Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Заль, заль, белила нету, - деді. «Жаль, жаль, белила нету» дегені. Ақ бояу іздеп отыр. Әрлеп, ақтамақшы.
Рысқұлов туралы дүниенің түкпір-түкпірінен тірнектеп жинаған материалдарымның төлбасы осы сурет болды. 1960 жыл еді.
СОҢҒЫ ТҮЙІННІҢ БІР БАЙЛАМЫ
Бас прокурор Руденко демократтау көрінді. Басын изеп амандасып, Әзизаға:
– Отырыңыз, - деп орындықты көрсетіп, сыпайы мінез танытты.
– Он күн күтіп, алдыңызға әрең кірдім, - деді Әзиза.
– Иә, оныңыз рас. Кезінде репрессияға ұшырағандардың ісін қайта қарау - қол байлау.
– Мен шындықты, тек сіздің аузыңыздан естиін деп келдім. Тұрар Рысқұловтың қырық үшінші жылы өлгені рас па, жоқ әлде одан бұрын атылды ма?
– Әзиза Түбековна, Рысқұлов 1943 жылы өз ажалынан қайтыс болды. Кешіріңіз, бұл, әрине, сізді жұбата қоймас. Бірақ шындық солай.
– Сол уақытқа дейін ол қайда жүрген? Түрмеде ме, әлде айдауда ма?
– Иә, сұрағыңыз дұрыс, Әзиза Түбековна. Ол айдауда болған.
– Қай жерде?
Руденко мұңая қалғандай қол жайып:
– Таңғалмаңыз: Қазақстанда, - деді.
– Қазақстанда? Оның қай жерінде?
Руденко енді жымиған болды.
– Қайтыс боларының алдында ол Қостанай даласында екен...
– Қостанай? Онда лагерь бар ма?
– Сірә, бар болғаны ғой, Әзиза Түбековна. Сенбесеңіз, міне куәлік қағаз...
Руденко машинкамен басылған, мөрлі, гербілі бір парақ қалыңдау қағазды ұстата берді.
Военная Коллегия Верховного Суда СССР
13 июля 1956 г.
№ НР-0014/56
Москва, ул. Воровского, д. 13.
Турар Рыскулов, отбывая наказание, умер 19 апреля 1943 года от паралича сердца... № 43/13-5194531 с/о МВД СССР. Сообщено о смерти в ОАГС г. Москвы.
– Иә, Әзиза Тұраровна, то есть, извините, Түбековна, менің көмекшілерім сізге дұрыс айтқан, ал сіз оларға сенбедіңіз. Міне, документ...
Құдай-ау, сонда Қостанай мен Ақмоланың арасы тиіп тұр ғой! Онда екенін білгенде Әзиза ұшып жететін еді ғой. Бұл не деген сұмдық?! Не деген тасжүрек дүние?! Әзизаны көп болса атып тастар еді де. Атылмай көп жасағаннан гөрі, Тұрарын бір көріп, атылып кеткеннің өзі мың есе артық еді ғой. Ай, қатыбас, қақбас тағдыр!
Руденконың көмекшісі: Тұрар Рысқұлов 1943 жылы өлген дегенде міз бақпай безерген Әзиза, енді мына Бас Прокурордың алдында отырып, ал кеп ботадай боздасын.
Руденко қоңырау басып, көмекшісіне су алдырып ішкізіп, Әзизаны кабинетінен, әйтеуір әрең дегенде шығарып салды.
Көмекшінің бөлмесінде есін жиып алған соң, Әзиза Руденкоға қайта кірмек болды.
– Бәрі түсінікті болды ғой, енді сізді қабылдамайды, - деді көмекші.
– Маған Рысқұловтың заттарын қайтарсын, соны айтамын, - деді Әзиза.
– Өкінішке орай, ешқандай заты жоқ, - деді көмекші. - Біз сұрау салғанбыз.
– Қалай жоқ? Оны Кисловодскіде тұтқынға алғанда, жазып жатқан кітабының қолжазбасы бар болатын. Фотоаппараты бар болатын. Сағаты бар болатын. Партбилеті, куәлігі бар болатын. Неге жоқ? Қаламдары бар болатын...
Бұл сөзге көмекші күлмесе де, мырс етті.
– Қайдағы қаламды айтасыз, - деді.
Сол - сол екен, Әзизаның көп-көп заманнан бері қордаланып, қат-қат жиналып жатқан ашу - ызасының кереметтей кегінің, шер-шеменінің аузы ашылып, жанартаудай бұлқына бір атқылады дейсің...
– Әй, қарабет! Не деп тұрсың?! «Қайдағы қаламың» не? Мен сендейді Рысқұлов бір ұстаған қаламның ұштығына да теңгермеймін. Білдің бе?! Тауып бер. Заң алдында талап етемін. Рысқұловтың өзін ізсіз - түзсіз құртып жібергендерің үшін, Құдай алдында жауап бересіңдер. Ал ол ұстаған түймедей бір зат табылса, оны мен дүниенің бар алтынына айырбастамай, тұмар етіп, тағып жүремін. Сол үшін керек!
Айқай-шуға адамдар жиналып қалды.
– Кіргіз мені Бас Прокурорға! Маған Рысқұловтың қайда қалғанын, сүйегі қайда жатқанын айтсын.
– Оны ешкім де білмейді, - деді көмекші, жыларман болып жуасып. - Құдай үшін, кешіріңіз.
– Неге ешкім білмейді? Міне, қағазда өлген күніне дейін жазулы тұр ғой.