Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Аш ішектей бұралаңы көп тас коридор. Едәуір уақыт жүріп, тағы бір қабат құлдилап, зынданға түскен сияқты. Соңғы қадамдар ғана қалған шығар. Қайран Тұрар, анаңнан туып, тәй-тәй басқалы бері бұл сұм дүниеде қанша кадам жүрдің екен? Сол таусылмастай көрінген ұзақ жол қасам ұрғандай, біреу жұлынын жұлғандай кілт үзілейін десе керек. Енді қанша қадам калды? Таусылмады ғой, атасына нәлет! Түлкінің ініндей ирелендеп бітпейтін неткен ұзақ коридор.
Рысқұлов кеудесін сипалап қойды. Орама қағаз қытырлады. Енді осыны біліп қалмаса екен. Құлағы шыңылдады, ыңырсыған, сыңсыған бір әуен жанын жайландырғандай болды. Дүние өзі оны қимай, қоштасқандай зарлы. Жоқтау сияқты. Кейбіреулер зарлы әуенді неге жақтырмайды? Сезімі топастар шығар. Әйтпесе, дүниенің көбі зар ғой, жоқтау ғой.
Өлімнің сауабы - жоқтау. Жоқтауды марқұмның рухы сезіп, риза болады. «Ойбай -ойбай!» - деп бақырған обал. Қолыңнан келсе, ойбайламай келістіріп жоқтау айт. Марқұмның тіршілікте істеген жақсылығын айт. Жоқтау да өнер. Өнеріңмен өліні де, тіріні де тебірент. Әне, сол сауап. Бірақ Рысқұловты кім жоқтайды? Жоқтаусыз қалған қайран ер...
Жоғалған көп, табылған аз. Сол жоғалғанның бірі сенсін, Тұрар, бауырым. Бұл зар баяғыда өзің көрген Керөлең мен Орхонның ағысы сияқты. Баяғы бабаларыңның тас мүсіндерінің қасында тұрып, сол ағыстың армандар ағысының әуезіне құлақ салып едің ғой. Мынау соның сарыны ғой. Керөлең мен Орхон, Ертіс пен Еділ, Әмудария мен Сырдария, Іле мен Шу сенің де рухыңды тербетіп осылай мәңгі аға берер. Жасыма, атасына нәлет! Сені әлі дүниенің өзі жоқтайды. Мыналар қазір мылтық кезенгенде қалтырама! Ұлы бабаларыңнан артық емессің. Атса - атсын! Малғұндар кішкентай бір күнді, жарық күнді атып түсіргенін байқамай қалсын. О, жендеттер! Рысқұлов атылған соң, дүниедегі жылу сәл де болса кеміп қалатынын сезбейсіңдер ғой. Сезбейсіңдер. Дүниенің қайғысы ол. Мынау құлақтағы әуен сол. Әттең дариға! Адам атылған соң да осы ғажайып әуенді естіп жатар болса. Әкесі Рысқұл баяғы - баяғыша, Бодойбоның алтын кенінен қашқанда, Ақсу-Жабағылының аршасының түбіне жетіп өлгенді армандап еді. Неге десе, ол Отаны екен ғой. Арша түбінде қалған сүйек шірімейді деседі. Сол арманға әкесі де, баласы да жете алмаса не шара! Мына құлақты шыңылдатқан сол арман зары ғой. Осыны түсіне алмағандар шын бейшара. Кеуек кеуде.
Жазмыштан озмыш жоқ. Жазмышын осылай болды, Тұрар. Жан дүниеңді түсініп жатқан жан жоқ қасында. Қасындағылар - қара тас. Етіктерінің нәлі сақ-сақ етеді. Сен жалғызсың - Өкініші көп өткінші дүние деген осы. Өкінішпен өтіп бара жатқан сен ғана емес. Дәл осы дәлізбен әлгінде ғана құмықтың ұлы Қорықмасов өтті. Алдымен сені атпай, оны атқаны несі. Екеуін Гуниб тауының басында тұрып, Шәмілдің аруағына сиынып:
Аруағың қолдап,
Жолбарысың жебесін! -
деп қол жайып едіңдер. Қайда сол аруақ?! Неге қолдамайды? Әлде адасып қалды ма? Әлде Лубянканың терең зынданын таба алмай қалды ма? Ажал шындап келгенде аруақта адасады.
Ал әкең шақырып кетті. Әкең сені жер түбінен де тауып жетті. Жамандық ойламаған шығар. Мына сұмпайы, сұрықсыз, сайқал дүниенің мазағынан сені тезірек құтқарғысы келген шығар. Бұл жолы әкең Рысқұл әзірейілдің ісін құптады - ау. Мына былғаныш, әділетсіз дүниеден сені асыға алып шықпақшы болды-ау. Тек үрейге бой алдырма! Атасына нәлет! Мына жендеттер сенін қорқып, қалтырап, кемсеңдеп, қыңсылағаныннан ләззат алады. Бұйыртпа оларға ондай салдақы ләззатты! Шаман келсе, бетіне түкір. Олар сол сесіңнен - ақ сескеніп, көп ұзамай өздері де өледі.
Осы бір оқыс оймен Рысқұлов артына бұрылып еді, көзінің жанары өлегізіген жендет:
– Бұрылма! - деп арс етті.
Рысқұлов, көр болғанда, тілі таңдайына жабысып, былш еткізіп түкірерге бір түйір дымқыл да таппай қалды.
Мұны да Құдай қос көрмеді.
Құдай қос көрсе, мұны тым құрыса, мына зынданда атқызбай-ақ, орыста не көп - орман көп, орманға апарып атқанда, тым болмаса, аспанға қарап, қолын жайып: