Knigionline.co » Казахские книги » Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза

Книга «Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап» полная версия читать онлайн бесплатно и без регистрации

Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»

Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги

– Жеті күн жауған жаңбырдан желдіріп еткен су жақсы деген. – Ахат Рысқұлдың аптығын баса сөйледі. – Суармай болмайды. Сонда астығың – астық, әйтпесе – аштық. Осы екі-үш күннен қалмай, қырғи келгенше су салу керек.

– Суарсақ-суарамыз. Көрмей жүрген құқайымыз ба? Азар болса, тағы да жаға жыртысармыз. Өткен жолғы суда да жұлқысқанбыз. Әй, осы тары деген бәленің қайдан шыққанын қайдам. Құдай мал бермеген соң жер еміп қазақ жарыған емес. Жерге телміру Сайрамдағы сарттарға жарасады. Бізге не жоқ осы. Қолыма білте мылтық алып, таудан киік ауласам, осы бір ауылды асырар едім. Су-су деп қырқысады да жатады. – Рысқұл шыдамай орнынан тұрып кеткенде мүлгіп тұрған майшам тағы да шалқыды.

Рысқұлдың алпамса көлеңкесі үйдің жарты қанатын алып кетті. Босаға жақтан керегенің басына ілген үрген қарын қалбаңдады. Қаракөбең арасынан ауылдас ағайынның жалаң бұт балаларының борбайлары көрінеді. Қуырған жүгеріні көйлегінің етегіне салып алып қытырлатып жеп отыр.

– Мына байғұстар қызыл көрмегелі қашан. Қап, ертең тауға кетіп бір киік құлатып келмесем...

– Ертең тары суару керек, киігіңді қоя тұр, қарақ, – деді Ахат, – әлді-әлді жігіттер жүрмесе, әлгі дойыр неме кесір болады. Кіжініп кетті ғой. Жә, оның бір жөні болар. Кәне, домбыра қайда?

Қатшагүл ұшып барып ескі кебеженің артында тұрған қалақша қара домбыраны алып берді. Домбыра әуелі ұшатын дуадақтай ебедейсіз армандап алды да, бір сыдырғы шертпе жортаққа көшті. Ахат тамағын кенеп, бірер рет жөткірініп қойды. Шапанын иығына тартыңқырап жапты. Жүгері қытырлатып отырған балалар да тына қалды.

– Дүние бір қисық жол бұраңдаған,

Бақ тайса ерге дәулет құралмаған.

Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең, әлу-ай!

Сонда да күдер үзбе бір Алладан.

Дүние дастан

Әуелі-ақ бастан

Ақылды дұшпан жақсы

Ақымақ достан, әлу-ай!

– Ой, сорлы-ай, рас қой, –деді Рысқұл орнына қайтадан келіп отырып.

Жапалақ жалпылдайды жар басында,

Немене жоқтың күні бар қасында.

Дос болып қас болғаннан сақта, құдай

Қасқыр да қастық қылмас жолдасына, әлу-ай!

Қоңыр қаз, үйрек,

Қанатын сүйреп,

Бұл жалған өтер-кетер

Өй-деп, бүй-деп, әлу-ай!..

– Әй, айналайын, көкем-ай, мынауың әлгі иттің өзі ғой! Дауылбайдың қолшоқпары. – Рысқұл айызы қанып, әнді рахаттана тыңдады. – Мынауың бұрынғы айтқандарыңнан басқа ғой.

Ахат асықпай қоңыр дауыспен, баппен айтып отыр. Шертпектің үні оған қосылып о да адамша аңырайды.

Жабыны жауға мінбе жалды екен деп

Жаманмен жолдас болма малды екен деп, әлу-ай.

Баласын Қазанаттың бақпай қойма

Жем түсіп аяғынан қалды екен деп, әлу-ай!

Әшіркүл, Зейнеп.

Отырмын сөйлеп.

Бұл дәурен өтер-кетер

Өй-деп, бүй-деп, әлу-ай!..

Бұл әнге Дәу-Бабадан аса соққан Алатаудың кешкі самалы қосылды. Әркім-ақ Қазанаттың кім екенін жобалап отыр. Ол кешегі өткен Әлімбек батыр. Жағасын жауға жырттырмаған, қанша сұрапыл соқса да басы жерге иілмеген зау бәйтерек. Бірақ сонда аяғына жем түскен кім? Не деп отыр мына Ахат?

– Жем түскенді көрсетермін әлі мен оларға! – деп Рысқұл есік жаққа қарады. – Құдай Дауылбайға алақанымды жайдырмай-ақ қойсын. Қазанаттың баласын Дауылбай бақпай-ақ қойсын. Дауылбайды қойшы, ол Алсай емес қой. Құдай ұрғанда өз жақынымызды ұрды ғой. Сақанды айтам. Қасқыр да өз ұяласына қастық қылмайды екен. Ал мұныкы не? Сыртта Қатшагүл қазанның түбін қырып, жуындысын итке құйып жүр. Төбеден, аспан түндігіне тағып тастаған асыл тастай жылтырап жұлдыздар көріне бастаған. Дәу-Бабаның төбесінен бір жұлдыз аққан бойда ағып отырып күншығыс-терістіктегі Құланның үстіне барып құлады. Қатшагүл:

– Бісміллә, бісміллә, – деді.

Көрші үйден көк төбет ұлыды, жұлдыз аққанда ит ұлитыны несі екен?

IX

Перейти
Наш сайт автоматически запоминает страницу, где вы остановились, вы можете продолжить чтение в любой момент
Оставить комментарий