Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рас болса, адамның денесі - адамның киімі ғана көрінеді. Адам өлді дегені - киімінің ғана тозғаны. Ал жан өлмейді. Жан не адам бейнесінде, не бір жәндік, не бір өсімдік бейнесінде жер бетіне қайта оралады. Ескендірдің жаны, сірә, өмірзая - бәйшешек болып оралар. Онда тағы да тез солады. Бірақ жылда, жылда қайтадан шыға береді.
Ескендір ешқандай жанталасқан жоқ. Қың деп қиналғанын да білдірмеді. Тек бір сәтке бой жасағандай болды. Тіпті жастықтан басын көтеріп, көңілденіп, қасында отырған екі әйелді үміттендіріп те қойды. Надя қуанып:
– Құдайға шүкір, беті бері қарады, - деді. Бәлені көп көрген Ольга үндеген жоқ. Ол ақырғы сәт екенін сезді. Надяны ауыз үйге шақырып, сыбырлап:
– Байғұс-ау, дайындалайық, - деді.
Надя үрпиіп, қорқып қалды.
Ескендір ың-жыңсыз жатып, жай ғана жүріп кетті. Тек бетінің қызылы оңып, бозарып қалды. Күлімсіреп жатқан бойы дүниеден өтті.
Екі әйел оны Мәскеу зираттарының біріне қоймақшы еді. Ольга айтты:
– Ваганьков зиратында Ғани Мұратбаев жатыр, соның қасына қояйық, - деді.
Сөйтсе, оған рұқсат жоқ екен. Оған да өлген адамның атақ - даңқы болуы керек екен. Ал Ескендір болса «халық жауы». Ақыры крематорий дегенге түсті байғұс бала. Жерден топырақ та бұйырмады. Топырақ бұйырғанда моласына жылда өмірзая өсіп шығатын ба еді. Крематория оның кішкентай құмыраға салынған бір уыс күлін алып берді. Екі әйел құмыраның бүйіріне:
«Ескендір Тұрарұлы Рысқұлов. 1920 - 1938» деп жаздырды да, крематорий қабырғасының бір қуысына апарып қойды.
Сөйтіп, Өмірзая жыры таусылды.
ТҰРАР
Қатты ұйықтап қалған екен. Өмір таусылып, өлім есік қағып тұрғанда бұл қайдағы ұйқы? Кілең ақ қайыңның ішінде жүр. Көктем екен дейді. Бірақ қай жердің қайыңы? Мәскеу түбіндегі Яуза орманында осындай ақ қайыңдар болушы еді. Сол ма? Жоқ, Көкшенің Бурабайы ма? Әлде Талғар, әлде Ақсу-Жабағылы ма? Кілең зипа бойлы, сылаң қаққан сұлу қайындар. Жапырақтары нәзік, ашаң жасыл. Бір қайыңның бүйірінен жас тамшылап тұр. Әлдекім жаралап кеткен екен. Кәдімгі адам көзінің жасы сияқты мөп-мөлдір. Жапырақтар сыбдыр-сыбдыр сыбырласады. Ал мынау үнсіз жылайды.
Сөйтіп тұрғанда, әлгі қайың лезде Әзиза болып шыға келеді. Рысқұлов жүрегі тарсылдап, қуанып қалады. Бірақ Әзиза қуанбайды. Бұған қарай құшақ жая ұмтылмайды. Қартайып, бетін әжім басып, шашы ағарып кетіпті.
– Әзиза, неге мұңаясың? - дейді Рысқұлов. Жақындайын десе, орнынан қозғала алмайды. Әзиза үн қатпайды. Арада түсініксіз бір көріністер өтеді де, Әзиза қайтадан қайыңға айналып кетеді. Рысқұлов кілең ақ қайыңның арасынан шыға алмай әлі жүр. Әзиза есінен шығып кетті. Әлдеқандай құстар шырылдап ән салады. Әлдебір құс тынбастан біреуді шақырады. Жағы сембейді. Үнінде жалыныш, сағыныш сарыны бар. Бұл да мұңлы.
Кенет аяғының астынан бәйшешек көрінеді. Абайламай өзі басып кетіпті. Еңкейіп бәйшешекті түзетпек болады. Бірақ сабағы сынып қалған екен, қылжиып қайта құлайды. Кенет дауыл тұрып, орман шуылдайды. Ақ қайындар бүгіліп - бүгіліп, жапырақтары жамырап қоя береді. Рысқұлов орманнан жол таба алмай, қалай қарай жүрерін біле алмай, азынаған у-шудан үрейленіп барып, оянып кетеді.
– Тұтқын Рысқұлов, на выход! - деді айдауыл. Түннің қай мезгілі? Белгісіз.
– Сағат қанша? - деп сұрады Рысқұлов.
– Түн ортасы болды, - деді айдауыл.