Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

Сақан палуан бір сәтте Алсай екені есіне түсіп, күміс ер бүкіл Алсайдың киелі әулиесіндей екенін ойлап қалды. Шабарманының қобалжулы көңілін танып қойып, Дауылбай:

– Неғып тұрсың?! – деді. Дауысы мылтық атылғандай келте, әм шымыр шықты. Палуанның зор денесі селк етті. Ләм демей, кілт бұрылып жүре берді. Өзімен салыстырғанда торғайдай ғана адамның айқайына селк ете қалғанына қорланып келеді.

«Кәпірдің басы шақшадай, – деді өзімен-өзі сөйлесіп. – Мына қолмен бір мыжып жіберсем, миы бырт ете қалар еді».

Жұдырығын түйіп, тобылғы қамшының жұмыр басын қысып-қысып қалды. Қанша күшті болса да, қайта саусақтарын ауыртып алды. Тобылғы – Дауылбайдың басы емес.

Дауылбайдан күшті бола тұра, оған неге бағынышты екенін де ойлады Сақан палуан. «Кәпірдің көзі жаман, – деді өзіне өзі жауап қатып. – Жабайы мысықтың көзіндей. Бет қаратпайды». Ойы одан артыққа бара алмады. Бұлай қарасаң бұл мықты. Дауылбай әлсіз. Ал бұлай қарасаң Дауылбай мықты, бұл әлсіз. Түсініксіз дүние. Жұмбағы көп. Бұл дүниеде жұмбақ шешкіштер ғана олжалы. Дауылбай сондай болар.

* * *

Сақан палуан астын-үстін сөйлейтін, ардың-гүрдің әпербақандау қу әдетін бұл жолы да жасады.

– Күміс ер сені мен менің не теңім. Енді бізден Әлімбек батыр шығады деп отырсың ба, қасарысқанда. Онан да бер де құтыл, – дейді баяғы тобылғы сапты қамшымен бөстекті салып-салып қалып.

Бердіқұлдан басқа біреу болса, ашуға булығып, өкпесі аузына тығылып алқынар еді. Мынау мырс етті де қойды. Басынан тері телпегін алып, ұстарамен сыпырылған көгеріс шашын сипады. Жазық маңдайы жиырылып, қатпар-қатпар, қараөзектей сызаттар пайда болды.

Кеш болып бара жатқан кез еді. Күн Саз-Төбеден әрі аунап түскенде, шығыстағы Құланның үстін өрт шалып қара шоқылар балқып бара жатқандай көрінді. Ілезде табы басылып, әлгі шоқылар қайтадан қарауытып, состиып-состиып тұрысты.

Алсай ауылының жерошақтарынан от жылтылдады. Көгенде бұршағына буынған лақ бақырды. Қарақойын бойынан шымшық қорыған балалардың түңкелері қаңғырлап, «по-полаған» дауыстары іргеден шыққандай естіліп тұрды.

Жыртық күркенің алдында, далада бөстек үстінде отырған Бердіқұл мына әдемі кештің сан құбылма дауысын құлағы қалт жібермей, үн қатпай қалғып кеткен сияқты еді. Мамырлықты Сақан палуан бұзды.

– Ей, Бердіқұл, елемей отырсың ба? Ер қайда? – деді.

Бердіқұл тағы да мырс етті. Қысқа мұртын ширатпақ болды.

– Сақа, болмайды ғой, – деді.

Сақан палуан қарақұрт шаққандай шаңқ ете қалды.

– Не! Неге болмайд?! – Қамшымен бөстектің шетін тағы бір салып қалып еді, шаңы бұрқ етті. Ошақ басында тезек қалап отырған Бердіқұлдың келіншегі Қатшагүл де қамшы дәл өз жон-арқасын осып өткендей, орнынан ыршып түсті. Тек ошақтағы от қана жел шалықтағандай болмай, ештеңеден сескенбей, маздап, түн түскен сайын түсі нұрланып, лала қызыл тастай құлпыра берді.

– Ағайын деп сен ынжыққа ақылымды айтып отырсам, – деді Сақа палуан.

Осындай мамыр кеш пен барқыраған басбұзар дауыс үйлеспейді-ақ. Кешкі тымық дүние тағы еліктей елеңдеп, үркектеп тұр. Сақан палуан тағы бір айқайласа тұра кеп түріле қашатындай мына түн.

– Қара басып, Қарақойыннан қуылайын деп отырсың ғой, өңшең шірік. Әлімбек бабамнан садаға кеткір, түге! Дауылбай жыны келсе, Қарақойыннан айдап шығады, сонда не мұратқа жетесің, кімнің артына барып кіресің?! Ат мініп тойға барып, сән түзеп жатқан сен жоқ, неғыласың сол ер-тоқымды жаман жүгіне қоса жиып қойып?!

Қараңғылықтың арасына, су түбінен суырылып шыққандай сүйретіліп біреу келе жатты. Үюлі тезектің жанына иығындағы кетпенді сылқ тастай салып, шаң-шұң дауыс шыққан жерге жақындап барып:

– Ассалаумағаликум? Бұл қайсың барқырап отырған? – деді тікесінен тік тұрып. Кім екенін біле тұра әдейі сұрағандай.

Сақан палуан қопарыла бұрылып қарап:

– Әй, сен қашаннан бері мені танымай қап ең, Рысқұл! – деді.

– Танымадық, – деді Рысқұл саспай.

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий