Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Бесінші. Сталин, Молотов, Ворошилов, Каганович жолдастарға қастандық жасамақ болды.
Алтыншы. Германияның шпионы. 1923 жыл.
Жетінші. Түркияның шпионы.
Мұның өзі РСФСР Қылмыс кодексінің 58-1, а, 58-2, 58-8, 58-11-статьяларына жататын қылмыс. Осы статьялар бекітілсе, Рысқұловқа Ату жазасынан басқа жаза жоқ.
1934 жылғы 1-желтоқсанда қабылданған Заң бойынша, бұл қылмысты іс КСРО Жоғарғы Кеңесі Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясының қарауына жатады. Әскери Коллегияның Торағасы армвоенюрист Ульрих.
Коллегияның құрамында Ульрихтен басқа бригвоенюрист Зарянов, I рангалы военюрист Кандыбин, I рангалы военюрист Костюшко, КСРО Прокурорының орынбасары Рогинский бар.
Рысқұловтың тағдыры осы бесеуінің қолында. Адамның тағдырын адамға қаратып қою қиянат. Адамды Алла жаратты, ендеше оның тағдырын Алланың өзі шешсе керек еді. А, мүмкін, Жаратқан Құдірет Рысқұловтың тағдырын шешуді осы бесеуіне тапсырған шығар. Жаратқан Құдіреттің ықтиярынсыз ешнәрсе болмайды дейтіні қайда?
Сот жабық болатын болды. Куәлар шақырылмайды. Айыпталушы адвокат жалдай алмайды. Әскери сотта адвокат болмағаны ғой. Сонымен, Рысқұловты қорғаса, тек бір Құдай ғана қорғайды. Одан кейін өзін-өзі ғана қорғайды. Басқа ешкім жоқ.
Бірақ соттың ісі созылып тұр. Себебі - болмашы ғана бір ілік. Алдын ала тергеу протоколына Рысқұлов қол қоюы керек. Глебовтың осы арада заңның тәртібін сақтай қалуы түсініксіз. Лубянкада он ай отырғызып, соншама сансыз сұрақ қойып, том-том сұрақ-жауап жазылғанда, сол томдардың әр парағының аяғында Рысқұловтың қолы тұруы тиіс екен. Ал оған ол қолын қоймайды. Үзілді-кесілді бас тартады. Глебов оны суға да салады, отқа да салады, адам жанын қинаудың қанша амалы бар - бәрін істейді, бірақ тұтқын қол қоймайды.
Ақырғы мақсат біреу. Рысқұловтың көзін құрту. Ендеше, оның қол қоюының қанша құны бар? Оны кім тексеріп жатыр? Соттың заңдылығын, тергеудің әділдігін таразылап жатқан кім бар? Рысқұловтың қолын қолдан жасай салу қиын емес. Оны қай экспертиза зерттеп жатыр? Сорақы соттың осы бір жерде «әділеттік» сақтап, ыздия қалуы ақылға қонбайды -ақ.
Сонымен, Глебов ақырғы шабуылдардың біріне шыққан. Рысқұловты кабинетіне алдырып, қойылған айыптарды пысықтап, ал енді осыны мойындайсың ба? - дейді ғой. Жауаптың орнына Рысқұлов:
– Мен Лениннің өзімен сөйлестім, - деді. Глебов жалт қарап, Рысқұловтың бетіне үңілді: «Ақыры алжасқан екен» деді.
– Не? Не? Не сандырақтап отырсың? Қайдағы Ленин?
– Иә, кәдімгі Владимир Ильич. Ол менің сұрақтарыма жауап бере алмай, қиналып қалды.
– Не сұрақ қойып едің?
– Владимир Ильич, сіз әуелі ұлттар бостандығы туралы ұран тастадыңыз. Ұлттар өз тағдырын өздері шешсін дедіңіз. Кейін жеме-жемге келгенде бұл уәдеңізден тайқып кеттіңіз. Оныңыз қалай? - дедім.
– Ол не деді?
– Ол былай ғой, әкетай - ау, енді былай... - дей береді.
– Оңбаған, енді ұлы әруаққа тіл тигізуге шықтың ба? - деп ашуланды Глебов.
– Жоқ, азамат тергеуші, мен болған әңгімені айтып отырмын.
– Сандалма! Ленин 1924 жылы қайтыс болған. Өкінішке орай, сен әлі тірісің. Өлген адаммен қалай сөйлесесің?
– Жоқ, қателесесіз азамат тергеуші. Өлетін адамның тәні ғана, ал жан өлмейді. Анау мавзолейде жатқан Лениннің сарғайып, қураған тәні ғана, ал жаны...
– Жетті, оңбаған мракобес!
– Мракобес мен емес, сізсіз, азамат тергеуші. Сіз Шын дүниені білмейсіз.
– Ендеше, сол «Шын» дүниені сағынып тұрсаң, кешікпей барасың.
– Ол рас, азамат тергеуші, сіз де барасыз. Сіз де өлесіз.
Глебов селк ете қалды. Глебов талай адамды өлімге өз қолымен аттандырса да, осы өзім де өлемін - ау деген ой басына келмепті. Сол «өлім» деген суық сөз енді жүрегіне оқтай қадалды. Неге сескенді? Демек бұл да небары ажалды адам ғана екен ғой. Әмірі жүріп, құдіреті үстем болып тұрғанда, пенде шіркін, Құдайды ұмытады. Өзін өлмейтіндей санайды. Міне, бұл надандықтың шыңы. Ал надандық билеген заман - соры қалың заман.