Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұлов көзі ілініп, ұйықтап кетеді. Түсінде тағы да Көкшетауды көреді. Көгілдір қол жағасында Әзиза екеуі қол ұстасып, ну қарағайдың арасына кіріп кетеді. Қарағайдың иісіне мас болады. Мәңгі жасыл қарағай бұларға әл-қуат беріп, жасарта түседі. Қарағайдың өзінен медет алған бұлар енді мәңгі қартаймайды. Ешқашан ауырмайды. Өйткені қайсар қарағайдың өзінен шипа алған. Олар енді қарағайдың басына ұя салып, құсқа айналады. Құрысын бақталас, бақас адамдар өмірі. Олар енді қыран болып ғұмыр кешеді. Өмірге қырандар келтіреді...
Кенет жақпар тастың қиясынан Қызыл Жебе мінген Рысқұл шыға айқай салады:
– Тұрар! Мінгес артыма!
ӨМІРЗАЯ
Содан сол Холкинді таспен ұрып жыққан сойқаннан кейін, Ескендірді Пьянков тас зынданға қаматты. Әрине, сотсыз, тергеусіз атып тастай салуға да болатын еді, неге екені белгісіз, сұп-суық тас қапасқа қамады, балаң жігіт бір тәулікке де шыдаған жоқ: қызуы көтеріліп, алаулап, ажалдай суық абақтыда алаулап, өртеніп бара жатты. Лагерьдің емшісі келіп, ес - тұсынан айырылып жатқан Ескендірді лазаретке алдырды. Қос өкпе қолқамен бірге қабынып, қап-қара болып, үсіп кеткен екен.
Лагерьдің емшісі Пьянковқа: енді бұл адам қатарына қосылмайды, өліп қалмай тұрғанда еліне қайтарып жіберейік, - деді. Пьянков қарқ-қарқ күліп алды да: қайда өлгені бәрібір емес пе, оны соноу Мәскеуге кім апарады? «Жетім Шағалаға» да тыңайтқыш керек, - деді.
Топырақ пендеге туған жерден бұйырсын деген ұғым бар. Пьянковта ондай ұғым жоқ. Қу сүйегің саудырап қайда қалады - оған бәрібір. Империялық сана адамды отансыздыққа баулиды. Мысалы, осы Ескендірдің атасы Рысқұл баяғыда Бодойбодан қашқанда, тек бостандық тілеген жоқ. Ноқталы басқа бір өлім, өле кетсем - өлігім туған жерде қалсын деп тіледі Құдайдан. Арманы - Ақсу-Жабағылы еді, оған жете алмағанмен, нағашы жұрты - Таластан мәңгі мекен тапты. Осыдан бір ай бұрын туған әкесі Тұрар Ескендірге өсиет арыз айтып, сүйегімді тапсаң, Рысқұлдың қасына апарып қой деді. Үміт шіркін не дегізбейді. Жалғанда жалғыз ұлы Ескеңдірдің мұндай халге түсетінін Рысқұлов қайдан білсін? Әлі жас қой, бірдеңе етіп, тырмысып - тырбанып ажал құрығынан құтылып кетер деп үміт етіп еді. Енді сол Ескендір құлақ естіп, көз көрмеген Жетім Шағала деген кішкентай аралда қалып барады...
Ал Пьянковта отан жоқ. Оған бәрібір. Қарны тойса - сол жер отан. Отаннан тамыры үзіліп қалған.
***
Емханаға Ескендірді іздеп келіп, көңілін сұраған жалғыз жан Мирхайдар Фаткулин болды. Жанында жақының жоқта, жер түбіндегі алақандай аралда ажалмен арпалысып жатқанында, жанашыр біреу табылып, халің қалай деп бір ауыз сұрағаны - дүниенің бар байлығына бергісіз олжа.
– Хәллар нишек, Умырзая, - деді Фаткулин екі иінінен дем алып, екі беті алаулап жатқан Ескендірден.
– Халді көріп тұрсыз ғой, Мир–Хай-дар а–ғ-а, - дейді ентігіп, дем жетпей жатқан Ескендір. - Умырзая дегеніңіз не, Мир-Хай-дар а-ғ-а?
– И - и, куз нұрым, не десем екен, умырзая ол орысша - подснежник.
– А - а, бәйшешек, - дейді Ескендір қазақшалап.
– Умырзая тұғырысында бізде, татарларда жыр бар.
– Айтыңызшы, Мир-Хай-дар а-ғ-а.
– Ул бик монлы, сине расстроить итәргә булми.
– Айтыңыз, маған мұңлы музыка ұнайды. Өйткені өмір солай.
– Яри, куз нурым, айтиын.
Фаткулин терезеге қарап, көзін жұмып, жайлап бастайды.
Боз катлавы эрегач, жир өстенә
Умырзая чыға, қарағыз,
Умырзая чыға,
Умырзая калка
Умырзая суза сабағын.
Боз катлавы кебек көнкүрештән
Чығасым ла килә тизрәк,
Умырзая кебек,
Умырзая кебек,
Умырзая кебек тиз үрләп...
Умырзая бик тиз үсеп чыға
Бик аз ғана яши, тураеп,
Умырзая бик тиз Башын асқа ия,
Умырзая сула моңаеп...
Юк, мин яшар идем озақ, озақ,
Минем килми алай буласым:
Умырзая кебек,
Умырзая кебек,
Умырзая кебек суласым...