Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Тұлпар тектес Түркістан! Сенің басыңнан адасып ұшқан бақ басыңа қайта келіп қонар болса, менің рухым Құдіреттің нұрына шомылар. Сенің басыңа қайта келіп қонған бақты бақталас - бақастығымен, күншіл, қиянатшылдығымен үркітіп жібермесе екен надандар мен жамандар. Қызғаныш пен күншілдік, ұя бұзған рушылдық түбімізге жетті ғой. Келер ұрпаққа сол сасық мұра кесірін тигізбесе екен.
Қиянат пен қысастықтан мен дүниеден кетермін. Қазақтың, жалпы түрік нәсілдің бар жамандығы бізбен бірге жоғалып, дүниеге адал да асқақ, бауырмал да батыр, ақылды да тәкаппар ұрпақ келсе екен. Түрік әлемі тұтас болса екен.
***
Арқаның ақ бораны соқты. Әуелі жаяу боран еді. Бұрыннан жатқан қасаң кардың үстімен сырғанақтап, сылаңдап, сусылдап мың сан ақ жыландар ойқастап, ойнақ салғандай еді. Артынан терістіктің желі қатая түсті де аспан мен жердің арасы ақ түтекпен тұтасып кетті. «Арқанын ақ мылтығы» деген осы.
Мұндайда «АЛЖИР» ақ кебін оранған елікке айналады. Әйтеуір, тіршілік бар екенін анда-санда тарс етіп, атылған мылтық дауысынан білесің. Бұл енді қарауыл. Биік мұнарада тұра тын қарауыл. Оның да күні күн емес. Тері тұлыпқа қанша орандым дегенмен, мұндай сұрапыл соққанда қарауылда тұру екі азап.
Бірі - азынаған боран болса, екіншісі қорқыныш. Пейілі бұзық тұтқындар лагерьден осындайда қашады.
Қашқанда қайда барары белгісіз. Айнала ақ теңіз. Белуардан күртік қар. Әрі құтырып тұрған боран. Тұншығып-ақ өлесің. Бірақ лагерьден бір сәт құтылып, еркіндікке шыққанды асыл арман ететіндер аз емес. Азаттық үшін неге болса да бас тігетіндер табылады.
Лагерьді айнала қоршаған шарбақтың әр бұрышында сопақтау ағаш үйшік турады. Ол үйшік темір тағандардың үстінде, биікте. Сол арадан бүкіл лагерь алақаныңдағыдай көрінеді. Алыстан қарағанда, әлгі үйшіктер тікесінен тік қойған табыттар сияқты боп та елестейді. Төрт бұрышта төрт прожектор түнде аждаһаның көзіндей бағжияды. Оның жарығынан қыбырлаған құмырсқа да көрінердей.
Бірақ мына ақтүтек боранда прожектор да ақ шел басқан ауру көздей әлсірейді. Сол қорқынышты. Қарауылдар мұндайда қашқынды байқамай қалуы мүмкін. Содан қорыққан қарауылдар кезек-кезек, анда-санда, гүрс-гүрс мылтық атып қояды. Онысы бір жағынан «біз ояумыз, біз сақпыз» деген белгі. Ақ дауыл үдей түседі. Қарауылдардың «табыт» үйшіктері сықырлайды. Прожекторлар шайқалып, әлсіз сәуле жанталаса билеп тұрады.
Үш қабат нар төсектер қатар-қатар тізілген сасық барақтың іші қалың ұйқыға кеткен шақ. Құлқын сәріден ел орынға отырғанша тынбай жұмыс істейтін «халық жауларының қатындары» сұлай түсіп, сілейіп қатып қалғандай шырын ұйқының кезі. Бұлар үшін осы бір сәттен артық жаннат жоқ.
Тек Әзиза қайта-қайта шошып оянып, шошып оянып кете берді. Түсінде неше түрлі құбыжық көреді. Біресе ақ боранның арасында жалғыз өзі қалып, айнала ұлыған қасқырлар қамап алады. Жерде қарайып жатқан ағаш екен, сонымен қорғанайын деп еңкейіп ала бергенде, әлгі ағаш шірік болып шығады. Қолына ілінбей іріп кетеді. Қасқырлар жақындай түсіп, тап-тап береді. Әзиза «Тұрар!» - деп айқайлап, оянып кетеді. Астыңғы қабатта жатқан Күләнда:
– Әй, сорлығар, немене, жаман түс көрдің бе? Жөнделіп, жайланып жат, - деп сыбырлайды.
Енді көзі іліне бергенде, үйдей қара бұқа Тұрарды сүзейін деп тұрғанын көріп, тағы да бақырып оянады.
Әлгі Күләнда тағы да:
– Байғұс-ау, не болды саған? Шошына бердің ғой, - деп сыбырлайды. Дауыстауға болмайды. Басқа қатындар оянып кетсе, бетіңді тырнайды.
Әзиза:
– Тұрар, - дейді.
– Немене, Тұрар?
– Бүгін Тұрарға бірдеңе болды, - дейді Әзиза.
– Тек, жағыңа жылан жұмыртқалағыр. Түс қой ол. Түс түлкінің боғы деген, тыныш жат. Түсімде Сұлтанбегімді мен де көремін. Олар қайбір жетіскен дейсің. Көрген түстің бәрін көңіліңе ала берме. Ұйықта. Әлгі әзірейіл келіп, оятып, жұмысқа айдайтын уақыт та таяп қалды. Тыныш жат...
Бірақ Әзиза ұйықтай алмайды.
***