Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Жирен – қызыл шашы селдіреп, бурыл шалған бір кісі Әзизаның қолындағы қағазды алып, қарап тұрып, түсі қуарып, басын шайқағандай болды. Бірақ сыр бермеді.

Бұл баяғы тергеуші Нейман еді.

СОҢҒЫ ТҮЙІН

АВТОРДЫҢ РЫСҚҰЛОВПЕН ҚОШТАСУЫ

Қош, Тұрар, бауырым, көкем менің! Мен сізге дәл қазір алпыстан жаңа асқан жасымның жартысын арнадым. Отыз жыл бойы сізбенен қол ұстасып, бірге жүріп, бірге тұрдым. Отыз жыл бойы жан дүниемді, ой-санамды билеп, ұзақ сапарға жол бастадыңыз. Ол аса қиын жол еді.

Біреулер айтты: бұл жолға бекер түстің, жете алмайсың деді.

Біреулер айтты: қолың көтере алмайтын шоқпарды беліңе бекер байлайсың деді.

Біреулер айтты: шеті жоқ, шегі жоқ мұхитқа түсіп кеттің - ау, байғұс, батып кетпесең жарар еді деді.

Олардың айтқаны рас еді. Мен көп малтығып, көп тұншықтым. Жағалауға жете алмай, батып кетуім әбден ықтимал еді. Бірақ, Тұрар көке, өзіңіз алып шықтыңыз. Сіздің жұлқар рухыңыз алып шықты.

Бұл кітап сіздің зәулім тұлғаңызға лайық деп айта алмаймын. Қолымнан келгені осы болды, көке. Құдай шақтап берген күш - қуаттан, шағын таланттан аса алмадым...

Асылық айтып, Құдайға күнәкар болмайын. Құдайдың мұнысына да мың да бір тәуба. Маған осынша ғұмыр беріп, жарық сәуле көрсетіп, қолыма қалам ұстатқанына шүкір. Өлтіре саламын десе, Құдайға ештеңе емес.

Менің марқұм анам Айша ертеректе «Қызыл Жебенің» бірінші кітабы шыққанда:

– Сен Рысқұлов туралы кітап жазды дейді ғой, - деді.

– Иә, - дедім мен.

– Сенің әкең Мұртазаны «Рысқұлшына» («Рысқұловщина» дегені) деп ұстап әкетіп еді, сол ма?

– Сол.

Айша кимешегінің астынан қолын шығарып, кіртиіп жасаураған көзін сүртіп, мыс сақиналарын сипалап отырып:

– Одан да өз әкеңді жазбайсың ба, - деді жай ғана.

Көрдіңіз бе, қалай? Ол да өзінше Әзиза сияқты. Сібірдің бір түкпірінде, баяғыда сүйегі қурап қалған Мұртазасын өле-өлгенше сағынып өтті.

Сіз туралы «хамсаны» мен сол жазықсыз жапа шеккен әкемнің аруағына да бағыштаймын, Тұрар көке.

«Хамса» жолы жеңіл болды дей алмаймын. Жазу қиын. Жазғаныңды басып шығару одан да қиын. Журналға жарияланып жатқан жерінен тұтқындалып, жарық көрмей қалған кезі де болды. Өлген бураның басынан тірі атандар жаман үркіп, осқырынып, оқалақтап, тайраңдады.

– Рысқұлов - пантюркист! - десті.

– Рысқұлов туралы роман жазып жүрген автор - неопантюркист! - деді.

Мен кек сақтамадым. Оларды Құдай кешсін.

Мен торыққан кезде, Сіздің рухыңыз әл-қуат берді, Тұрар көке. Мен Сізді түсімде көретін болдым. Қолымнан жетектеп алып, тасжарғанның бұтағынан ұстап, өрге қарай тартқылағаныңыз есімнен кетпейді. Қателеспесем, иә Талғар тау, иә Аспара тау, иә Ақсу-Жабағылының аршалы қия беткейі еді. - Қияға шығып не бар? - деймін. - Жүр, - дейсіз. -Теңбіл Торғайды көрсетемін, - дейсіз. - Шолпан Кебісті көрсетемін, - дейсіз. О, ол бір ғажайып дүние еді: найза шындары көз жетпес көкке барып тірелген таулар, айнала жаңғақ ағаштары, зау теректер, зипа шынар, бұтақтарында жыбырлаған құс ұялары. Құдайдың жұмақ жаратқан дүниесі. Маңқиған маңғаз маралдар еш нәрседен үрікпейді. Жолбарысы мен елігі бірге жайылған жадыра әлем. Киікотының хош иісінен бас айналады. Тобышақ тамырын кемірген қозыдай қызыл суырлар бізден қорықпай, сақ-сақ күледі. Үлкендігі ұшақтай самрұқ қалықтап жүр. Тұрар көке, адамдар неге көрінбейді? -деймін мен. - Адамдар келсе, мұншама кереметтен тұлдыр қалар ма еді, - дейсіз Сіз. - Әне Теңбіл Торғай!

Ойдым-ойдым, көгілдір, қызғылтым, күлгін түсті Теңбіл Торғай Сіздің алақаныңызға келіп қонады. Тамылжыта сайрап қоя береді. Оның тілін Сіз ғана түсінесіз. - Міне, Шолпан Кебіс! Шынында да әдемі, сары алтын жалатқан жұмақ гүлі жалт-жұлт етеді.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий