Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
– Ә, ендеше тыңда. Мына мені осы камераға әкеліп тыққаннан кейін бір аптадан соң үш атжалман әкеліп қоя берді. Үшеуін де әбден ашықтырып, жалаңдатып қойған екен, арамдар. Есінде болсын, тамыр, дүниеде аш атжалманнан аш қасқыр әлдеқайда артық. Талап жей бастаған кезде шыбын жанын шырылдап, кірерге тесік таппай сорлайсың. Ұстайын десем ұстатпайды. Ұрайын десем – таяқ жоқ. Екі қол, екі аяғыңды қашанға дейін ербеңдетесің? Бірақ мен құлығымды асырдым, атасына нәлет. Өтірік өлген болып, тырп етпей қалам. Сол кезде атжалман, атаңа нәлет, аяғыңды қамсыз қарпи бастайды. Шап беріп ұстап аламын, қолымды талап, қанын судай ағызады. Бір мыжып қалсам – жаны шиқ деп шығад та кетеді. Әне, тамыр, сондай да болған. Құдай басыңа салмай-ақ қойсын. Күндіз көрсетемін, тамыр, атжалман салған тыртықтарды.
– Да, хуже не придумаешь, – деді Бронников Тұрардың аудармасынан кейін – Ал, Тұрар, сен азамат екенсің. Орысшаны қайдан үйреніп жүрсің?
– Осы түрмеде. Приходько мырзаның балаларынан, тұтқындардан, надзирательдерден.
– Кітап оқып, жазу жаза аласың ба?
– Аздап. Приходько мырзаның Наташа деген қызы көмектеседі. Ал Аркаша деген ұлы менімен қас.
– Қалай болушы еді? Сөйлегендерін есітемін той. Айталық, күндіз өзіңіз көрген надзирательдің сөзін қалай ұмытарсың...
– А, күндізгі ме? Е, ол бейшара ғой. Сен білесің бе? Оның өзі де тұтқын. Бірақ надзиратель етіп қойған. Егер қызметін неғұрлым қатал жүргізсе, соғұрлым оның еңбегі бағаланып, жаза мерзімі қысқарады. Түрмеден ерте босатылады. Ал, кейбіреулері бостандық алғаннан кейін де өз еріктерімен түрме қызметінде қала береді. Күндізгі екеуміздің досымыз дәл сондай сорлы. Жә, оны қоялық... Сенің оқуыңды қалай етсек екен? Сен көп нәрсе білуге тиіссің, бауырым. Сен білуге тиіссің. Ұқтың ба? Көп, көп білуің керек сенің!
* * *
Бұл жолы есіктің өзі емес, адамның басы сияр-симас кеспегі ашылды. Тұтқынға тамақ беру үшін әдейі істеп қойған.
– Мә, мына атауыңды ал! – деген зекіме дауыс естілді. – Балаң екеуіңе. Ал анау мейманға бүгін кешкі ас берілмесін деген бұйрық бар. Құрметті қонағың ғой, Рысқұл, мүмкін өз сыбағаңды берерсің оған. Хи-хи!
Надзиратель қиқылдап күліп, сірә, тауып айттым-ау деген болар, өз сөзіне мәз болып кете барды. Жұдырықтай қара нан мен бір ожау сылдыр сорпа екен. Наны желім сияқты, сірә, қара бидайдың ұнына бұршақ, арпа ұнын араластырған-ау, әйтеуір құдай кесір қылмасын, сүйкімсіз-ақ. Ішіне күшәла орап итке тастайтын қамыр сияқты.
– Кел, тамыр, – Рысқұл қараңғыда түртінектеп, котелокты ортаға қойып. Былжыр қара нанды үшке бөліп, алдымен Бронниковке ұсынды.
– Жоқ, рақмет, – деп Бронников бас тартты.
Рысқұл оның алақанын зорлағандай мытып ашып, нанды ұстата салды.
– Мә, Тұрар, – деді қараңғыда баласынын қолын сипалап іздеп.
– Мен жемеймін, көке, әлгінде мырзаның кухнясында тамақтанғанмын. Аспазшысы жақсы кісі. Өзің жеші, көке.
– Сен сыпайылықты неғыласың. Жұтқан – жұтамас, мә, жеп ал, қарнын ашады, – деп әкесі жік-жапар болды.
Тұрардың тоқ екені рас еді. Наташа екеуі бір сағаттай отырып, әліппені ежелеген соң, мырзаның қызы оны ас үйге ертіп барып, тамақ бергізген. Приходьконың басқа қызметкерлері өсек-аяң, құқаң-сұқаңмен шаруасы жоқ, тіршілігіне мығым баланы аяп, жақсы көріп кеткен. Бары болса бөлісіп, жандары қалмайтын.
– Рақмет сендерге, – деді Бронников біртүрлі тебіренгендей, толқынды үнмен. – Дәм-тұз үшін, қонақжайлылық үшін рақмет. Әлгі ақымақ та маған әдейі тамақ бермей, сендер менен асын қызғансын деп, әдейі сасық саясат істеп отыр. Олардың арам ойын ойрандағандарың үшін рақмет.
Қараңғыда сипалап, баланы тауып алды. Басын сипалады. Бронниковтың қимылын байқап, Рысқұл да қолымен баласын іздеді. Тұрардың басын сипалай беріп, Бронниковтың қолына қолы тиді. Бронников көкпаршының еменнің безіндей қатты қолын қысып-қысып қойды. Мұнысы өз ризалығын, дос пейілін танытқаны еді.