Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Баланың маңдайынан аққан тер мойнына қарай ағылады. Теңіз жақтан соққан өкпек жел, әлгі терді лезде қатырады. Енді тер мен желдің арпалысы басталады. Тер аққанын қоймайды, жел қаққанын қоймайды. Екі ортада адам деген бишара пенденің жаны шырқырайды. Құдай сорлатқанда, тоқтап тұрып қалуға тағы болмайды. Өйткені артыңнан қаздай тізіліп келе жатқан басқа тұтқындар бар. Ал жалғыз табан жол біреу-ақ. Айналып өте алмайсың. Жан-жағың жақпар-жақпар шоқалақ. Тачка жүрмейді. Бір адам жолда тоқтап қалса, соңындағы басқалардың бәрі тоқтайды. Ал бұл жағдайды Холкин көрмей қалмайды. Көреді. Бітік көз болса да көреді.
Солтүстіктің аспаны түнеріп тұрады. Холкин одан да түнеріңкі. Оңтүстікте, Ескендірдің туған жерінде алдақашан жаз шығып, өрік пісейін деп қалған. Мұнда мұздың көбесі енді-енді ғана сөгіліп, тоңы енді-енді ғана жіби бастаған. Жалғызаяқ жолдың жиегіндегі тастардың арасынан қылтиып - қылтиып, ілмиіп қана бірен-саран көкшіл гүл көрінеді. Бәйшешек сияқты. Бірақ бәйшешектен гөрі сүйріктеу.
Анадайдан айқайлап, Холкин жақындап келгенде, әлгі әлжуаз уыз гүлдер оның етігінің жалпақ табанының астында мыжылып қалды. Алпамсадай неме, келе сала, Ескендірді жағасынан алып, тоқпақтай жұдырығымен түгі үрпиген жақтан ала періп кеп жібергенде, бала жолдың жиегіндегі мүк басқан тасқа қалпақтай ұшып түсті. Арттағылар у-шу. Сол -сол екен, иесіз қалған тачка тасымен қоса төмен қарай домалап барып, келесі тачкаға соқтығыссын. Оның адамы құлап қалсын. Ол барып арттағы адамға ұрынғанда, ол да тачкасынан айырылып қалсын. Не керек, қараптан-карап тұрып, қаздай тізілген қатар ұмар-жұмар жайрасын. Оны көріп, Холкин енді ашуын тырнадан алған тазыдай, ал кеп тепкілесін Ескендірді.
Айнала дүние түнерген дүлей, тұтасқан мұз болса да адамдардың бәрі тілсіз тасқа айналып кетпеген шығар, екі-үшеуі жүгіріп келіп, балаға араша түсті. Оған Холкин екіленіп кетті:
– Ах, вы, мать твою... Халық жаулары! Бунт! Бунт па бұл! - деп, ал кеп долдансын. Әлгі екі - үшеуді жан-жаққа тулақтай лақтырып тастады. Өзі күшті - ақ. Күшті болмаса, мұндай жерге бастық болу қайда? Әрі десе, арақ пен доңыз майының буы бар.
Қапсағай келген, мосқалдау бір кісі, өзі орысқа ұқсаңқыраса да, орысшасы мүкістеу шығып:
– Азамат бастық, аясаңшы, бұл жас бала ғой, - деді.
– Ая дейді, кімді аяймын? Халыктың жауы Рысқұловтың баласын ба? Сен білесің бе оның не істегенін? Жолдас Сталиннің өзіне қарсы шыққан. Рыковпен бірігіп, жолдас Сталинге қастандық жасамақ болған! - деп Холкин аузынан түкірігі шашырап кетті. - Ал сен, оңбаған Фаткулин, сен де жаусың. Ух, ты, сволочь – Сұлтан - Ғалиевщина! Қарға қарғаның көзін шұқымайды. Қара мұны жаны аши қалуын.
Фаткулин айтарға сөз таппағандай аузы аңқиды да калды, «Рысқұлов» деді ол ішінен күбірлеп. Көрмеген, бірақ көп естіген. Сұлтан - Ғалиев екеуі Сталиннің орынбасарлары десетін. Екеуі дос екен десетін. «Ей, міскін бишара бала, - деді ішінен. - Сен Тұлпардың тұяғы екенсің ғой».
Бала соны естіп қойғандай, сол іштей жанашырлықтан бойына әл-қуат біткендей, төрттағандап орнынан тұра беріп еді, Холкин ызалана ышқынып, ту сыртынан теуіп кеп жіберді. Айнала тұрғандар: «Аһ!» - деді. Бірақ ешкім араша түсе алмады. Орындарынан қозғалмады.
Ескендір енді бетін бері бұрды: жүзінде балалықтан белгі қалмапты. Бетінің түгі тікірейіп кеткен, тым қаһарлы көрінді. Енді өлетін шығар деген бала орнынан бір-ақ қарғып, ширақ тұрды. Жерден бір кесек тасты қолына қыса түрегелген екен, шапшып барып, Холкинді беттен салды - ай кеп. Пілдей ауыр Холкин ырғалып барып, гүрс етіп, құлап түсті. Айнала тұрған тұтқыңдар тағы да: «Аһ!» - деді. Бірсыпырасы бәледен аулақ деп қаша жөнелді. Дереу тачкаларына жармасып, төгіліп қалған тастарын теріп, сала бастады. Ал Фаткулин Ескендірге:
– Бекер болды, - деді.
– Мейлі, - деді Ескендір. - Енді маған бәрібір. Рахмет сізге, - деді. - Екі дүниеде де ұмытпаймын.
***