Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Роман «Красная стрела» - пятая книга автора Шерхана Муртазы.

Красная стрела. Книга пятая / Қызыл жебе. Бесінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Оқы, - деп бір парақ қағаз ұсынды. Рысқұлов бұрандасы жоғалып, бір көзі түсіп қала беретін көзілдірігін қолымен ұстап, қағазға үңілді.

Айыптау қорытындысы

деп жазылыпты. Одан жоғары оң шекесіне:

Бекітемін: Вышинский

деп қол қойылыпты.

Айыптау қорытындысы жеті тармақтан тұрады екен. Сол баяғы «Иттихат», Энвер Паша мен Зәки Валиди. Қазақстан, Орта Азия, Кавказ сырты, Қырым, Башқұртстан, Татарстан елдерін КСРО-дан бөліп алу; оларды Германия, Жапония және Түркия боданы ету; Рыковпен байланыс; Сталин, Молотов, Ворошилов, Кагановичке қарсы террор ұйымдастырмақ әрекет; Германияның шпионы, Түркияның шпионы. Бәлендей - бәлендей статьялар бойынша іс КСРО Жоғарғы Сотының Әскери Коллегиясына тапсырылсын...

Рысқұлов Нейманға қарап:

– Мен протоколға қол қойған жоқпын. Мына қорытынды заңсыз, - деді.

Нейман мырс етіп, амалсыз адамдай қолын жайды.

– Өкінішті, әрине. Бірақ қол қойыпсыз.

– Қашан?

– Оны мен білмеймін. Тергеуші Глебов қой.

– Глебов қайда? Менің қолымды өзінше қоя салған ғой. Бұл подлог!

– Глебов енді басқа кызметте. Ол жоғарылап кетті. Оның орнында әзірше мына менмін.

– Сіз көптен бері көрінбей кетіп едіңіз ғой?

– Иә, іссапарда болдым. Білесіз бе, қайда?

– Қайда?

– Қазақстанда.

– М - м. Менің ісім бойынша шығар?

– Бір жағынан о да бар. Сондағы әріптестерге көмектестім.

– Мұндай сырды мен сияқты тұтқынға айтуға бола ма? Нейман қызарақтап қалды.

– Сіз сыр шашпайсыз.

– Рахмет сеніміңізге.

– Жантоқовты білесіз ғой.

– Иә... Білемін.

– Сол сізден кешірім өтінді.

– Қалайша?

– Ол ату жазасына бұйырылды.

– Ол да...

– Иә, ол да ХАЛЫҚ ЖАУЫ. Сізге бекер жала жаптым деп өкінді.

– Демек мен ақпын ғой?

– Жоқ.

– Неге?

– Кінәларыңызды өзіңіз мойындап отырсыз.

– Қалай? Мен мойындаған жоқпын.

Нейман том-том дәптерлерді алып, Рысқұловтың алдына тақады.

– Мынау сіздің қолыңыз ғой?

– Иә - ә... ұқсайды. Бірақ...

– Не бірақ?

– Мен қол қоюдан бас тартқанмын. Мынау... Менің қолым емес. Айбақ – сайбақ қой!

– Жөндеп қараңыз. Сіздікі. Рас, ыждағатсыз, ықылассыз қоя бергенсіз. Әйтпесе, сіздікі. Міне, мына беттерде қолыңыз түп-түзу.

Әрбір беттің соңында «Т. Рысқұлов» деп тұр. Асыққанда айбақтатып осылай қоя беретіні рас. Сонда бұл қалай? Бір бет, екі бет есте қалмауы мүмкін-ақ болсын. Екі жүз алпыс үш бетке қол қойғаны қалайша есінде қалмайды?

– Солай, азамат айыпталушы. Енді сотты күтесіз, - деді Нейман.

– А - а...

– Не айтайын деп едіңіз?

– Жантоқов...

– Иә, Жантоқов.

– Ол қалайша... Иә, ол маған жапқан жаласын мойындағаны есепке алынбай ма?

– Алынар ма еді, кім біледі, егер сіз өзіңіз айыбыңызды мойындамасаңыз,

– Мен, мүмкін, ауырған шығармын. Ақыл-есім түзу болмаған шығар.

– Оны дәрігер, экспертиза анықтауы керек еді. Енді кеш. Қазір есіңіз дұрыс. Сап - саусыз. Денсаулығыңызда ауытқу болды деген анықтама жоқ. Міне, делода жоқ. Демек, ештеңемен дәлелдей алмайсыз.

– Адам өзіне-өзі әдейі қастандық жасап, тезірек өлгісі келуі де мүмкін ғой. Меңде де... Сондай кезен болған шығар. Өзіме өзім не бәленің бәрін үйіп-төге берген шығармын. Бұл есепке алынбай ма?

Нейман бойын тіктеп алды:

– Вышинский жолдас Заңға еш жерде жоқ жана теория енгізді. Яғни: АЙЫПТАЛУШЫНЫҢ МОЙЫНДАУЫ - ӘДІЛЕТТІҢ САЛТАНАТЫ. Міне, білдіңіз бе? Бұл жаңа ТЕОРИЯ.

***

«Адамның күні адаммен». Осында мұхиттай терең сыр жатыр. Ғасырлардың елегінен өткен сөз. Сөйтіп барып, біз ғаріпке жеткен сөз. Мына аласапыран заманда осының растығына тағы бір дәлел болды.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий