Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза
-
Название:Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап
-
Автор:
-
Жанр:
-
Язык:Казахский
-
Страниц:124
-
Рейтинг:
-
Ваша оценка:
Второй книгой романа Шерхана Муртазы романа «Красная стрела» о Тураре Рыскулове является книга с лозунгом «Будь тюркоязычным, будь целым!»
Красная стрела. Первая книга / Қызыл жебе. Бірінші кітап - Шерхан Муртаза / Шерхан Мұртаза читать онлайн бесплатно полную версию книги
Сарт-сұрт етіп есік ашылды. Надзиратель ішке баланы кіргізді де, фонарьдың өлегізген сәулесімен камераның түкпір-түкпірін тінткілеп шықты. Ортада состиысып тұрған екі тұтқынды көріп, көңілі толғандай, бір жөткірініп қойып, есікті қайта құлыптады.
«Бұл қалай?» – дегендей – бала босағада тұрып қалды. Әкесінің қасындағы қаба сақалды фонарьдың болымсыз жарығынан шырамытқандай ғана болды. «Шыннан сол ма? Маған араша түскен адам ба?».
Бронников баланың жүзін жыға танымаса да, күндізгі батырының дәл өзі екенін бірден білді. Қуанғаннан дауыстап, орысшалап:
– Это ты?! – деді.
– яИә, мен, – Тұрар да орысша жауап қатып. – Мұнда қалай келіп қалдыңыз? Ә, түсінікті, түсінікті. Айтпай-ақ қойыңыз. Маған бола басыңызға бәле тілеп алдыңыз ғой. Кінәлімін мен.
«Түк түсінсем бұйырмасын»,– деп Рысқұл тұр.
– Оу, мұның кім, Тұрар? Нағашың келгендей шүйіркелесе кеттің.
– Бұл жақсы адам, көке, – деп Тұрар күндізгі болған жағдайды бастан-аяқ айтып шықты.
– Қайдан білейін, маған әдейі жіберген жансызы ма деп қалдым. Мың да бір рақмет, тамыр, – деп Рысқұл қараңғыда Бронниковтың қолын сипалап тауып алып, қатты қысты. – Бұл орыстардың ішінде де небір азаматтары бар-ау, шіркін! Қарашы, қорықпай надзирательдің өзіне қарсы шығуын.
Енді Рысқұл жаңа «тамырына» тақтайдан орын берді. Тікесінен тік тұрып, аяғы талған Бронников, сірә бір төрт қабаттап салған төсеніштің үстіне отырғандай, рахаттанып жайғаса берді де:
– Хорошо, – деді.
– Тапқан екенсің, қарошоны, – деп күлді Рысқұл. Орыстың «хорошосын» ол түсінуші еді. – «Қара тас ұйқың келсе болар мамық», – деген осы, тамыр, шыда!
– Что он говорит?–деп сұрады Бронников Тұрардан. Тұрар түсіндіріп берді.
– Әкең шынында да батыр екен, – деді Бронников. – Сен күндіз надзиратель айтқандай, бандиттің баласы емес, батырдың баласы екенсің.
– Не дейді! – деді Рысқұл.
Тұрар қазақшалады.
«Мен сияқты саяси тұтқынға, «Қанды жексенбінің» сойқанын көрген адамға жігер беріп тұрған бұл, сірә, оңай қазақ емес шығар».
– Кәне, таныс болайық: менің атым Александр Бронников. Сенің ше? – деді қаба сақал Тұрарға қарап.
Менің атым – Тұрар. Әкемнің аты – Рысқұл. Күндіз айттым ғой.
– Рыс-кул, – деп буынға бөліп созып айтты Бронников. – Рысқұл. Ал мұнда қандай жағдаймен келіп қалдыңдар?
– Не дейді? – деді Рысқұл.
– Мұнда не үшін отырсыңдар дейді.
– Е, ол ұзақ хикая де, – деп Рысқұл қисая кетті.
– Е, ол ұзақ әңгіме, – деді Тұрар Бронниковке.
– Түсінікті, – деп Александр баланың иығын сипалап тауып алып, арқасынан қағып-қағып қойды. – Уақыт көп, құдайға шүкір жата-жастанып асықпай тыңдап алармын. Ал енді мына қандаланы қайттік? Мені буып бара жатыр. Сірә, жатырқағаны ма? Сендерге тимейді-ау деймін өздері?
– Не дейді? – деді Рысқұл.
– Әшейін қандаланы айтады. Буып бара жатыр дейді.
– Сорлының қаны тәтті шығар, – деп Рысқұл мырс етті. – Таланып көрмеген екен әлі. Айт оған таланғанның көкесі қандай болатынын. Әй, тамыр...
Рысқұл Бронниковтың тізесіне қолын салды. «Өзінің аяғы да бураның саныңдай екен-ау»,– деді ішінен.
– Әй, тамыр! Сен қандалаға өкпелеме. Қандала деген не ол! Атжалманды айт. Атжалманға талатқан жоқ па сені?
– Что он говорит?
Тұрар орысшалап берді.
– Нет-нет! – деп тұла бойы тітіркенгендей болды Бронниковтың.