Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Камераның құлпы әдеттегіден ерте салдырлады. Тұрар кешірек келуші еді. Рысқұл әлденеден секем алғандай екі көзі есікке қадалды. Надзиратель Тұрардың орнына еңгезердей, ұзын бойлы біреуді мылтықтың дүмімен итеріп кіргізді.
– Сенің тілегенің осы болса – жеттің мұратыңа. Жат жабысып тас еденде! – Надзиратель темір есікті сақырлата құлыптап болып, көздей тесіктен сығалап бірауық қарап тұрды да кетіп қалды.
Рысқұл аң-таң. Оның түкке түсінбей тұрғанын сезген қонақ:
– Здравствуйте! – деп қолын ұсынды. Рысқұл палуандықпен аты шыққан-ақ азамат еді, мынаның күректей қолы Рысқұлдың қолын көміп кетті.
«Бұл әдейі сыр тартпақ үшін жіберіп отырған жансызы болды ғой, сірә».
Рысқұлды тергеуге жиі алып баратын. Сұрақты көзілдірік киген бір арық орыс алушы еді. Жіңішке ауруға ұшыраған адамдай ілмиген біреу. Сірә, көп өмір сүрмесіне көзі жеткен соң ашынып, ашуын тұтқындардан алғысы келе ме, сорлы, әйтеуір азапқа салатын. Сонда Рысқұлдан:
– Сенің серіктерің кім?
– Болысты өлтіруді саған кім тапсырды?
– Патшаға тіл тигізгенің рас па? – Тағысын тағылар. Ұдайы сұрайтыны сол. Рысқұлдың айтатыны ұдайы бір жауап. Ақыры тергеуші шыдай алмай жөтелге буынып өліп қала жаздап қиқылдайды да, айдауыл Рысқұлды камерасына әкеліп тығады. «Ешқандай амал таппаған соң мына жансызын жіберіп отыр енді».
Рысқұл шақырылмаған қонақтан бойын аулақ ұстады. Анау мұны әңгімеге шақырып, сөз тартып көріп еді, Рысқұл оның айтқан орысшасын түсінбеген болып, иығын қиқаң еткізді де, безеріп қалды.
– Менің атым – Александр, – деді ұзын бойлы, жирен сақал. – Александр Бронников. Бұрын жалпы камерада едік. Енді сен жалғызсырамасын деп осында жіберді. Ал сен болсаң қуанбайсың, бұл қалай?
– Білмейді, – деп күңк етті де, Рысқұл мойнын ішіне тығып, бешпетінің жағасымен бетін бүркеп, бүк түсіп жатып қалды. Тұрардың келуін күтіп, сақ жатты. Дәлізде тырс еткен дыбыс шықса, басын жерден жұлып алып тың тыңдады. Бірақ бүгін де Тұрар кешікті.
«Өзі арт айланбайтын зынданға мауыздай қылып мынаны қамағаны несі? Баламыз екеумізге жетпейтін жердің бұл қай жағына жатады? Онсыз да тынысы тар. Есік ашылғанша қайранда қалған балық құсап аузымызды ашып, алқынып шығамыз. Енді тым келістік қой. Қанша күнге жіберілген қу бұл? О, көкірегін құрт жеген залым көксау!»
Темір төсектің тақтайлары ойнақшып, құлай беретін болған соң, Рысқұл сол екі тақтайды тас еденге төсеп, соның үстінде отыратын. Тақтайсыз койка құр босқа орын алып тұрады. Бронников әуелі соның темір жақтауына шоқиып қана отырды. Салмақ салуға сескенді, қисаң ете түсе ме деп ойлады. Онсыз да шабақтары майысып, қалт-құлт етіп тұрған неме екен.
Жалғыз терезе – шел басқан көздей, мұнарта берді. Күн батып, көз байланған кез шығар. Терезе сыртынан ары-бері айналшықтап жүрген надзирательдің етігінің елесі құсап бір көлеңке қараң-құраң етеді.
Бронников мына құдық сияқты тас қуысты көріп, бұрынғы жатқан жерім мұның қасында кең сарай екен той деп қалды. Демек, – деді ол, – мына жатқан қазақтың жазасы біздікінен де ауыр болғаны ма?
– Ей, дос, – деді ол дауысын жұмсағырақ шығаруға тырысып, – не үшін жатырсың?
Рысқұл үндемеді.
– Не үшін қамалдың деймін?
Рысқұл бұған бұрылып қарап еді, екі көзінен екі қанжар атылып шығатындай сұп-суық екен. Бронниковке жеп жіберердей, кірпік қақпай бір сәт қарап тұрды да, қайтадан бүк түсіп, жатып қалды.
Енді Бронников сасайын деді. «Алда иттер-ай, түрменің бастықтары мені жазалағандағы түрі-ау. Надзирательмен егес үшін. Мына жатқан бір баскесер шығар. Мені мертіктіру үшін осының үстіне әдейі әкеліп тықты-ау. Төбелессе, оңай беріле қоймаспын. Бірақ ұйықтап кетсем – қастандық жасар да. Сақ бол, Александр».
Бронников отырудың ыңғайын таппай, тар қуырда тікесінен тік тұрды да қалды.
«Намаздыгердің көлеңкесі құсаған неме екен, – деді Рысқұл ішінен. – Тірсегінен ұрып құлатар ма еді. Төбеден төнгені несі?»