Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Камераға кіріп, тас төсекке жантайып жатып, төбесінің күйіп қалған жерін саусағымен сипалап көрді. Удай ашыды. Ашытқаны қорлық емес. Рысқұловтың төбесіне адам айуанының темекі тұқылын басып, мыжғылап өшіргені қорлық. Бірақ бұған Рысқұлов аса қорынған жоқ. Не көрмеген бас? Неге шыдамаған төбе? Осыдан үш күн бұрын бұл төбеге сұп - суық зәрдей тамшы да тамшылатып қойды. Содан, ақыры Рысқұлов үш күн бойы ес-түсінен айырылып жатты. Жаны неткен сірі еді. Таудағы тасжарған тұқымынан жаралған шығар. Глебовтың келесі сынағының түрі - жаңағы. Төбесіне темекінің шоғын басып өшірді. Бірақ сөйтіп тұрып, Рысқұловтың рухын жандандырып та кетті. Оны Глебов өзі сезген жоқ.
Рысқұловтың жар дегенде жалғыз ұл баласы тірі екен. Ақ теңізге айдаған екен. Ақ теңізден ана бір жылы Онега көліне дейін канал қазғанда, айдаудағы адамдар шыбындай қырылған. Ескендірді, әрине, курортқа алып барған жоқ. Азапқа алып барды. Бірақ мына тас камерадан тәуір болар. Мүмкін, жаны тірі қалар. Әйтеуір, үміт өлмейді. Үміт өлгенде Рысқұлов та өледі.
Рысқұлов енді Әзизаны ойлады, жаңа туған нәрестені ойлады. Бұрын олар есіне түскенде өзегі өртеніп кетуші еді. Енді өйтпейтін болыпты. Оларды азапқа салуын салады, бірақ атып тастамас. Рысқұлов солай ойлайды. Содан кейін, көз алдына Сәулесі келеді. Сүп-сүйкімді томпиған бишара. Енді не болар екен? Түйметайдың қолында қалған шығар. Әлде Әрифа алып қалды ма? Алпыстағы кемпірді қамамайтын шығар. Сол бірдеңе етіп өлтірмес. Софья ғой, өз шешесінің қолында... Иә, Рысқұлов. Ұяң бұзылды. Дауыл соқты. Қара дауыл... Кенет көз алдына Қызыл Жебе мінген Рысқұл тұра қалып:
– Тұрар! Көтер басынды! - деп зекіді.
ӘЗИЗА
Мәскеуден шыққан пойыз әуелі, сірә, Рязань қаласына тоқтады. Түн іші еді, тор терезеден өлегізіген фонарьлар, ары-бері жүгірген адамдардың сұлбасы ғана көрінеді. Әзизаның құлағына: «Рязань, Рязань» деген дауыстар «Рюзань, Рюзань» болып естіледі. Шешесі Әрифа: «Юризан буйлары» деген ән айтушы еді. Сол Юризан емес пе екен деп те ойлады. Орыс тілін жетік білетін сияқты - ақ еді, бірақ «Рязань» дегеннің мағынасы не екен деп ары ойлап, бері ойлап ақыры таба алмады. Тұтқындағы әйелге оның не керегі болды екен?
Бірақ адам тұтқында болғанмен, темір торлы сасық қызыл вагонда шөп-шалам төсеніштің үстінде жатқанмен, ой тұтқындалмайды. Ойды ешкім кісендей алмайды. Өкіметтің ең осал жері сол. Өкімет соған ызаланатын болар. Ойды тұтқындап өшіру үшін, алдымен адамды өлтіру керек. Әне, содан барады да өкімет өз адамдарын өлтіре береді. Өкімет ойдан жаман қорқады. Қарауында кілең ойлай білмейтін мәңгүрттер болса, өкімет мақсатына жетіп, мерейі үстем болар еді. Бір жаманы - түрмедегілер де ойлай біледі.
Міне, өкімет тұтқындарының бірі Әзиза да ойлап келе жатыр. Қайдағы-жайдағы «Рязань» деген сөздің шығу тегін таба алмай миы қатты. Юризанмен түбірлес емес пе екен деп шубәланды. Оның оған қанша зәру болғанын бір Құдайдың өзі біледі. Одан да, байғұс-ау, өз халіңді ойласаңшы. Мына жатысың не жатыс? Тесік - тесігінен жел құтырынған жыртық вагон. Жайшылықта мал таситын вагон. Енді сол мал вагонда толған адам. Төсеніші иістенген ескі шөп. Әзизаның бауырында алты айлық баласы. Суық тимесін деп кеудесіне қыса түседі. Киім - басы жұқа, тұтқын әйелде қайбір жылу болады. Әйтеуір, әзірге соғып тұрған соң, осында бір жылы леп бар шығар деп кішкентай тірі жанды жүрегінің тұсына қатты қысып алады. Ал жүрек мұздап қалса не болады?
Жүрек мұздап қалса, бауырыңдағы бала да мұздап өледі. Қол тоқпақтай мұзға айналады. Содан соң, ой да тоқтайды...
Қайдағы Рязаньді қайтесің?! Одан да Рысқұлов не болды - соны ойла! Бірақ, Әзиза оны ойлай-ойлай шаршаған. Тағдыр қосқан қосағы өлі ме, тірі ме - білмейді. Ой, дүние-ай десеңші. Кімсің - Рысқұлов, кімсің - Рысқұловтың әйелі Әзиза сұлу еді...
Әурелікке жаралған фәни адам,
Бақ пен сордың арасы - бір-ақ қадам, -