Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Солай, Владимир Ильич, сіз өмір бойы империализммен, ұлы орыстың шовинизмімен күрестіңіз. Сөйте тұра, өзіңіз империалист, шовинист болғаныңызды байқамай қалдыңыз. Міне, трагедия. Сіз майда халықтарға, олардан булығып шыққан қайраткерлерге астамдықпен құл ретінде қарадыңыз. Сенбесеңіз, Сұлтан - Ғалиевты тыңдаңыз. 1923 жылы мамырда Сталин Сұлтан - Ғалиевты түрмеге салды. Сонда отырып ол Орталық Бақылау Комиссиясына, Сталинге, Троцкийге хат жазды. «Мен кіммін? - дейді Сұлтан -Ғалиев. - Коммунист, революционермін бе, әлде саяси сатқын, арандатқыш албастымын ба?.. Мен құлдықтың құрсағынан шықтым. Қаналғандардың ішіндегі қаналған халықтан шықтым. Иә, мен революционермін, бірақ құл - революционермін. Мен бүкіл өмір бойы азаттыққа ұмтылдым. Бірақ бүкіл өмір бойы құлдық сезімнен арыла алмадым... Қазан төңкерісінен кейін азат шығармын деп ойладым. Бірақ маған бәрібір Құлсың деді».
Көрдіңіз бе, Владимир Ильич, Сұлтан - Ғалиев сияқты аса ірі тұлғаның өзі Кеңес өкіметі тұсында да өзін-өзі Құл сезінсе, өзгелерге не жорық?
Ал Сталин Сұлтан - Ғалиевтың соңына неге шырақ алып түсті, соны білесіз бе?
– Жоқ, әкетайым.
– Ендеше, тыңдаңыз. Сіз жалған дүниеден қайтар алдында, сол Горкиде жатып, Өсиетнама жаздырдыңыз. Бұл өте құпия құжат еді. Өсиетнамада сіз өз уәзірлеріңіздің біразына сипаттама бердіңіз. Троцкий, Бухарин, Каменев, Зиновьев, Сталин... туралы. Сталин шексіз билікті қолына алды, осынысы насырға шаппаса екен. Әрі десе, дөрекі, мейрімсіз, қатал дедіңіз. Міне, бұл жерде сіз пайғамбарсыз. Бұл хатты сіз съезге арнасаңыз да, сіздің уәзірлеріңіз оны халықтан, күллі коммунистерден жасырып қалды. Ал Сұлтан - Ғалиев мұны жер-жерде айтып жүрді. Одан кейін оны Сталин оңдырсын ба? Айналып келгенде, Сұлтан - Ғалиев сіздің идеяңыздың құрбандығы. Бәлкім, сіз тірі болғанда Сұлтан -Ғалиевты Сталиннің қудалауынан қорғап қалар ма едіңіз...
– Иә, егер мен тірі болғанда...
– Сұлтан - Ғалиевтың мен туралы Сталинге не жазғанын білесіз бе?
– Айта беріңіз.
– Рысқұловты Түркістаннан бекер кетірдіңдер. Ол Түркістанды тәуелсіз етпек болғанда, бүкіл Шығыстың қамын ойлады. Түркістан құлдықтан азат болса, бүкіл Шығыс соның үлгісіне еліктейді деп ойлады. Ал сіздер «пантюркизм», Тұран орнайды деп қорықтыңыздар. Тұран болса несі бар еді. Түркістан, Қазақстан, Қашқария, Хиуа, Бұхара, Ауған мен Персияның түркі бөлігі бәрі бірігер еді. Социализм үшін бұл қауіпті емес еді. Бұл орыс ұлтшылдығына қауіпті, батыс еуропалық капитализм үшін қауіпті, ал революция үшін түк те қауіпті емес еді. Рысқұловты Түркістаннан кетірдіңдер. Ал содан не пайда таптыңдар? Оның орнына орыстар келді, яғни баяғы отаршылар келді. Түркістанның шаруасы күйзелді, экономикасы шатқаяқтап кетті. Нәтижесінде басмашылар бас көтерді. Басмашы деген ол тек байлар ғана емес, Кеңес өкіметінен қорлық көрген нағыз кедейлер. Демек Түркістандағы социализм ісіне орасан зиян келді. Міне, Орталықтың «көрегендігі». Сұлтан - Ғалиев осылай дейді, Владимир Ильич.
– Сөйте тура, ол әлі тірі ғой.
– Тірі болатын. Бірақ 37-нің зұлматынан құтылмас.
Қу қарағай төсекте жатып алып, Рысқұлов анау-мынау, әлдеқандай Глебов сияқты сұмырай емес, Лениннің өзімен сөйлесіп, оған шындықты бетіне басқанына кәдімгідей жеңілейіп, кәдімгідей қуанып қалды. Глебов құрып кетті. Мұны мазалағанды қойды. Бәлкім, шаршаған шығар. Оның да күні күн емес. Болмағанды болды дегізу керек, істемегенді істедім дегізу керек. Бәрі керісінше келу керек. Бәрі де Құдайдың ісіне қарама-қарсы. Құдайсыз болудың өзінен де адам азатын шығар. Құдайға сенбесең, сені кім жаратты? Дүниені кім жаратты? Дүние - әлемде неге тәртіп орнаған? Неге ұдайы қар жауып, қыс болып тұрып алмайды? Немесе неге ұдайы жаз болып, шілде шақырайып тұрып алмайды? Бәрі кезекті, бірінен соң бірі кезегімен келіп-кетіп жатқан тіршілік. Бұл тәртіпті орнатқан кім? Атана нәлет Глебов емес қой.