Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:114
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.
Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Жендеттер Ескендірді тұтқындауын тұтқындап алып, енді қалай құтыларын білмей бастары қатты. Әрине, көшеге шығарып тастау немесе түрменің ауруханасында шіріту олар үшін қиын да емес. Бірақ Ежовтың аузынан шығып қалған бір ауыз сөз олар үшін заң.. Жақындарының қолына табыс етіңдер деген. Жанашырлықпен айтылмаған шығар. Мейірім, қайырым деген ұғым Ежовқа жат. Әйтеуір, масылдан құтыла салғысы келген ғой. Сонымен, НКВД - нің қолы ұзын. Рысқұловқа жанасты алыс-жақын адамдардың бәрінің тізімі бар. Олардың бірен - сараны болмаса, бәрі де түрмеде. Түрмеден аман қалған Жанша Досмұхамбетовтың жұбайы Ольга Константиновна бар еді. НКВД соған хабар жеткізді. Осындай да осындай, Ескендір Рысқұловты алып кетіңіз.
Былай қарасан, Ескендір Ольганың екі туып, бір қалғаны емес. Егер Ескендір туған сіңлісі Надяның баласы болса, бір сәрі. Рысқұловтың Надядан бұрынғы қатыны Наталья Колосовскаядан туған бала ғой. Яғни, Надяның күндесінен. Мұндайда Ольга Константиновна: мен ондай баланы білмеймін, аулақ жүрсін десе, ешкім де кінәлай алмас еді. Бірақ Ольга адамда жөні бөлек жан еді. Бір сөзге келмей Ескендірді қабылдап алды. Сіңлісі Надяға телефон соқты.
– Наденька, Шурик вернулся! - деп сүйінші сұрағандай да болды.
Алаш - Орда көсемдерінің бірі Жанша Досмұхамбетовтың жиған - терген жиһазы дегенше ескіден қалған жалғыз кереуеті бар еді. Оның өзі көне заманның көзіндей піл сүйекті тектес ақ кереует болатын. Айыбы, бір аяғы жоқ еді, оның орнына кірпіш қалап қойыпты.
Қалуға ма, Воронеж бе, әйтеуір біреуінде, көп жыл жер аударылған Алаш - Орда «ханы» Жанша ақыры Мәскеуге келіп, осы бір екі бөлмелі пәтерге тұрақтаған. Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» романын қазақшадан орысшаға аударып, оны осы Ольга машинкаға өз қолымен басып, Жанша баспаға апарып тапсырып еді. Ақшасын әне-міне аламыз - ау деп жүргенде, Жаншаны НКВД алып кетті. Сол кеткеннен ұшты-күйді хабарсыз. Ольга аударманың ақысынан дәметіп баспаға барып еді, қолжазба жоқ болып шықты. НКВД құрығы мұнда да жеткен сыңайлы.
Сөйтіп, күнкөрісі шықпа жаным, шықпа болып отырған Ольганың бар байлығы - ақ кереуеттің үстіне Ескендір Рысқұлов сулай түсіп жатып алсын.
Қос өкпеден тырнақтай қалғанша тыным таппай, жөтеліп жатты. Екі беті алаулап, көзі оттай жайнап, жарық жалғанның соңғы сәулесін сіміріп, жанталасқан сәт келді. Апалы-сіңлілі Ольга мен Надя оның асты-үстіне түсіп, аузына су тамызып, ақтық қызметтен аянбады. Рысқұловқа екеуінің де өкпесі қара қазандай болса да, оның жалғыз жәдігері аз күн дәуреннен соң, бұл дүниеден өтерде, Ольга мен Надя өткен-кеткен өкінішті ұмытып, жандары мына міскіннің жанымен жалғасып, осының жанымен бірге шығардай шырылдады.
– Шурикті тірі қалдыра гөр, - деп Құдайға жалбарынып-ақ бақты. Бірақ олардың арызы Құдайдың құлағына жеткен жоқ. Ескендір шаштың бір қылына ғана ілініп тұрғандай, үзілуге жақын қалды. Соның өзінде есінен бір танған жоқ, тынымсыз жөтелдің ара-арасында ентігіп, екі иығынан дем алып, сөйлеп жатты. «Жетім Шағаладағы» өткен өмірді қиссадай қылып айтып берді. Мирхайдар татар туралы аса бір асқан сезіммен тебіренді. Оның «Өмірзаясын» ыңылдап айтты. Өмірде бұдан артық ән жоқ деді. Өйткені ол өзі туралы еді. Көктемде жердің тоңы жібісімен бәйшешек қылтиып шығады. Тіпті қардың астында жатып та шыға беретіні болады. Соншалықты асығады байғұс. Неге асығады, тез өсіп, тез өлу үшін бе? «Өмірзая» Ескендірге арналған ән. Мұны шығарған қандай данышпан?! Демек, Ескендір сияқты қыршын кеткендер бұрын да аз болмағаны ғой. Тағдыр солай болған соң, не өкініш?!
Қайран Ескендір. Гүлдеп шешек атқанда үсіп ұрып, ызғар соққан бишара. А оның бұл азаптан құтылып кетуіне де болатын еді-ау. Глебов айтты ғой Павлик Морозов туралы. Соның тілін алғанда, тірі қалатын еді. Бірақ туған әкесіне жала жауып, оны өлімге қиып жіберіп, жер бетінде қайтіп жүреді.