Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Консилиум Ескендір Рысқұловтың көп болса бір-ақ апталық өмірі қалды деп шешті. Қос өкпесі де іркілдеп іріп кеткен. Оны емдеп жазатын ешқандай құдірет жоқ. Сондықтан, деді консилиум, баланы түрмеге қайта салудың ешқандай реті жоқ. Егер туған - туысқаны бар болса, солардың қолына берген жөн. Аурухана оған енді керек емес. Әрі десе, мұнда онсыз да орын жетпей жатыр. Баланы шығарып жіберген дұрыс.

Ауруына байланысты деп Ескендірді тұтқыннан босату үкімі шығарылды.

– Сені өз қолына алатын кімің бар? - деп сұрағанда Ескендір кімді атауды білмей қиналды. Кім қалды? Әкесі, егер тірі болса, түрмеде. Әзиза айдауда. Түйметайдың не болғанын білмейді. Надя? Бір cay қалған сол шығар. Бірақ «халық жауын» ол қабылдар ма екен.

– Менің әкемнен басқа ешкімім жок, - деді Ескендір. - Ол өзі де түрмеде. Мені соның қасына апарып қамаңыздар.

Түрме басшылары:

– Жоқ, ол болмайды, ол мүмкін емес, - деп шешті.

– Онда мені Ақ теңізге апарып тастаңыздар.

– Онда бір нәрсең қалып кетіп пе еді? Мына дерт сол Ақ теңізден тапқан олжаң ғой.

– Өлген адамға «Жетім Шағала» жақсы мекен.

– «Жетім Шағала» жұмақ емес шығар.

– «Жетім Шағалада» өмірзая өседі.

– «Өмірзая»? Ол не?

– Бәйшешек. Подснежник.

– А - а. Бәйшешек барлық жерде өседі.

– «Жетім Шағаланың» бәйшешегі өзгеше.

– Несімен?

– Умырзая бик тиз үсеп чыға,

Бик аз ғына яши, тураеп,

Умырзая бик тиз

Башын асқа ия,

Умырзая сула моңаеп.

Жөтеліп - жөтеліп, ентігіп - ентігіп әрең айтты. Әнімен айтты.

– Бұл әнді қайдан білесің?

– Сонда бір жақсы адам үйретті.

– Татар болды ғой.

– Иә.

– «Жетім Шағалада» сенсіз де мұң көп. Кәне, кім бар сені қолына алатын?

Ескендір Рысқұлов көп ойланды. Кім бар? Әкесі Қазақстанға жет деп еді. Онда қай туысқан бар? Есіне ешкімді түсіре алмады. Түлкібас деуші еді. Кейде Түркібас дер еді. Неге дегенде, о басында Түркібас еді, кейін - кейін Түлкібас деп кеткен. «Л» мен «Р» -дың сөйтіп шатасып жүретіні болады. Әйтпесе «Тараз» емес, «Талас» деуші еді әкесі. Төменгі Таласқа бар. Сонда бабаң Рысқұл жатыр деп еді, әкесі. Мүмкін, соған жеткізіп салар.

– Мені Төменгі Таласқа апарып тастаңыздар, - деді Ескендір.

– Ол қай жер?

– Қазақстанда.

– Онда кімің бар?

– Бабам бар. Дедушка. Рысқұл аты.

– Шақыртсақ, сені келіп алып кете ала ма?

– Жоқ, ол өлген.

– Е, бала, сен не, Чеховтың Ванькасы болайын дедің бе? «Деревне. Дедушке». Солай ғой?

Ескендір ұзақ жөтелді. Езуінен қанды көбік көрінді.

***

Есінде ештеңе жоқ. Мең-зең. Пистолеттің дүмі тиген жер томпайып ісіп қалыпты. Соны қолымен сипалады. Бұл қайдан ісіп жүр? Есіне ештеңе түспейді. Әлде соншама ұзақ ұйықтап қалған ба? Денесі дене емес, құр сүлде. Әлде өліп тірілгені ме? Әлгі өлгенде жан бөлініп, Шын дүниеге барады дегені қайда? Шын дүниені кере алмады. Тіпті елес те жоқ. Бұл қалай? Жүрегіне май кілкігендей көңілі мүлде бей-жай. Бұл қайдан пайда болды деп шекесіндегі ісікті тағы сипалады. Сыздап ауырады. Әлде төсектен құлап түсті ме? Есінде жоқ.

Әлде Глебов тағы соққылады ма? Онда білер еді ғой. Жоқ, біраздан бері Глебов қол жұмсаған жоқ. Глебовты көрмегелі бері қанша күн өтті? Бүгін қай күн? Қай ай? Әлде талай жылдар өтіп кетті ме? Мынау өзі Лубянка ма, жоқ әлде басқа түрме ме?

Жан-жағына қарайды: баяғы сол тор көз соқыр терезе. Баяғы сол тұмшаланған жарымжан шам. Босағада - параша. Жалғыз орындық. Басқа ештеңе жоқ. Сол қарағай төсек. Қарағай иісі сезілмейді. Түк те түсініксіз...

Сөйтіп отырғанда айдауыл келіп есікті ашты.

– Жүр, - деді.

Рысқұлов жүре алсашы. Қисалаңдап құлай береді. Аяғының буындары былқ-сылқ, жер тіреп тұра алмайды. Айдауылдың сүйемелдеуімен үстіңгі қабатқа әрен шықты-ау.

Үйреншікті кабинетте, Глебовтың орнында бұл жолы Нейман отыр.

– Отыр, - деді. Үні қатқылдау.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий