Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
«Нацмендер»деген тізімге келіп еді, ең басында Рысқұлов тұр. Сұлтан - Ғалиев, Файзолла Ходжаев, Икрамов, Атабаев, Қожанов... осылай тізбектеліп кете береді екен.
Сталин Рысқұловтың тұсына қара қаламды батырыңқырап біраз отырды. Ендігі мәселе сол қалам қалай қисаяды: сұрақ қоя ма (?), әлде үшкір таңба (Ү) қоя ма - соған тіреліп тұр. Сұрақ белгісін қойса, әлі тергеу созыла түседі. Үшкір таңба қойылса - бүл өмірдегі талқаны таусылды деген сөз. Үшкір танба (Ү) садақ жебесінін ұшы ғой. Сол жебе жүрекке қадалмақ.
Сталин үйітілген мұртын сипады. Сарғыш көзі қысылыңқырап, қоңыр қайыспен қапталған дәу есікке қадалды. Есіктен Рысқұлов кіріп келетіндей, сонда Сталин оған: «А, Түркістанның Шыңғыс ханы, төрлет», - дейтіндей. Рысқұлов оған: «Оқасы жоқ, төрге грузиннің кінәзі отырып қалған екен, оқасы жоқ», - дейтіндей, ұзақ қарады. Бір кезде болып еді, сондай қақтығыс. Бір ойды бір ой жетелейді. Кенет Сталиннің құлағына: «Сталин қателеседі!» деген ащы сөз саңқ етіп жеткендей болды. Сондай да бір қақтығыс болғаны рас еді. Нахал, Рысқұлов, нахал. Тым құрыса, «Сталин жолдас» деуге болады ғой. Жоқ, түйеден түскендей қылып «Сталин» дейді. Рас, ол кезде, 1923 жылы, Сталиннің атына «жолдас» деген сөзді қоспай сөйлейтіндер баршылық еді. Троцкий оны тіпті көзіне ілмейтін сияқты болатын. Каменев өте жұмсақ кісі еді. Иосиф Виссарионович дейтін. Бухарин кесірлі, мақтаншақтау еді. Сталинмен ол да санаса бермейтін. Мейлі, бұлар революцияның тарландары ғой. Оларға кешірімді де шығар. Ал Рысқұловқа не жоқ? Жасы да кіші. Нахал. О, ол не демеді: «Түрік республикасы! » деді ғой. Дербес мемлекет құрып, жеке-дара басқарып отырмақшы болды ғой. «Түрік» дейді. Көрсетейін саған түрікті! «Түбі бірге түріктер, бірігіңдер!» деді ғой. Біз «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деп ұран тастасақ, ол «Түбі бірге түріктер, бір болыңдар!»деп қыңырайды. Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ. Білеміз түріктерді. Әлемнің күн шығысынан күн батысына дейін мұхиттай тасыған. Түрік емес халықтарды тасыраңдап басынған. Шыңғыс ханды монғол дегенмен, түбі түрік тектес еді... Бірақ Көк Түріктің жиған-тергенін шайқап кетті. Кейінірек Ақсақ Темір, Баязит, Тоқтамыс бірін-бірі жеп қойды. Олар бірін-бірі жұтып қойғаны абзал болды. Егер бұл үшеуі бірігіп қимылдағанда, дүние жүзінің картасы қазір мүлде басқа сипатта болар еді... Мына Рысқұлов солардың қатесін түзетпек. Қырық құрақ түрікті қайта құрамақ. Бұл ма, бұл мына тізімдегілердің бәрінен де қауіпті. Ол тіпті бір кезде Мұстафа Кемәлға да қол созды ғой. Енді сөйткен Мұстафа Кемәл - АТАТҮРІК атанды.
Егер Рысқұлов Ататүрікпен жалғасса не болмақ?
Сталин тізімдегі Рысқұловтың тұсына қаламын қадап тұрып, қап-қара қылып, баттитып «Ү» белгісін соқты. Сұр жебенің үшкір ұшын салды.
Тіршілікте, баяғыда да, беріге дейін де Сталин Рысқұловпен қызмет бабында, тойларда сыпайылық сақтап, тіпті әзілдесіп, тіпті қалжыңдасып, тіпті қақтығысып жүруші еді. Бірін-бірі өлімге қимас сияқты еді. Бірақ САЯСАТ деген сайтанның ісі кейде, көбінесе сайқал мінезді. Саясаткерде жеме-жемге келгенде, мейірімнен гөрі, қаталдық, қатыгездік үстем болады. Әсіресе Сталин сияқты саясаткер кімді аясын...
***
Глебов Ежовтан тағы да таяқ жеді. Ежовтың алдынан ол тышқаннан қорыққан пілдей болып, тапыраңдап, осқырынып шықты. Өткен жолғыдай емес, Рысқұловтың «сандырағын» тыңдап, алқам-салқам шалжиып отырған жоқ. Әуелі пистолетін суырып алды. Рысқұловтың шекесіне сұп-суық қарудың ұшы қадалды. Ай-шай жоқ:
– Қол қой, иттің баласы! - деді.