Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Рысқұл үндеген жоқ, екі көзі тесіліп төскейге қарады. Болыс ауылы салтанатты шаһардай аспандап тұр екен.
* * *
Арқасын тауға тіреп тұрған ақ орданың есігі түрулі еді. Сәскелік сары қымыз ішіп отырған Дауылбайдың шегір көзі төменнен келе жатқан шұбырындыны шалып қалды. Қасындағы мәртебелі қонағы салқын қымызға шала мас болған кез. Дауылбай сыртқа шаңқ етті:
– Сақан!
Үй иесінің оқыс дауысынан орыс ұлық селк етті. «Ой, осылардың тағылығы-ай», – деді.
Сақан биік маңдайшаның өзінен екі бүктеліп ішке кірді.
– Ләппәй, тақсыр.
– Сонау келе жатқан кімдер? – Дауылбай жауабын күтпестен: – Кім де болса, қайтар! Қазір арыз-құрыз тыңдар уақыт емес. Ауылда үлкен ұлық жатыр. Топырламасын.
– Кім болушы ед, Рысқұл бұзық та, – деп күңк етіп Сақан шыға берді. Шығып бара жатып маңдайшаға басын тарс соғып алып, қолымен маңдайын тыжырына сипалады.
– Есалаң, – деді Дауылбай да қоса күліп. – Осы үйге күніне жүз кіріп, жүз шығады. Ылғи маңдайын ұрып алады. Адам деген маңдайына бір-екі рет соққы тиген соң үйренбей ме екен қалай шығуды!
– Сіздерше не деуші еді? – деп ұлық шиқылдап күле берді. – Әлгі, түйенің үлкені көпірден таяқ жейді...
– Иә, мырза, дәл тауып айттыңыз. Сол түйе осы. Бойы ұзын, ақылы қысқа. Бірақ адал, байғұс.
– Міне, міне, – деді ұлық күлгенін қойып, жастықтан шынтағын алып, қолымен жер тіреп көтеріле беріп. – Адал қызметкер керек. Қызметкерлердің бәрі адал болса, мемлекет үшін, ұлы держава үшін еш қауіп жоқ.
– Өте дұрыс айтасыз, жоғары мәртебелі мырза. Өте тауып айтылған сөз.
Болыс өзінің сөзін қостап, қошаметтеп отырғанмен, көңілі алаң, назары басқа жақта екенін ұлық аңғарып қалды.
«Бұл азиаттар сені мақтап отырып, мақтамен бауыздап жіберуі де мүмкін».
Дауылбайдың ақ ордасы олимптің төріндегі құдайлардың трибунасы тәрізді. Төменде гладиаторлар соғысы. Сақан палуан дәу қара айғырға мініп, ылдидан келе жатқан тобырға топандатып жетіп барған.
– Қайыршы құсап қайда шұбап бара жатырсыңдар! Ордада ояз жатыр. Мына тасыраңбай тағы түрлеріңмен ұлықты шошынасыңдар. Қайт! Қайт дегенде – қайт! – Қара айғырды омыраулатып, додаға кіретін көкпаршыдай атты қамшылап-қамшылап, ақиландырып, ауыздықпен алыстырып қойды. Қара айғыр басып кетер ме екен деп ықтаған жұрт ығысып, жапырыла жол шетіне шықты.
– Әй, Қодар, – деді Ахат айылын жимай. – Әкіреңдемей бізді Дауылбайдың алдына алып бар. Орыс ұлықты да көрейік. Оған да арыз айтайық.
– Ұлықшылын. Ұлықта нең бар?
– Неміз жоқ ұлықта?! Дауылбай арыстай азаматымызды ұрып өлтірткізіп отыр. Іздеусіз-сұраусыз сорлы емес, құнымыз бар.
Қара айғыр ауыздықпен алыса-алыса аузынан көбігі бұрқырады. Ауыздықпен алыспайын десе үстіңдегі адам қамшылап тұр. Қамшылап алады да, тағы тізгінді тартады. Қамшы салған соң аттың басын қоя берсе болмай ма? Тізгінді шірене тартады екенсің, қамшылап нең бар? Ат байғұста тіл болса айтар еді, тіл жоқ. Тек ақиланып, көзі шарасынан шытынап шығып, ауыздық жырған езуі ырсиып, ақ көбік шашырайды.
– Іздейтін-сұрайтын сонда сендерсіңдер ме? – деді Сақан кекесін күлкімен. – Миды ашытпай қайт түге! Өлген адам – өлді! Оны Дауылбай ұрып өлтірген жоқ. Болысқа жала жапқаның үшін алдымен өзің бәлеге қаласың. Итжеккен кетейін деп жүрмесең аузыңды жап, аулыңа қайт!
– Ой, Қодар ит, – деп бағанадан бері үндемей тұрған Рысқұл сөзге араласты. Астындағы алды биік, жалы сұйық, сидаң торы атты жай тебініп Сақанға таяп келді. – Ахат сенің ағаң болад. Неге ат үстінде тұрып ақиланасың, көргенсіз. Мына қаралы ауыл тұр алдында. Надан болмасаң, аруақ атқыр болмасаң, көңіл айтпаймысың!
Сақан қанша палуан болса да Рысқұл аңшыдан сескенеді. Қазір не айтарын білмей тұқшиып қалды. Бірақ бетбақтыққа салып, омыраумен алмақ болып, барылдай жөнелді:
– Өлсе – құдайдың ісі. Ажалы жетсе – ешкім де қалмайды. Мен ештеңе білмеймін. Болыс қайтсын деп жатыр. Қайтсын деген соң қайтыңдар! – Сақан аузынан түкірігі шашырап, өлер ме күйге түсті.