Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Анттан соң ақылы жиылғандай Дауылбай селк етіп, жан-жағына қарады. Нөкерлері күтіп тұр екен. Қарны жуан қарагер атқа екі жігіт екі қолтығынан көтеріп мінгізді. Ат үстінен дүние айқынырақ көрінеді. Сазтөбеге Қоқан хандығы кезінде келіп қоныстанған диқандардың бау-бақшасы мәуелеп тұр екен. Шабдалысы, алмасы бәрі төгіліп, ағаш басы иіліп, көздің жауын алғандай. Аташ жапырақтарын тозаң тұтқан. Жауын жаумай, тамшы тамбай тұр. Жүгерінің балағы сарғайып, жапырағы қусырылып бозаң тартыпты. Қап-қара диқан басына шалма байлап, балағын түріп, дәу кетпенмен бір қасық суды қақпалап, жетелеп, шөлдеген жүгеріге алып барады. Дауылбайдың есіне алсайлардың тарысы түсті. Осы су үшін соққыға жығылған Бердіқұл көз алдына тұра қалды. Бір сәт оның өліміне өзі кінәлі екенін іштей мойындағандай да болды. Су азабын тартқан мына диқанды көріп, алсайлардың халін түсінгендей де болды. Бірақ бұл бір сәттік осалдық еді. Дауылбай емешегі езілгіш, бор мінез, жасығыштан емес. Қайтадан қара тастай қасарып алды. Енді осыдан Күмісбастауға жетіп, Алсай ауылынан өш алғанша көңілі жай таппайтынын сезді. Қарны жуан қара терге қамшы басты. Нөкерлер үндеместен соңынан ерді. Болыстың қара тері арқан бойы алда келеді.
* * *
Алсайлар әрі-сәрі, Қырғызбай айтты:
– Осы жатқан жыланның құйрығын қатты бастық қой деймін. Құдай әйтеуір артын қайырлы қылсын.
– Ол жатқан жылан емес, шаққан жылан еді ғой. Ұмыттың ба, арысымыз қайда! – деп Үсіп сілкінді.
Қырғызбай Соқыр батырдың баласы еді ғой. Бірақ Соқырға тартпаған, тайғақтау мінез таныта береді. Қиыншылық көрсе демде күйреп, күйзеліп қалады. Денесі мол, көзі алақандай, ірі кісі болса да қопалақтау. Сақалы желкілдек, кеудесіне түседі. Дүниеде жыланнан қатты қорқады. Жылан алып жүрсе оны бала да қорқытып, айтқанын істете алады.
Үсіп керісінше шағын кісі еді. Жасына қарамай шашы ерте ағарып кеткен. Екі қолы қалтырауық еді. Келіндері оны сыртынан Қалтырауық қайнаға дер еді. Бірақ шақар. Сөйлегенде тістеніп сөйлейді. Ашуға булыққанда сөйлей алмай күре тамырлары білеуленіп, мойны ісініп, бет-аузы қып-қызыл боп кетеді.
– Тас түссе талайымыздан. Тәуекел. Болар іс болды. Мен өзім Рысқұлды кінәламаймын, – деп Шыныбек шықты. Аласа бойлы, көсе кісі. Көзі ежіріктеу, сәл мұрнынан сөйлейтіні бар. Жас кезінде мұрнына самал түсіп, осы Рысқұл таудан аю атып әкеліп, соның өтін ішіп жазылған. Әйтпесе, жаман ауру сәңкитіп кетер екен. Мүмкін, содан болар, Шыныбек Рысқұлдан шығарда жаны басқа, әйтпесе дұрыс па, бұрыс па – ол жағына мән беріп жатпай, Рысқұл жағын жақтайды.
Мұнда көп сөйлемейтін, ұрыссаң ренжу білмейтін, қажу білмейтін нағыз нар Қорған ғой. Ұзын бойлы, аққұбаша ажарлы жігіт. Қияқ мұрты қап-қара, көзі нұрлы, дәу мұрын, қисса батырларын еске салатын ерекше жан. Осы түрімен бір елге сұлтан болып отыратын адам. Бірақ біреуге билік айтып көрмеген. Ол тек айтқанды орындауды біледі. Алсайдың үлкен-кішісінің құлы сол. Бәрінің тірлігін істейді. Темір ұста. Ағаш ұста. Алсай біткеннің ыдыс-аяғы, кетпен-күрегі, құрал-сайманы түгел соның мойнында. Біріне жоқ демес. Қабақ шытпас. Құдай осындай адамды жарылқаса жарасар еді, бірақ есігінің алдында тышқақ лағы жоқ жалғыз, есектей көк төбеті бар.
Мына төтенше жиында Ахат одан:
– Қорған, сен не айтасың? – деп сұрағанда, Қорғанның бар айтқаны:
– Мен орыс солдаттарының мылтығындай мылтық соға алатын сияқтымын, – деді.
Мен төбелеске дайынмын деген сөзі. Қорған басқаша сөйлемес. Тек қатыны күңейлеу, әрі бала таппаған. Құдайдың бір қимағаны сол. Сақау қатынның тілі шаяндай. Мінезі ауыр момын адамды балпылдап мазалаумен болады.
– Шойлы кішінің жұмышын істегенше, өжімішке бір пышақ іштеп әкелшең қайтеді. Пышаққа да жайымадық, – дейді де отырады.
Сонда Қорған өз үйіне арнап пышақ соқпайды емес. Істеп әкелген пышақты қатыны жоғалтып жібереді. Күлмен бірге байқамай шығарып тастайды. Немесе, үйлеріне біреу келсе, «күйеуің ұста ғой, мына пышағыңды мен алайыншы», – деп қалап әкетеді.