Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Жаның барда жоғал! – деді Дауылбай ысылдап. – Жақсылықпен кетпесең, қазір қаматып, басыңды итжеккенде шіріттіремін. Кімді басынып келдің мұнда? Оязбен тілдескішін мұның. Немене, ұлық сенің ермегің бе? Арыз айтсаң осы елдің биі құрып қалып па?!
– Оу, болыс, мен адамым өліп, құзым құлап, тауым жығылып келіп тұрған жоқпын ба?! Оу, болыстығыңды былай қойғанда, бір елдің, бір атаның баласы емес пе едік? Сен де Сәлік, сен өлтірткен Бердіқұл да Сәлік. Мен қайғырсам, сенін де қайғың емес пе? Не деп тұрсың!
– Атама Сәліктің атын! – деді болыс шегір көзін ежірейтіп. – Сен Сәліктің шіріген жұмыртқасы. Сәліктің басқа баласының бәле-жаласы сендермен бірге кетсін!
Рысқұл тізгінді тартып қалса керек, торы аттың басы кегжең-кегжең етіп кетті.
– Е, білдім, болыс. Бұл Алсайдың балалары малымды бақпады, егінімді екпеді, отыммен кіріп, күліммен шықпады, еркіме жүрмеді, – деп тұрсың ғой. Сенің дегенің болмаса – ол шіріген жұмыртқа екен ғой. Сол үшін де Бердіқұлдың қанын төктің, қапыда қалдырдың. Мұныңды екі дүниеде кеше алмаспын, Дауылбай! Қанға қан. Кек алмасам, ағамның шейіт кеткен жаны ана дүниеде жай таба алмас. Ендігі қалған өмірім сенен кек алумен болсын!
– О, найсап... – деп Сақан палуан тұра ұмтылған. Бет-аузы топырақ, ыза буған. – Болысқа тіл тигізуін.
Рысқұл оның қолын қағып жіберді. Көз ілеспей торы атқа қарғып мінді.
– Е, сорлы малай, – деді енді аттың үстінде тұрып. – Сен өлгенде мына болыс басыңа көк тас қояр. Асыранды төбет. Әупілдетіп қойғаны-ай сені Дауылбайдың. Өз ұяласын өзі қапқан сорлы. Көзің бір ашылмады ғой!
Бұл кезде Ахат бастаған алсайлар келіп жеткен. Болыс солардың сәлемін алмады. Сақанға:
– Аласта ауылдан! – деді де ордаға кіріп кетті.
Рысқұл шыдай алмай қайың сойылмен ақ орданың маңдай тұсын құлаштап тұрып бір салып қалды. Құба талдан қиылған уықтар сықырлап барып сынып түсті.
Іште ояз санап отыр екен:
– Бір ұрғаннан төртеуін сындырды, – деді сүйсінгендей болып. – Сірә, ағасының төрт қабырғасы үшін шығар.
Казак-орыстар мылтық көтерді. Аспанға қарай атып-атып жіберді. Іштен ояз айқайлады:
– Атпаңдар, оңбағандар!
– Әшейін, қорықсын деп аспанға аттық, – деді солдаттар.
Айтса айтқандай, алсайлар сескеніп, шегіншектей берді. Ат үстінде Рысқұл білтелі мылтығын тақымынан суырды. «Әттең, ана солдаттың қолындағы мылтық менде болар ма еді», – деп армандады. Қапелімде ойында бір сотқар от лап ете қалды. Тәуекел деп торыны тебініп те жіберді. Торы сонда шегірткедей ыршып түсті. Рысқұл солдаттардың тұсынан жұлдыздай ағып өтіп, мылтықтарын жұлып-жұлып алып, жүре берді.
Орданы үрей қалшылдатты. Дауылбай енді шындап қорықты. Зәресі зәр түбіне кетті. Шыр шынай съездің алдында дәл мынандай сойқанға соқтығарын кім білген?! Мылтық атаулы Рысқұлдың тақымында. Ояздың жалғыз бесатары бар. Бірақ бір қорықпаған кісі сол болды. Ол жақсы ойын көрген адамдай көңілді. Бесатарын қабына салып қойды. Ұлықтың бұл сабырлылығы болысқа ұнайды. Бірақ көкірегі құрғырдан сайлау кетпейді. Ауылында мәртебелі мейман болып жатқанымда бұзықтарына басындырып қойды деп ертең Дауылбайды саз балшыққа отырғызбаса қайтсін. Ояз болса:
– Әй, көзсіз тентек. Ұнатамын осындайларды. Егер киргиздардың бәрі осындай келсе, сіз бен біздің халіміз мүшкіл болар еді, управитель мырза, – деп Дауылбайға қарады. – Бірақ сіз бен біздің бағымызға, ол жалғыз.
– Қайдан жалғыз, мырза, Рысқұл сияқты бұзықтар толып жатыр. Ахат деген, Үсіп, Қорған, Махан, Шыныбек, Жуаныш деген қызылкөз құдай атқандар бар. Әлгі жауыз алып кеткен мылтықтар олардың қолына тисе, біздің ордаға қауіп көп. Біріншіден, мырза, мұндай бейбастақтың болғанын кешіріңіз. Екіншіден, бізге әскер жіберіңіз. Әлгі басбұзарларды ұстатып, ауыздықтамаса, бұл жаман халық.