Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Үкім қағазды орайтын бір тұлдыр жоқ екенін білсе де, тас камераның ішін қайта-кайта тінткіледі. Тас қабырға, тас еден, бұрыштағы параша, төбедегі сықсима шам, қу қарағай төсек, жалғыз орындықтан басқа лыпа жоқ. Түрменің кенеп шалбары мен кенеп көйлегін сипалап қойды. Кенеп те шіриді. Баяғыда (бір жыл толмаса да баяғыдай ғой) Әзиза сыйлыққа деп сатып әперген әміркен туфлидің сынарын алып, ары-бері қарады. Қайысы таза, сырты сырлы - осы шірімес деп ойлады.
Ертеде - ертеде, бала күнінде сүзекпен қатты ауырып тұрғанда, Ахат атасы бір жапырақ сары қағазға арабша дуға жазып, оны қара былғарымен қаптап тігіп, ала жіптен бау тағып, Тұрардың мойнына іліп қойып еді. Кейін сол тұмарды Меркенің интернатында оқып жүргенде, Кузьминканың балаларымен бір төбелесте ала жібі үзіліп кетіп, жоғалтып алды. Кім біледі, сол тұмар мойнынан үзіліп түспей, осы уақытқа дейін жүре бергенде, Рысқұлов мұндай бәлеге ұшырамас па еді...
Әміркен туфлидің былғарысын жыртып алмақ болып, езуінен тартқылап көріп еді -көнбеді. Кесіп алуға пышақ, бәкі жоқ. Ондайды түрмеде ұстатқызбайды. Туфлидің езуін айыра алмағанына қарағанда, қолынан күш те кеткен болуы керек. Оның үстіне Рысқұлов мұны киіп, көп жүріп жатқан да жоқ қой, туфли өңі түссе де, әлі жаңа еді. Бүтін туфлиді жыртып, бүлдіру, обал да сияқты. Бірақ өзі өлер болса, туфлидің не керегі бар?
Сөйтіп, ол ақыры түрменің кенеп көйлегінің бір жеңін жартылай жыртып алмақ болды. Ойына перғауындар туралы оқығаны түсті. Ертеде, Мысырда бұл дүниеден қайтқан перғауынды бальзамдап, оны кендір кенепке қат-қаттап орап, табытқа салып, содан соң барып, алтын саркофагпен қаптайды екен. Перғауынның кебініне жібек мата табылмай қалды дейсіз бе, кендір кенепті бекер таңдамаған шығар.
Түрменің көйлегі тірмізік екен: сол жақ жеңінің ұшын тартқылап көріп еді, жыртыла қоймады. Содан көйлекті шешіп алып, қос қолдап жатып, төрт елідей жерін жыртып алды. Үкім қағазды қастерлеп тұрып, соған орап, төс қалтасына салып, сипалап қойды. Томпайып, білініп қалмасын деп сескенді. Енді көпке дейін шірімес деп үміттенді.
Өле-өлгенше үзілмейтін сорлы үміт. Саған да рахмет. Сол үміт болмаса, адам кім? Адамның басқа жан-жануардан айырмашылығы да сол үмітте шығар. Ату жазасына кесілгені айдай аян болса да әлі ойлайды. Әлі-і де-е үміттенеді. Әлдебір ғайыптан қайырым, мейірім күтіп, үкім өзгеріп қалар ма деп те елегізиді. «Мың бір түннің» ғажайыптарында, кейбір романдарда адамды дарға аспақ болып, мойнына тұзақ салып тұрған сәтте де кейде патша үкімді жойып, өлімнің сұп-суық өңі өзгеріп сала бермеуші ме еді? Адам ажалдан құтылып кетуші еді ғой.
Бірақ меңіреу тас камера тырс етпейді.
Даладан, кең дүниеден мұнда дыбыс жетпейді.
Ұйқы арсыз. Осыншама үрейдің, ажалдың аузында отырса да Рысқұлов мызғып кеткен екен. Әкесі Рысқұл келіп, камераның темір есігін тоқпақтап тұр.
– Оян, Тұрар! - деп айқай салды. - Жүр, кетеміз, атасына нәлет! - деді.
Сөйткенше болмай, темір есік шақыр-шұқыр ашылды да, Рысқұлов оянып кетті. Жүрегі түскір зу-у-у етіп, тарс-тарс соғып, ауызына тығылды. Айдауылдар келген екен.
– Шық! - деді.
Рысқұлов тас камераға аңырып, айнала қарады да темір есіктің табалдырығынан аттады. Әкесі әлгінде ғана: «Жүр, кетеміз, атасына нәлет!» - деді. Ап-анық айтты. Сол дауыс құлағында әлі тұр. «Мың бір түннің» ғажайыбы келмеді. Ғайыптан ешкім құтқармады, үкім өзгермеді. Бұған көзі әбден жетті. Бірақ қорқыныш жоқ, үрей жоқ. Әкесінің әлгі «атасына нәлет!» дегені бұл жалған, алдамшы дүниені балағаттағаны шығар. Сол қуат болды. Бір ауыз сөз дәт беріп, буыны бекіді. Енді өлмеді - ау деген сұрапыл сезімнің өзі өліп қалған тәрізді.
О дүние рас болар. Әйтпесе, әкесі қайдан жүр. Түс дейін десең, айтқаны келді ғой. Рысқұл: «жүр!» деп ақырып еді, Тұрар жүріп келеді. Рас, әзірше алдында бір адам, екі жағында екі адам, артында екеу. Барлығы бесеу. Бұл бесеудің қайсысы атар екен? Әлде бәрі жабылып ата ма?