Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Ойлап тұрса, Рысқұлов екі аяғы аспаннан салбырап түсе қалмаған екен. Мейірімді адамдардың арқасында жоқтан бар болған екен. Енді міне, солардың қарызынан құтыла алмай кетіп барады. Бәлкім, Шын дүние бар екені рас болса, сонда құтылар.

А, бәлкім... Рысқұлов осы қарыздың бәрінен осы өмірде - ақ құтылған шығар. Он сегізінші - он тоғызыншы жылдары; отыз екі - отыз үшінші жылдары миллиондаған адамды кеңес өкіметі әдейі ұйымдастырған аштық ажалының тырнағынан құтқарып қалып еді ғой. Мүмкін, осы есепке алынар...

Атуға жаналғыштар қазір келе ме, әлде бір сағаттан кейін келе ме - белгісіз. Уақытын айтқан жоқ.

Ату қорқынышты емес. Оқ тиер, тыз етер. Оны сезесің бе, сезбейсің бе - Құдай білсін. Атуға дейінгі сәт қиын. Күту қиын. Ажал жарықтық, қанша дегенмен түсі суық. Ойламайын десең де үрей қинайды. Үрейсіз адам жоқ. Өлімнің мәні де сонда шығар. Сонысымен қадірлі де болар. Адамдар өлімнен қорықпаса, мына былғаныш дүниеде не болар еді? Одан бетер былығар еді.

О басында адамдар өлімнен қорықпайтын да заман болыпты деседі. Содан адамдар есіріп, жердің бетін ластап жіберіпті. Дүниеде есірік көбейіп, қылмысқа толып, әлем сасып кетсе керек. Сонда құдіретіңнен айналайын Құдай олардан үміт үзіп, жер бетінен жойып жіберуді ойлапты. Нұх пайғамбарға әмір беріп, кеме жасатып, сол кемеге тірі жан атаулыны жыныс бойынша бір жұптан мінгіз депті. Кемеге мінгендер ғана, болашақ, таза тұқым үшін тірі қалып, басқалардың бәрін топан суы қаптап өлтіріпті.

Жаналғыштар неге кешікті? Өз ажалымен өлгендерге Әзірейіл көзге көрінбей келеді екен. Ал Рысқұловтың Әзірейілі көзге көрініп келуі керек. Көзге көрініп келгені қиын.

Камера, тас камера, тас қапас меңіреу. Оған арызың өтпейді. Шіркін, Құдірет бұған күш берсе, темір торды жұлқып сындырып, терезеден ұшып шықса, Құдірет бұған МИҒРАЖ кереметін көрсетсе... МИҒРАЖ тек пайғамбарларға ғана бұйырған. Рысқұлов пайғамбар емес, небары кәдімгі пенде. Миғраж кереметімен Иса пайғамбар көрден шығып, көкке ұшып кеткен. Мухаммед пайғамбар миғраж күшімен Пыраққа мініп, аспанға ұшып, Жәбірейілмен тілдесіп, Алланың әмірін Жерге жеткізген Расул.

Жоқ, Рысқұлов тас қапастан шыға алмайды. Миғраж оған бұйырмаған. Кез келгеннің бәрі Миғраж күшімен ғарышқа ұшып кете берсе, миғражда қасиет қала ма?

Ендігі бір қолынан келгені, Рысқұлов өзін-өзі қайрады: үрей болып қалтырама, әлдекімдер сияқты бақырып бажылдама. Ажалды сабырмен күтіп алудың өзі абырой. Жаналғыштардың алдында абыройыңды төкпе. Қорықпа! Көп болса, пистолетпен атар. Қас-қағым сәт шыдасаң - бәрі бітеді. Бір Рысқұлов осылай дейді.

Екінші Рысқұлов: көгілдір аспанды, жарық күнді қайтіп қиясың? Өзің қасиет тұтқан қайсар қарағайды, ақбозым қайынды қалай қиясың? Жалған - жалған дегенмен, құрт-құмырсқасына дейін қымбат қой. Сені туған елің, жерің бар ғой, қаһар мен қайғы қамаған Қазақстанды, өзің басын қоспақ болған Түркістанды - Тұранды қалай қалдырасың? - деді.

Шіркін-ай, ой дүние-ай, Түркістан түгел болғанда Рысқұлов бұл қасіретті шегер ме еді. Топырағы да бұйырмаған, тарыдай шашыраған талапай Түркістан!

Дүние кезек деуші еді. Ер түріктің тарыдай шашыраған тамтығы қайта бір бірігіп, қайта бір қайраттанып, қанатын керіп, көкке бір самғар күн туар ма екен? Көк берінің алтын басы жалтылдап, көгілдір туы желкілдеп, көк түріктің аруағы тіріліп, әлем алдында қасқайып тұрар заман қашан келерсің?

О дүние-ай, сонда мен қайта тірілсем! Сол күнді бір көрсем. Керөлең мен Орхон суындай, Ертіс пен Еділ толқынындай аңырап аққан армандарым - ай. Шынымен-ақ адыра қалдыңдар - ау. Менің текті бабаларым - Күлтегін мен Тоныкөк, Тұман хан мен Мөде хан... Есім хан мен Қасым хан, Тәуекел мен Тәуке хан... қайдасыңдар? Сендерді алған сұм ажал мен бейбақты құрығынан құтқарар ма?! Ел деп, жер деп еңіреген ерлерім, жандарың жаннатта болсын, нұрларың пейіште шалқысын. Мына мендей пендеге медет беріңдер. Ажал алдында қуат пен шыдам беріңдер.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий