсінбеді. Шынында да миы топастанған шығар. Ескендір қораптың ішінде. Ол не дегені? Өлтіріп, өртеп жіберіп, күлін салып алды ма? Алғашқыда жүрегі түскір су - у ете қалса да, енді бәріне де көндіккендей енжар қалып сақтады. Өмірде әкеге бала өсиет айтқан бар ма? Балаға әке өсиет айтар еді, ал Ескендір болса Рысқұловқа: «Әке, ештеңені мойындама», - деді. Бұл оның ақырғы сөзі, яғни өсиеті. Рысқұлов баланың жанын сақтап қалу үшін Глебовтың қағазына қол қоя жаздады. Ұлы айтты: «Өлтірсе өлтірсін, бірақ қол қойма!» - деді. Рысқұлов содан бері талай өліп, талай тірілді, бірақ қол қоймады.
– Білмедің, Рысқұлов, міне мына жерде, оқы, - деп папиростың жазуын көрсетті Глебов.
– Бе – ло – мор – ка - нал, - деді Рысқұлов шала сауатты адамдай ежелеп оқып.
– Молодец! - деді Глебов қуанып кетіп. - Осы сен дегенмен сауаттысың - ей. Әкең әліпті таяқ деп білмеген, бабаң суқараңғы. Осы сен оқуды қайдан үйреніп жүрсің - ей? Кім үйреткен саған?
– Болған жақсы адамдар. Түрмеде үйрендім.
– Бәсе, бәсе. Сені, тек түрме ғана түзейді. Жөргегің жеркепе, тұрағың - түрме. Сөйте тұра, билікке таласасың. Рыковпен ауыз жаласып, Сталин жолдасты құлатқың келді. Рыков -Сталиннің орнына, сен Түркістанға ұлы хан болғың келеді. Солай ғой? Айт, шыныңды!
– Сандырақ, - деді Рысқұлов селқос қана.
– Жапония ше?
– Сандырақ, - деді Рысқұлов есінегісі келгендей.
– Германия шe?
– Ода.
– Түркия ше?
Рысқұлов бұ жолы үндемеді.
1921 жылы мұсылман коммунистердің Мәскеудегі жиналысында осы Рысқұлов: «Түркия азаттық үшін арпалысып жатыр. Мұстафа Кемәлдың жолы - ақ жол, әділет жолы», - деп еді. Сөйткен Мұстафа Кемәл енді Ататүрік атанды. Азаттық үшін арпалысып, жауларын жеңіп, түріктердің әруағын асырып, өз алдына тәуелсіз, егемен мемлекет құрған адамда да арман бар ма екен? Рысқұлов біртүрлі мұңайып, терезеге қарады. Ататүріктің бақытына қызықты ма, әлде оған бір кезде тілеулес болғанын ризалықпен сезінді ме тастай түйілген адам енді елжірей бастады.
Глебов шыдай алмай, Рысқұловтың ту сыртынан келіп, папиростың шоғын төбесіне басып кеп қалды. Рысқұловтың бір кездегі киіздей қалың шашы бұл күнде селдіреп, сиреп еді. Шоқ төбесін күйдіріп түсті. Бірақ ол селт етпей, отыра берді. Глебов ызаланып:
– Тьфу, дьявол! - деді де, қоңырау шалып, айдауылды шақырып, ақырып қалды:
– Әкет!
***